Жаңалықтар

Музыкалық оркестрлердің эталоны

Өнердің көшбасында жүрген оркестр өнерпаздары кім?
29.11.2016 05:13 11326

«Өнер десе ішер асын жерге қоятын» қазақ халқының  дәстүрлі әуені мен ән-жыры, күмбірлеген күйлері аңыз бойынша қазақтың қанына сіңген, ықылым заманнан жеткен асыл мұрасы. Көкте қалықтаған әуезді ән көшпенді қазақ даласына жетіп, ұрпақтан ұрпаққа мұра болды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы өнердің көшбасында жүрген ұжым – Президенттік оркестр туралы толығырақ мағлұмат алу үшін Президенттік оркестрдің жетекшісі, бас дирижер полковник Талғат Бердіқұловты әңгімеге тарттық.

Музыкалық оркестрлердің эталоны

Музыкалық оркестрлердің эталоны

– Талғат Айтжанұлы, алдымен Президенттік оркестрдің тарихы мен негізгі міндеттеріне тоқталып өтсеңіз?

Президенттік оркестрдің тарихы 1992 жылдан бастау алады. Өнер ұжымы әу баста Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен құрылғанын айтуымыз керек. Алдымен 1992 жылы 16 наурызда алаш армиясының айбыны саналатын Мемлекеттік күзет қызметі (Қазақстан Республикасы Республикалық Ұланы) құрылды. Президенттік оркестр іргетасын жаңа қалаған тұста алдымен құрмет қарауыл ротасымен бірге үрлемелі аспаптар оркестрі құрылды. Аталмыш оркестр шетелден келген мемлекет басшыларын қарсы алу барысында музыкамен сүйемелдеу мақсатында құрылды. Президенттік оркестрдің құрылуы мен қалыптасуына оның тұңғыш жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Алексей Кутунов, ҚР халық әртісі, профессор Айман Мұсаходжаева, ҚР еңбек сіңірген әртістері Бекболат Тілеухан мен Нұрлан Өнербай, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Арыстанбек Әлиев, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Александр Аблаев секілді белгілі өнерпаздар үлесін қосты. Оркестрді көркейту мақсатында ішекті квартет құрылып, жекелей солистер ән шырқай бастады. Музыкалық бөлімді толықтырған талантты жастар хаттамалық мерекелік шараларда өнер көрсетті. Оркестрдің тарихы осылайша музыкалық ұжымдар құру арқылы қалыптасты. Алдымен халық ансамблі мен ішекті квартет құрылса, кейін үлкен камералы оркестр дүниеге келді, би топтары құрылды. 1997 жылы Президент тарапынан саяси шешім қабылданып, ел астанасы сарыарқа төріне көшіріледі деп ұйғарылды. Осы тұста еліміздің бас шаһары атанған Астана қаласына қоныс аударған Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдерімен бірге Президенттік оркестр де арқа жеріне қоныс аударды.

Музыкалық оркестрлердің эталоны

Ал, енді негізгі міндетіне тоқталар болсақ, Президенттік оркестр – мемлекеттік маңызы бар протоколдық, дипломатиялық және өзге де салтанатты іс-шараларды өткізеді. Қазақстан Республикасы Президентінің және еліміздің басқа да жоғарғы басшылары қатысатын мемлекеттік шараларды қамтамасыз етелі. Оркестр республиканың мәдени және музыкалық өміріне белсене қатысады, Қазақстанды халықаралық музыкалық аренада көрсетеді.

Музыкалық оркестрлердің эталоны

– Президенттік оркестрдің бүгінгі жетістіктері қандай?

 Бүгінде Президенттік оркестр – әлемдік музыка жанрларының фольклорлық, классикалық, академиялық түрлерін, қазіргі заман композиторлары шығармаларын қамтитын ірі шығармашылық ұжымға айналды. Қазақтың ұлттық фольклорынан бастап әлемдік симфониялық классикалық монументальды шығармаларды, кез-келген музыкалық жанрды еркін орындай алатындығымен ерекшеленеді. Біздің өнерпаздар тек қана жанды дауыста өнер көрсетеді. Оркестр музыканттары шетелдерден келген жоғары лауазымды қонақтарды қарсы алу, меймандарды Елбасы мен Үкімет басшысының ресми қабылдауы секілді салтанаттардың барлығында өнер көрсетеді. Өз қолтаңбасымен танылған оркестр музыканттары республикамыздың мәдени және музыкалық өміріне белсенді араласып қана қоймай, халықаралық музыка айдынында күллі қазақ халқының атынан, тәуелсіз мемлекетіміздің атынан лайықты өнер көрсетіп жүр. Оркестр құрамына 2006 жылдан бері жетекшілік етудемін. Шығармашылық топтың тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан бастау алады деп айтып кеткеніміздей, одан бері көптеген өзгерістер болды, жаңашылдықтар белең алды, музыканттар құрамы өзгерді. Ұжымдағы әншілердің бәрі өте талантты жандар. Олардың музыкалық репертуарлары кең ауқымды дер едім. Мақтанғандық емес, шын мәнінде осындай саналуандығымен ерекшеленетін репертуар өзге ешқандай ұжымда жоқ шығар. Ұлттық өнерімізден тыс әлемнің барлық музыкалық композицияларын орындаймыз. Мысалы, Республикалық ұланның құрылғанына 20 жыл толуына арналған концертте біз алғаш рет құрама оркестрді, солистер парадын көрсеттік. Европа композиторлары П.Чайковскийдің «Щелкунчик», Дж.Россинидің «Севильского цирюлька», В.Моцарттың «Волшебная флейта» операларынан үзінді, Ж.Бизенің «Кармен» ариясынан үзіндіні камералық оркестрдің сүйемелдеуімен орындадық. Халықтық ансамбль «Бастау» композициясын орындады, сол жолы тұңғыш рет ансамбльдің құрамында шығарманың сипатын ашатын синтезатор, карнай мен литавра пайдаланылды. Қазіргі таңда Президенттік оркестрдің дәстүрлі өнерін жалғастырушылар деп мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегерлері «Саз отау» дуэті (Ғалым мен Эльмира Ахмедьяровтар), «Мәдениет қайраткері» атағының иегерлері Эльмира Жаңабергенова, Марат Нүкеев, «Дарын» сыйлығының лауреаты Досымжан Таңатаров, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Глинка атындағы Халықаралық вокалистер конкурсының Гран-При жүлдегері Жаннат Бақтай, Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, дауысым» конкурсының бас жүлдегері Клара Төленбаева, «Аламан» тобы, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты Жанат Шыбықбаев, «Елім менің» патриоттық әндердің бірінші байқауының бас жүлдегері Ардақ Балажанова, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Артем Романов, республикалық конкурстардың лауреаттары Медет Салықов, Аллажар Қайбар, «Жас қанат» республикалық конкурсының лауреаты Әсел Мадекешова мен Гүлнар Дамаева, Жанна Сандыбаева сынды өнер иелерін айтуға болады.

Музыкалық оркестрлердің эталоны

Музыкалық оркестрлердің эталоны

– Сіздер жыл сайын Мәскеудегі Қызыл алаңда өтетін «Спасск мұнарасы» атты музыкалық фестивалінде Қазақстанның атынан өнер көрсетіп жүрсіздер. Толығырақ тоқтала кетсеңіз. 

 Президенттік оркестр «Спасск мұнарасы» әскери-музыкалық фестиваліне алғаш рет 2009 жылы қатысты. Ресей астанасы Мәскеудегі Қызыл алаңда өтетін дәстүрлі өнер додасына сол жылы Ресей, Германия, Израиль, АҚШ, Франция, Бахрейн, Украина, Тәжікстан сондай-ақ Еуроодақ мемлекеттерінің құрама оркестрі секілді жетекші ұжымдар өнерлерін тарту еткен еді. Әскери өнер мен үрлемелі оркестрлер әуені фестиваліне 2010 жылы біз екінші рет қонақ ретінде шақырылдық. Бұл жолы  9 елдің рухқа толы саз өнері көрермен жүрегіне жол тартты. Әрине,  Қызыл алаңға біз үлкен дайындықпен бардық. Өзім Мәскеу мемлекеттік консерваториясының әскери-дирижерлік факультетінің түлегі болғандықтан, менің ұстаздарымның көпшілігі фестивальде болды. Сол себепті де, Президенттік оркестрге  басшылық ете отырып, аталмыш өнер додасына қатыспауға хақым жоқ еді. Қазақтың ұлттық музыкасы Қызыл алаңда ойнауы керек деп ойладым. Фестивальдің мазмұны – түрлі музыкалық жанр диапазондарымен ерекшеленуінде болды.

Музыкалық оркестрлердің эталоны

Шетелдік әріптестеріміз тіпті аты аңызға айналған марш композициялары мен танымал халық әуендері сондай-ақ джаз импровизациясы мен әлемдік поп-жұлдыздарының хиттарын ұсыну арқылы барша көрерменді таңқалдырды. Әрбір оркестр өзіне тән стилі мен ұлттық музыкалық мәдениетімен ерекшеленді. Біз де күллі қазақ жұртының салт-дәстүрі мен әскери өнерінен сыр шертетін бағдарлама әзірлеп алып бардық. 80 минутқа лайықталған бағдарлама барысында ұлттық өнеріміздің нақышына толы әдемі көрсетілімде, музыкалық жағынан болсын, биіміз бар, еліміздің тұтас мәдениетін көрсете алғандаймыз. Әскери музыкамен үйлесім тапқан қазақтың қара домбырасының сазды әуенінің орындалуы Қызыл алаңның тарихында тұңғыш рет  орын алды. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын жырлағандай, киелі қара домбыра үнінің Қызыл алаңда салтанат құруы үлкен мәнге ие. Өнер ұжымы сол жолы Түркештің «Көңілашарын» тарту еттік. Ал, 2010 жылы фестивальге әзірлеп апарған бағдарламамызды «Абылай ханның салтанатты шеруі» атты әуенімен бастадық. Аталмыш композиция «Спасск мұнарасы» фестивалі үшін арнайы жаздырған музыка. Құрмет қарауылы жауынгерлерінің алаңға шығуы «Наурыз» атты концерттік маршпен сүйемелденді, бұл әуен - марш жанрының барлық талаптарына сай әрі ұлттық музыка ерекшеліктерін ескеріп жазылған,  ол жауынгерлердің  мүлтіксіз қозғалысын лайықты сүйемелдеген. Бұған қоса көрсетілімде  құрмет қарауылының негізгі дефилесі Ә.Бестібаевтың «B.Es.T.» композициясымен сүйемелденуі болды. Ең үздік туынды ретінде таңдалған әуен құрмет қарауылы әскерилерінің көрсетіліміне қажетті ырғақ, көңіл-күй бере алды. Және де бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – биші қыздардың орындауындағы «Сақ биі» болды. 

Музыкалық оркестрлердің эталоны     

Фестиваль басталмас бұрын, біз баспасөз мәжілісіне қатысқанымызда ресейліктер Қазақстандық өнер ұжымы өзгелерден әлдеқайда биік тұрғандығын мойындайтындықтарын ашық айтты. Ұйымдастырушылар «Спасск мұнарасы» қазақстандықтарсыз «Спасск мұнарасы» болмайды деп ағынан жарылды. Шынымен де солай екендігі, сондағы көрермен қауымның ықыласынан байқалғандай. Айбынды армиямыз бен дәстүрлі өнерімізді таныстыруда еліміздің абыройын асқақтатқан осындай шараға азғантай болсын үлесімді қоса алғаныма дән ризамын, өте қуаныштымын. Ең бастысы,  өнерлі ұжымның шеберлігін көрсете алғанымызға, жан-тәнімізбен дайындалған еңбегіміздің жемісін көре алғанымызға бақыттымын.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілері жыл сайын музыкалық репертуарын фестивальге арнайы дайындайды. Бағдарламаны әзірлеу барысында Қызмет басшылығы жан-жақтылық танытып, тіпті биылғы жыл Ресейде "Кино жылы" екендігін ескерді.

Көрсетілімнің бірінші бөлімі әйгілі «Игра престолов» телехикаясының саундтрек әуенімен сүйемелденіп, Қызыл алаңға сымдай тартылған сымбатты да қуатты Құрмет қарауыл ротасының сарбаздары шығып, салтанатты маршты мінсіз орындап шықты. Ал оркестрдің екпінді тобы болса, нақышына келтіре орындалған әуендерімен әскери қызметшілердің дефиле көрсетілімін жандандыра түсті. Жиналған қауымның зор ықыласына бөленген сәт Президенттік оркестр солистері Айым Қоғамова мен Мейрамбек Қарағандының орындауындағы 90 жылдары аса танымал болған «2 Unlimited» тобының «No limit» әнін орындау барысы болды.

Музыкалық оркестрлердің эталоны

Фестиваль бағдарламасының екінші әрі ең негізгі қойылымының шымылдығын көпшіліктің сүйікті кинофильміне айналған «Иван Васильевич меняет профессию» фильмінен алынған музыкалық композициясы болды. Оның орындалуы барысында Құрмет қарауыл ротасының сарбаздары "МФ", яғни «Мосфильм» деген ұғымды білдіретін әріптердің көрінісін шығарды. Ал жанды дауыста дыбыстылған фильмнің әзілді сөз орамдары жиналған қауымның көңілінбір серпіп тастады. Президенттік оркестрдің солисі Әлібек Ізбасаровтың орындауындағы «Маруся» әні аталған кинофильм тақырыбының тамаша қорытындысы болды.

«DjSmаsh» және «Винтаж» тобының «Москва» әні қазақстандық музыканттардың мәскеулік көрермендерге жасаған ерекше тартуы ретінде орындалды.

Музыкалық оркестрлердің эталоны

Музыкалық оркестрлердің эталоны

Музыкалық оркестрлердің эталоны

Қазақ армиясында әскери әндер аз. Ал, жауынгерлерге рух беретін әскери марш туралы не айтар едіңіз, бізде ондай марш бар ма?

– Бізде бір-біріне ұқсайтын түрлі әскери марштар бар. Алайда,  жауынгерлерге рух бітіретін, нағыз қазақ әскеріне лайықталып жазылған эталон жоқ. Яғни, қазақи мақамда жазылған  «иә, дәл осы» деп айтарлық композиция жоқ. Бізде қазақи элементтерге бай әуендер көп қой, бірақ тамырды дөп басатын нағыз әскери музыка әуені әлі туған жоқ. Кешегі ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып келе жатқан Құрманғазы, Дина, Түркеш, Нұрғиса сынды қайталанбас дара тұлғалар қалдырған өнер туындылары бар емес пе? Біз қанша тырыссақ та, сазды әуеннің өн бойында бір ұқсастық, қайталау бар сияқты. Сондықтан да біз әлі де ізденіс үстіндеміз. Иә, дәл осы «қазақ маршы» деп айтатындай шынайы композиция іздеудеміз. Тыңдап отырғанда америкалық маршты, неміс  және орыс маршын бірден айыра аламыз. Себебі, олардың айрықша формасы бар, үлгісі бар. Бұл сөзіммен дәстүрлі әуендерімізді жоққа шығаруды көздемеймін. Мысалға, оркестрдің орындауындағы қазақ композиторлары Түркеш, Құрманғазылардың күйін тыңдап отырғанда адам ағазасындағы қан айналымы күшейіп, ерекше күйге бөленетініміз  өз алдына бөлек әңгіме. Рух көтеріледі, жігер пайда болады. Дей тұрғанмен, дәл осы қазақи әуезді элементтерден жаралған, сарбаздарға әскери рух бітіретіндей жаңа музыка керек. Және де ол күй талғамайтын болуы керек. Мәселен, далада болсын, ғимарат ішінде болсын тыңдарманға рухы асқақ күйінде жететін, құлаққа жағымды, көңілге қонымды болуы керек. Үрлемелі аспаптар арқылы тыңдарман қауымға қазақи рухты жеткізу үлкен ерекшелікті талап етеді. Шынымен де тыңдарманның жүрегіне жететін, «міне нағыз қазақтың музыкасы» дегізетін, қазақтың маршы екенін аңғартатын туынды болуы керек. Әзірге ондай туынды туа қойған жоқ. Мүлде жоқ деп айтпаймын, түрлі әскери музыкалар бар, бірақ өн бойында бірдеме жетіспейтін секілді сезіліп тұрады. Көбінесе олар   еуропалық маршқа еліктеген композициялар деп айта аламын. Бірақ, біз ізденуден жалықпауымыз керек. Біз жас мемлекетпіз, біз үшін бәрі де алда. Нағыз бізге керек туынды жарыққа шығады деп сенемін.

Музыкалық оркестрлердің эталоны

Былтыр Президенттік оркестрдің би ансамблі тұңғыш рет жеке концертін берді. Ансамбль туралы айтып өтсеңіз.  

– Президенттік оркестрдің би ансамблі мемлекеттік протоколдық іс-шаралар мен ресми-салтанатты жиындардың музыкалық бөлімін қамтамасыз ету үшін құрылған бірден-бір шығармашылық ұжым. Ансамблдің негізгі міндеті – дәстүрлі қазақ билерін жаңғыртып, аса жоғары ұлттық нақыштағы көркемдік байланысты кәсіби деңгейде көрсету. Бүгінгі таңда бишілердің қоржынында 25 қазақ хореографиялық шығарма бар. Репертуарға әлем халықтарының билері мен әртүрлі бағыттағы қойылымдар енген. Би ансамбліне аға лейтенант Талантбек Шоруков жетекшілік етеді. Ол Мәскеу қаласындағы И.А. Моисеев атындағы ұлттық би училищесін және режиссер-балетмейстер мамандығы бойынша Қырғыз ұлттық консеравториясын тәмамдаған. 2002 жылы Шара Жиенқұлова атындағы Республикалық конкурсының лауреаты атағына ие болды.

Музыкалық оркестрлердің эталоны

 Музыкалық оркестрлердің эталоны

Музыкалық оркестрлердің эталоны

Музыкалық оркестрлердің эталоны

Олай болса, жүрегі Арқа төсінде бой көтерген Астана есімді сұлу шаһардың жүрегімен бірге соққан, тыныс-тіршілігімен бірге дамып келе жатқан Президенттік оркестр – әркез еліміздегі музыкалық оркестрлердің эталоны, айнасы бола берсін демекпіз.

Анықтама: Талғат Айтжанұлы П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының әскери-дирижерлік факультетінің түлегі, бүкілодақтық байқаулардың лауреаты, «Елім менің» патриоттық әндер байқауының лауреаты, Мемлекеттік Әнұранның оранжировкасын жасаған өнерпаз.


  ӘңгімелескенБақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

  

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға