Мьянмада құлдықта болған азаматтар Қазақстанға жеткізілді
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«Жақында еліміздің екі азаматы Қазақстанға жетті. Жұма күні туыстары хабарласып, Мьянмадағы компаниядан қашып шыққандары туралы айтты. Біздің консул дереу Таиландтың шекарасына барып, Мьянмадағы шағын қалашықтың шетінен оларды алып кетті. Осы орайда оларға қауіпсіз жерге жасырынуға нұсқау бердік. Өйткені аталған компания өкілдері оларды іздейтін болса, бұл азаматтарды дереу тауып алатыны анық еді. Жергілікті тұрғындар да осы компанияға көмектесуі мүмкін еді», - Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, Қазақстан азаматтары Бангкокке жеткізілгеннен кейін, олардың құжаттары рәсімделген. Көші-қон заңнамасын бұзу деректеріне қатысты айыппұлдары төленді.
«Сонымен қатар, оларға Қатар арқылы әуе көлігімен ұшып келу үшін билет сатып алынып, кейін Алматыға жеткізілді», - деді ресми өкіл.