ВВС

Мысырда Газаға қатысты бейбіт декларацияға қол қойылды

14.10.2025 06:33

Мысырдың Шарм-эш-Шейх қаласында АҚШ, Мысыр, Катар және Түркия басшылары Газа секторында атысты тоқтату туралы декларацияға қол қойды. Құжат Дональд Трамп ұсынған 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспар негізінде әзірленген. Саммит барысында Трамп бұл оқиғаны «Таяу Шығыста бейбіт дәуірдің басталуы» деп атап, үш мың жылдық қақтығыстардан кейін тарихи келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Саммит күні маңызды символдық шешім қабылданды. Израильге екі жылдан астам уақыт тұтқында болған барлық тірі адамдар қайтарылып, Палестина аумағына екі мыңға жуық тұтқын босатылды. Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси бұл келісімді «адамзат тарихындағы ауыр бетті жапқан, жаңа бейбіт кезеңнің бастауы» деп атады. Ол палестиналықтардың тәуелсіз мемлекетте, Израильмен қатар бейбіт өмір сүруге құқығы бар екенін айтты.

Айта кетерлігі, саммитке қақтығысушы тараптардың - Израиль мен ХАМАС-тың өкілдері қатысқан жоқ. Израиль премьері Биньямин Нетаньяху діни мерекеге байланысты келуден бас тартқан, ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған оның қатысуына қарсы болғаны хабарланды. Кездесуге АҚШ пен Мысырдан бөлек, Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың 30-дан астам елінің басшылары қатысты.

Декларацияның алғашқы кезеңі нақты орындала бастады. ХАМАС ұйымы 20 тірі тұтқынды босатып, Израильге қаза тапқан төрт адамның денесін қайтарды. Бұл қадам АҚШ сипаттағандай, бейбіт келісімнің бірінші фазасы болып саналады. Алдағы кезеңде қауіпсіздік пен Газа секторын басқаруға қатысты жаңа тетіктер қарастырылмақ.

Дональд Трамп саммиттен кейін сөйлеген сөзінде бұл келісімнің тарихи маңызын ерекше атап өтті. Ол Израильдің екі жылдық соғыста мүмкін болған барша жетістікке жеткенін және енді тараптардың бейбіт жолмен өз мақсаттарына қол жеткізуге тиіс екенін айтты. Трамптың айтуынша, екінші кезең - Газа аумағында тұрақтылық орнату және басқару жүйесін қалыптастыру жұмыстары - «қазірдің өзінде басталған».

Дегенмен, Газа секторындағы билік құрылымы мен ХАМАС-тың рөлі, сондай-ақ Израиль әскерінің толықтай шығу мерзімі әзірге белгісіз. Египет алдағы күндері АҚШ және басқа серіктес елдермен бірге Газа қалпына келтіру конференциясын өткізетінін хабарлады. Сарапшылар бұл келісімнің тарихи мәнін мойындай отырып, оның орындалу тетіктері мен тұрақтылығына қатысты сұрақтар көп екенін айтады.