Музыкамен шұғылдану балалардың оқу дағдыларын жақсартады
Музыкаға үйрену кішкентай балалардың оқу қабілетін арттырып, сөздерді құрайтын дыбыстарды (фонемаларды) тану мен оларды ойша ажырата білу дағдыларын дамытады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ғалымдар бұрыннан музыкалық аспапта ойнау ерте жастағы оқу қабілетін де, математикалық дағдыларды да жақсартатынын білсе де, оның нақты механизмі түсініксіз болып келген. Себебі аспапта ойнау көптеген түрлі қабілеттерді қатар қолдануды қажет етеді.
Мәселе тек ноталарды оқуда емес. Бұл — жаңа әліпбиді, яғни музыкалық нотацияны меңгерумен тең. Сонымен бірге дыбысты мұқият тыңдап, қолдың қимылдарын көру арқылы үйлестіру қажет, — дейді Шотландиядағы Абердин университетінің нейропсихологы Мария Гарсия-де-Сория.
Ғалымның айтуынша, музыкамен айналысу жалпы когнитивтік қабілеттерді дамытып, есте сақтау қабілетін нығайтады әрі есту қабылдауын жетілдіреді. Мұның кез келгені оқу машықтарына оң әсер етуі мүмкін.
Зерттеуге 5 пен 9 жас аралығындағы 57 бала қатысты, олардың жыныстық құрамы шамамен тең болды. Қатысушылардың жартысына жуығы кем дегенде бір ай бойы музыкалық аспапта ойнауды үйреніп, аптасына 30 минуттан кем емес уақытын жаттығуға арнаған. Қалғандары музыкаға қатысы жоқ қосымша сабақтарға қатысқан.
Нәтижесінде музыкалық білім алған балалар фонологиялық сауаттылық тестілерінде өзгелерден озық шықты. Фонологиялық сауаттылық — сөздерді құрайтын дыбыстарды (фонемаларды) тану және олармен ойша әрекет ете білу қабілеті. Мысалы, «мысық» сөзін құрайтын дыбыстарды ажырату. Сондай-ақ бұл балалардың оқу дағдылары да жақсырақ болғаны байқалды.
Талдау барысында әлеуметтік-экономикалық жағдай мен жалпы когнитивтік қабілеттер сияқты сауаттылыққа әсер ететін факторлар ескерілді. Бұл нәтиже музыкалық аспапқа бейім балалардың бастапқыдан-ақ оқуға қабілетті болуына ғана байланысты емес екенін көрсетеді.
Эксперименттің тағы бір бөлігінде балаларға «Бауырсақтың» америкалық нұсқасын тыңдатқан кезде олардың ми белсенділігі электроэнцефалография арқылы өлшенді. Нәтижесінде миының сол жақ жарты шарындағы тіл орталықтарында белсенділігі жоғары балалардың оқу нәтижелері де жақсы болғаны анықталды. Ал бұл белсенділік төмендеу балалардың өзінде музыкалық топтағы қатысушылардың оқу көрсеткіштері жоғары болды. Ғалымдар мұны олардың тілдік ақпаратты өңдеуі анағұрлым дамыған, ересектерге тән деңгейге жақын екенімен түсіндіреді.

