Мырзағали Айтжановты бас бапкерліктен алып тастау керек – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы
Бокстан еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Өмірзақов отандық былғары қолғап шеберлерінің Азиададағы сәтсіздігінің себебін түсіндірді. Бұл туралы sportarena.kz басылымына берген сұхбатында айтты, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.
- Жұмабек Шермұхамбетұлы, әңгімемізді ең маңызды сауалдан бастауға рұқсат етіңіз: талай жыл әлемдегі көшбасшылардың бірі болып келген Қазақстан боксына не болды? Боксшыларымыз қатарынан екінші Азиададан алтынсыз оралды...
- Ұлттық құраманы сауатсыз жаттықтырушылар басқарса, басқа қандай нәтиже болуы мүмкін?! Олар тіпті оқу-жаттығу жиындарын қалай дұрыс ұйымдастыру керек, спортшыларды жарыстарға қалай дұрыс дайындау керек деген секілді қарапайым дүниелерді де білмейді. Тек «лапа» ұстағанға мәз. Оларды кеш болмай тұрғанда сыпырғышпен қуу керек! Солардың кесірінен біздің бокс құлдырап жатыр.
- Тым қатты айттым деп ойламайсыз ба?
- Өзімнің не айтып тұрғанымды білемін. Олардың командамен қалай жұмыс істейтінін өз көзіммен көрдім. Бұл өте күлкілі жағдай! Олар еліміздің үздік балаларын жоғары спорттық шеберлік деңгейіне мүлдем сәйкес келмейтін бағдарлама бойынша дайындайды. Олимпиада ойындары немесе әлем чемпионаттарына баратын емес, ортаңқол боксшылар секілді. Бұл туралы өздеріне де бірнеше рет айттым, бірақ олар маған ақылынан адасқан ақымақ тәрізді санайды. Тиісінше құлақ аспайды. Олар өздерін патша санайды, бірақ солардың білімінің барына да күмәнім көп.
- Яғни жаттықтырушы ретінде еш жерде оқымаған дейсіз ғой?
- Оқыса оқыған да шығар, өкінішке қарай, біздің кафедралар болашақ күзетшілерді даярлаумен ғана айналысады. Сапалы білім деген атымен жоқ. КСРО кезінде бәрі басқаша болатын. Ол кезде жаттықтырушылар мықты мамандардың жетекшілігімен үнемі біліктілікті арттыру курстарынан өтетін. Сабақтар төрт пән бойынша өтті: психология, педагогика, физиология, биохимия. Бұл төрт ғылымды әрқайсымыз білуіміз керек еді. Ал қазір не?! Сауатсыз адамдар ұлттық құраманы басқаруға ұмтылады, әйтеуір біреулер арқылы кіріп алған, сөйтеді де үнін шығармай жұмыс істейді, өйткені басшылықта отырғандар да дәл сондай адамдар. Тиісінше ешкім ешкімге талап қоймайды.
- Мырзағали Айтжанов Қазақстанның ерлер құрамасын алдағы Париж Олимпиадасына дайындамауы керек деп санайсыз ба?
- Жоқ, оны алып тастау керек.
- Орнын кім басады сонда?
- Өкінішке қарай, бізде сауатты жаттықтырушылар өте аз. Бірақ олар әлі де бар. Мысалы, бас бапкер болған Ғалымбек Кенжебаевты қызметке қайтарар едім. Бұл қарағандылық маман 2018 жылы Айтжановтың орнына келгенде, оның жолына тұсау қойғандар табылды. Жеке штаб құруға рұқсат берілген жоқ. Мырзағали көмекшілерін беріп еді, ал олар жұмыс істеген жоқ. Кенжебаев – өте мықты бапкер, заманауи, үздіктердің бірі. Қазақстандағы ең үздік деп те айтуға болатын шығар. Кейін Қайрат Сәтжанов тағайындалды. Жағдай қайталанды. У-шу, қысым басталды.
- Қазақстан бокс федерациясының басшылығында Айтжановты ғана қолдайтын, соның ғана тізгінді ұстайтынын қалайтын адамдар бар дейсіз ғой?
- Олар бір ғана Мырзағалиді емес, бүкіл өңірді сүйреп жүр. Ұлттық құрамада Шымкенттің көш бастап жүргеніне неше жыл болды?! Жергілікті жаттықтырушылардың сауаттылық деңгейі өте төмен екенін білемін. Нұрғали Сафиуллиннің ғана білімі бар.
- Ендеше мұның бәрін Кеңес Рақышев неге тоқтатпайды?
- Бұл сұрақтың жауабын білмеймін. Бір білерім: ҚФБ президентінің айналасында оның ақшасын, Туризм және спорт министрлігінен түсетін түсімдерді оңды-солды шашатын адамдар өте көп. Олар кімдер дейсіз бе? Түсініксіз. Бұл ақша қайда кетеді? Бұл да түсініксіз. Толық есеп алатын болсақ, есепсіз қаражат! Айтсын! Нені жасырады? Әлде қорқа ма? Рақышевке ешқандай реніш жоқ, болуы мүмкін де емес. Ол өз міндетін орындап жүр, қаражатты да береді, демеушілер де табады.
- Сіз қазақстандық боксшылардың Азиададағы сәтсіздігінің себебін түсіндірдіңіз. Дегенмен жігіттердің өздеріне қатысты да мәселе жоқ емес. Жанкүйерлер алтын медаль күткендердің өзі орта жолда болдырып қалды. Мысалы, әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 1/8 финалда КХДР-ның ешкім білмейтін боксшысы О Тай Бомнан ұтылып қалды. Бұған не дейсіз?
- Сабырханның жеңілісіне де жаттықтырушылар штабы кінәлі. Махмұд Азиадаға дейін біраз уақыт бұрын 57 келіде дайындалуы керек еді. Ал ол әлем чемпионатында 54 келіде жеңіске жетіп, сонан соң ғана жаңа салмаққа ауысты. Жаңа салмаққа ауысқан бойда жеңіске жету мүмкін емес. Бұған дейін Махмұдты маңызды турнирлерге апарып, сол жерде шыңдау керек еді. Ал Мырзағали Айтжанов не істеді? Еліміздегі кезекті бір турнирге қатыстырып, Сабырхан сол жерде бәрін жеңді де, әрі қарай Азиадаға аттанды. Ал мұндай ірі жарыстарда қателік кешірілмейді. Оны Ханчжоуға апарудың қажеті жоқ еді. Ол 57 келіде жоғары деңгейде бокстасуға дайын емес.
- Иә, қиын мәселе...
- Менің ойымша, белгілі бір боксшылардың ғана мүддесін қорғайтын адам ұлттық құрамада бас бапкер болмауы керек. Ол тек бір нәрсе үшін – команданың ортақ жетістігі үшін тер төгуі қажет. Ал жеке шәкіртіңіз барда, ол жеңіске жеткен жағдайда, қомақты қаражат алатыныңызды білесіз де, басқаларына аса мән бермей қоясыз. Мұндай адамдарға құрама тізгінін ұстатуға мүлде болмайды.
- Асланбек Шымбергенов пен жапон Севон Оказава арасындағы жекпе-жектен кейін біраз шу көтерілді. Қазақстандық жанкүйерлер мен шенеуніктер 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ту ұстаушымыздан жартылай финалдағы жеңісті тартып алды деді. Федерация тіпті ресми түрде наразылық та жолдады…
- Біздің жігітті «қысып тастады» дейді. Ондай ештеңе де болған жоқ. Боксшының өнерін бағалайтын үш критерий бар: соққы, тактика және техника. Шымбергеновтің соққысы бар, иә, бірақ оны пайдалану үшін ауаны сермеу аздық етеді, қарсыласты ұру керек. Егер сіз сәтсіздікке ұшырасаңыз, онда жеңіс туралы не айтуға болады?! Одан қалды соққысын жойқын деп айтуға келмейтін жапонның өзі Асланбекті тактикалық түрде таза жеңді. Бұл ойыммен келіспейтіндер жекпе-жекті баяулатып көрсін. Содан кейін төрешілердің жеңісті неге Оказаваға бергенін түсінеді. Шымбергенов қарсыласына бір де бір рет дәл соққы жасаған жоқ.
- Ауыр салмақтағы соңғы жекпе-жек нәтижесі де алдын ала белгілі болғандай. Қамшыбек Қоңқабаев өзбек Баходир Жалоловтан қатарынан төртінші рет жеңіліп қалды. Токио олимпиадасының жеңімпазына қазақ баласының тісі неге батпай-ақ қойды?
- Жалолов Қоңқабаевпен жекпе-жекте жолдастық спаррингке шыққандай әсер қалдырды. Ол көп күш те жұмсаған жоқ, ойнап жүріп жеңді. Шындап кіріссе, сұлатып салар ма еді. Қамшыбек Баходирге қарсылас емес.
- Карина Ибрагимованың (57 кг) тарихи жеңіске жетуге мүмкіндігі болды. Ол Азиада алтынын алған тұңғыш боксшы ару болар еді...
- Ибрагимова? Бұл әзіліңіз бе? Тәжік Мижгона Самадовамен болған жартылай финалда оны қалай сүйрегенін көрмедіңіз бе? Финалда Лин Ю Тинмен кездесуі үшін солай істеді. Яғни Қытайлық Тайбэй өкілі финалда еш қиналмасын деді.
- Қалған қыздарға не жетіспеді?
- Менің жауабым мынадай: дәл қазір әйелдер құрамасында Азиадада жеңіске лайық бір де бір боксшы жоқ. Команданың сиқы да анау.
- Өзіңіз екі дүркін әлем чемпионы атандырған Назым Қызайбай ше?
- Ол туралы ештеңе айтқым келмейді.
- Неге?
- Өйткені мен оны көптен бері жаттықтырмаймын.
- Араларыңызда қандай да бір жанжал болды ма?
- Ол мені 2017 жылдан бастап-ақ тыңдауды қойды, тістеніп шығатын болды. Қолынан іс келмейтін қарт деп санады, жеңілісіне мені кінәлады. Басқа жаттықтырушымен жұмыс істегісі келді. Әйтпесе шәкірттеріме «сендерге бәрін үйреткен бапкерден кетіп, басқасына барғаннан ештеңе ұтпайсыңдар» деп айтып отырамын. Сөзіме Назым дәлел. Бәріне өзі кінәлі.
- Азиада туралы әңгімені қорытындылай отырып, мына мәселені айтпай кетпеске болмас. Осымен қатарынан екінші рет Өзбекстан, Қытай, КХДР және Моңғолия сияқты елдер Қазақстанды жалпы командалық есепте басып озды. Сонда бұл елдерде әуесқой бокс бізден гөрі жақсырақ дамып жатыр ма?
- Әрине! Үнемі айтып жүрген Өзбекстанды алайық. Дайындығы мүлде бөлек. Себебі нақты құрылған жүйе бар, олар кеңестік жүйеден бас тартқан жоқ, одан қалды әрқашан біліктілігін арттырудан жалықпайтын, ойлай білетін жаттықтырушылар бар. Балалары біздің «жұлдыздар» секілді емес, бір орында тұрмайды, уақытпен қатар дамиды. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Мынадай бір факті келтірейін: Өзбекстанда ұлттық құрамаға іріктеуге 200-300 боксшы қатысады. Ойлап көріңізші! Біз мұндай көрсеткіштерді армандаумен ғана шектелеміз. Сөйтеміз де үшінші раундтан кейін боксшыларымыздың діңкесі неге құрып қалады деп таңғаламыз. Себебі олар қарапайым негіздерді білмейді. Олар мүлде дұрыс дайындалмайды.
- Өзбекстан туралы соз қозғадыңыз. Көпшілік Ташкенттегі әлем чемпионатының нәтижесін ауыз толтырып айтады. Құрама өкілдері төрт алтын медаль жеңіп алды. Бірақ белгілі себептерге байланысты бұл біріншілікке мықты елдер бойкот жариялады. Тиісінше біздің боксшылар өз мүмкіндіктерін толыққанды тексере алмаған секілді...
- Өте дұрыс! Халықаралық бокс қауымдастығының президенті Умар Кремлев «Газпромның» қаржысы есебінен өткізген әлем біріншілігіне жетекші 16 ел қатысқан жоқ. Ташкентке біздің жігіттер барғанда, шаршы алаң иелері сол алтынды тарата салған секілді. Үнемі өзбектерден жеңіле беретін бокшыларымыздың көңілін осылай аулаған тәрізді. Бұл чемпионатқа әрі кеткенде 30 ел қатысқан шығар.
Ал сол медальден не пайда? Білуімше, ХОК бұл әлемдік біріншілікті заңсыз деп санайды, өйткені ол рұқсатсыз өткізілді. Сонымен қатар АҚШ, Канада, Австралия, Ұлыбритания, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Бразилия, Аргентина, Германия, Гондурас және Швеция IВА құрамынан шығып, World Boxing деп аталатын жаңа ұйым құрды. Жағдай күрделеніп барады. Бір нәрсені нақты айта аламын: бұдан былай медальді сатып ала алмайсың.
- Осы жайтты ескере отырып, Ташкентке екінші құрамды жіберіп, көшбасшыларды тек Азиадаға дайындау керек емес пе еді?
- Сылтау керек болды. Ақша көп бөлінді. Ал алтын медаль – басты көрсеткіш. Бұл туралы айналаға жар салдық. Әуесқой боксты қалай дамытып жатқанымызды көріңіздер, бізде бәрі керемет дедік. Олар басшылық пен халықты осылай алдап қойды. Шын мәнінде, мұндай әлем біріншілігіне екінші құрамды жіберу керек еді.
- Енді екінші Олимпиадада сәтсіздікке ұшырамас үшін не істеуіміз керек?
- Дәл қазір Парижде жеңіске жетеді деп айтатын боксшы жоқ. Себебі балалар жоғары деңгейдегі жарыстарға дұрыс дайындалмайды.
- Жалпы, 2024 жылғы Олимпиада ойындарына болжамыңыз қандай?
- Болжамым көңіл көншітпейді.
- Неге?
- Өйткені қазір біздің спорт дағдарысты бастан кешіп жатыр. Азиадада басқа спорт түрлерінен де жарытып өнер көрсете алмадық қой.
- Бұған кім кінәлі?
- Елімізде спортты дамытуға жауапты адамдар кінәлі. «Балық басынан шіриді» деген сөз бекер емес. Мәселенің бәрі өзгере беретін басшылықта.
- Сонда олар нені дұрыс істемей жатыр?
- Олар қабілетсіз. Міне, солай. Жауапты қызметке үнемі спорттың иісі мұрнына бармайтын адамдар тағайындалады. Енді барға қанағат деп отырамыз. Олардың даму бағдарламасы да жоқ. Қаржыны жымқыру үшін келгендер ғой.
- Сонда үміт жоқ па?
- Мен 1996 жылы бүкіл жүйені өзгертуді ұсындым. Ол кезде Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Аманша Ақпаев, ал спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов болды. Нақты не істеу керектігін баяндап бердім. Олар келісуін келісті, бірақ кейіннен бұл райынан қайтты. Сол айтылғандар орындалғанда, бүгінгідей күйді бастан кешірмеуші едік.