Жаңалықтар

"Мыңдаған адам жолды жауып, жаппай ереуілге шықпақ". Мақсат Толықбай тұрғындардың уәжін жеткізді

"Мыңдаған адам жолды жауып, жаппай ереуілге шықпақ". Мақсат Толықбай тұрғындардың уәжін жеткізді
Фото: t.me/mazhilis_kz 31.05.2023 11:35 1854

Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғындары табиғи газға ең қымбат тариф бойынша төлеуге мәжбүр. Қалыптасқан күрделі әлеуметтік жағдай мен ауданның мыңдаған тұрғындарының шағымдарын Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат Мақсат Толықбайға тұрғындар шұғыл байланысқа шығып,  500-ге жуық тұрғын хабарласқан.

Кездесу үшін 2023 жылдың 26 мамырында осында келіп, тұрғындармен кездесу өткізіп, арыз-шағымдарын тыңдадым. Мәселенің ушығып кеткені соншалықты, бұл дау шешілмесе, екі аптадан кейін мыңдаған адам жолды жауып, жаппай ереуілге шығатындарын ескертіп отыр, - деп айтты депутат.

Наразылыққа Қарасай ауданындағы Шамалған, Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек секілді ондаған елдімекенді, сондай-ақ, «Арай» және «Дархан» саяжайларын газбен қамтып отырған «Сигма Газ» ЖШС-нің қожайындары бағаны қолдан көтеріп, газдың құнын 34,75 теңгеге өсіруі себеп болған. Ал, сол жердегі басқа компаниядан газ алатын, іргесіндегі Қаскелең қаласының тұрғындары газдың бір текше метріне 26-27 теңгеден төлеп отыр. Бұл өте үлкен айырмашылық.

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті 2023 жылдың қаңтар, ақпан айларында «Сигма Газ» ЖШС-нің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірнеше заңбұзушылық фактілерді анықтаған. Анықтап қана қоймай, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 164 және 167 баптарына сәйкес, «Сигма Газ» ЖШС-не қатысты 2 миллион теңге сомасына әкімшілік айыппұл салған.

Оның айтуынша, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің 2023 жылғы 10 наурыздағы бұйрығына сәйкес, газдың бағасын негізсіз көтерген аталған компания  шекті баға деңгейін әр текше метріне 34,75 теңгеден 28,94 теңгеге төмендетуге міндеттеп, артық төлемді тұтынушыларға қайтару туралы шешім шығарған болатын. Алайда, «Сигма Газ» ЖШС бұл шешімді әлі орындамады.

Сондай-ақ, тұрғындар «Сигма Газ» ЖШС құбырымен келетін көгілдір отынды үйге кіргізгені үшін тым көп ақша төлейтіндеріне наразы. Бір үйді газ құбырына қосу 450 мың теңгеден жоғары. Осы ретте, мәселені әлеуметтік шиеленіске жеткізбей, тез арада  қажетті шешім қабылдауларыңызды сұраймын, - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, бұған дейін депутат Мақсат Толықбай Қазақстандағы газдың ең қымбат тарифі Назарбаевтың ауылында, оны көтерген Нұрбол Назарбаев екенін айтып, мәлімдеген болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға