Жаңалықтар

Музыкалық тұсаукесерлер кеші

Елордадағы концерттер
23.06.2016 09:07 3303

Кеше елордалық театрдың камералық залында заманауи отандық авторлардың музыкалық шығармаларының тұсаукесер кеші өтті.

Музыкалық тұсаукесерлер кеші

Концерт Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Заманауи композиторлар» циклы аясында жүзеге асты. Бұл күні тыңдарман назарына танымал композиторлардың шығармашылығымен қатар, жастардың да туындылары ұсынылды. Олардың қатарында  К. Дүйсекеев, Б. Қыдырбек, С. Әбдінұров, С. Еркімбеков, Т. Мұхамеджанов, А. Тани, А. Тоқсанбаев, Т. Жармұхамет, А. Мұхитдинов және тағы басқа авторлардың шығармалары бар.

Кештің бірінші бөлімінің бағдарламасы жеке және аспаптық ансамбльдің орындауындағы туындылардан тұрды. Екінші бөлімде «Астана Опера» Камералық оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтің жетекшілігімен өнер көрсетті.

Замандас композиторларымыздың шығармалары жазу техникасының озықтығымен, бояуларының үйлесімділігімен және құрылымының ырғақтылығымен ерекшеленеді. Б.Дәлденбайдың «Кварта-квинта» композициясындағы ішекті оркестрдің аспаптары домбыраның орнын басады. Х.Сетековтің әзіл-сықақты №2 скерцосының суреттемесі философияның лебі есетін лирикалық әуендермен қызықты байланысқа түседі.

Абзал Мұхитдинов ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында тыңдарман назарына отандық авторлардың шығармаларын ұсыну арқылы композиторлық мектебіміздің қандай бағытта дамып келе жатқанын ұғыну өте маңызды екендігін атап өтті.

– Қазақстанның музыка әлемін заманауи композиторларсыз елестету мүмкін емес. Олардың шығармалары қазақстандық авторлардың камералық-аспаптық шығармаларының кейбір кемшін тұстарын толықтырып тұрады. Жас композиторлар үшін олардың жаңа туындыларының «Астана Операның»  үлкен сахнасында орындалуы – үлкен мүмкіндік. Бұл концерт олардың алдағы шығармашылығына шабыт береді деп ойлаймын, – дейді дирижер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға