Жаңалықтар

Мұзтау – Алтайдың алтын тәжі

Қойнауы аңыз бен тарихқа толы Мұзтау туралы не білесіз?
Мұзтау – Алтайдың алтын тәжі
07.09.2017 16:08 19197

Басын қар шалған, мәңгі мұздықтар мекені Мұзтау Қазақстан мен Ресейдің шекарасында орналасқан. Қытай мен Моңғолия қол созым жерде тұр. Шығыс және Батыс Мұзтау мен Делоне шыңдарын қосатын тау массиві Мұзтаудың негізін құрайды. Қойнауы аңыз бен тарихқа толы Мұзтау киелі орындардың бірі.

Мұзтаудың атаулары

Мұзтаудың бірнеше атауы бар. Алтайдың байырғы тұрғындары оны Уч-Сумер (Үш Сүмер) деп таниды. «Үш» сөзі түсінікті болса, «Сүмер» деген моңғол тілінде,  буддизмдегі «Меру» - «Киелі тау» деген мағынаны береді. Яғни «Үш Сүмер» - «Үш басты киелі тау» деген атаудан шыққан. Кезінде Алтайдың екі жағын қатар қоныстанған елдердің арасындағы маңызды сауда-экономикалық рөл атқарған Үкік жазығынан қарағанда Мұзтаудың әппақ тәж киген үш басы анық көрінеді.

         Мұзтаудың екінші атауы «Қатын Бажы». «Қатын» сөзі ертедегі түркілер тілінде «Ханшайым, жоғары тектен шыққан әйел» деген мағына берген. Ал «Бажы» кейіннен трансформацияға ұшыраған «Басы», яғни «Бас» немесе «Шың» сөздеріне келеді. «Қатын Бажы» сөзі қазіргі тілмен айтқанда «Әппақ тәж киген Ханшайым» мағынасына ие. Тағы бір тәржіме-түсініктеме бойынша Ежелгі Көк Тәңгірге табынған елдер арасында «Құдайлар тауы» деген де түсінікке ие болған-мыс. 

         Ал Алтайдың теріскейін мекендейтін ежелгі славяндар Мұзтауды «Белуха» деп атайды. Бұл «Белый» сөзінен шыққан, басындағы мұздықтар мен ерімейтін қарларға қарай қойылған деген қате ұғым бар. Негізі Белуха атауы таудан ағатын мөлдір суларға байланысты «Беловодье» сөзінің қысқартуынан шыққан-мыс. Алтайға қоныс аударған алғашқы ортодоксальды христиан өкілдері (староверы) жұмақтың жердегі бөлшегі – «Беловодье» осы Мұзтаудың ішінде жасырылған деп сенген. Бажовтың ертегілерінде жазылған «таудан аққан сүт тәрізді өзендер» осы Мұзтаудың тау бұлақтарына қарап шыққан екен.

         Азияның бұл бөлігіне ислам келгенге дейін Көк Тәңгірге табыну кезеңінде Мұзтау «Ұмай ананың отаны» саналған.  Ұмай ана – өмірдің бастауы, Тәңірі жаратқан тіршілік иелерінің жарылқаушысы бейнесінде. Ананың сүтін басқадан жоғары қойған түркілер Ұмай ана бейнесін Құдайдың өкілі санаған. Мұзтаудың әппақ шыңдары ана кеудесі, одан аққан мөлдір су тіршілік сыйлаушы ана сүті деп есептеген. Тәңір – өмірдің бастауы болса, Мұзтау Тәңірінің жерге тіршілік берген бастауы болып саналған.

Қойнауы толы аңызға

         Мұзтау аңызға толы өлке. Бұл жаққа аяқ басқандар міндетті түрде бір жоғын іздей келеді. «Жердегі жұмақ – Шамбала» да, ғарыштан келген қонақтар да осында деген бір-бірінен өтетін аңыздар қаншама. Ал жанына сая, көңіліне сабыр іздеп келгендер мүлгіген тастар мен аспанмен таласқан шыңдар арасынан адам әлі табиғаттың бір кішкене бөлшегі екенін түсініп қайтады.

         Шынымен Азияда кең таралған аңыздарға сенсек Мұзтау  адамзаттың болашағы саналады. Соның бірінде болашақта жер бетінен адамдар жойылады, сол кезде суға жан берер мұздығы, адамға пана болар орманы, қазынаға толы алаңы бар Мұзтау ғана соңғы арал болып қалмақ. Сол себепті Мұзтау киелі орын саналады. Тәу етеді. Мұзтау «жер кіндігі» дегенге сенеді. Ғарыштың энерегиясымен тікелей байланысы бар Алтай адамға денсаулық пен шымырлық береді, киесіне бас ұрған адамға жаңа мүмкіндіктер ашады деген наным әлі күнге дейін бар. 

         Алтайдан мыңдаған шақырым алыстағы Үндістанда кеңінен таралған аңыз бар. Онда теріскейге қарай ұзақ жүрсең Қатын өзенінің жағасында шыңдары аспанмен таласқан Сумеру тауы бар деп айтылады. Үндінің қасиетті ведаларында Мұзтауды «төрт мұхиттың кіндігі» деп сипаттайды. Расымен де жағрапиялық жағдайы бойынша Мұзтау үш мұхиттың – Солтүстік мұзды, Тынық және Үнді, тура ортасында орналасқан, сондықтан да ежелгі жазбаларда «Жер кіндігі» деген атқа ие болуы да тегін емес.

         1926 жылы танымал орыс ғалымы Николай Константинович Рерих Мұзтаудың етегіне, таулы Алтайға барып қайтуға экспедиция жинайды. Алтын таулар (Алтай атауы түркі тіліндегі «Алтын» сөзінің қысқартылуынан шыққан) Орталық Азия мен Сібірді байланыстырып тұрған күре жол ретінде қатты қызықтырған. Ол өзі философияға, археологияға қызығушы адам ретінде жергілікті мәдениетпен етене таныса бастайды. «Алтайды бәрі мақтайды! – деп жазады Рерих сапарының алдында – Тауы да биік, шөбі де шүйгін, суы да мол. Алтайды көктем шыға ешкім көрмеген гүлдер де пайда болады дейді. Шынымен де оның сондай кереметі бар екен?».  Ал Алтайды өз көзімен көргенде осыған дейінгі скептикалық ойларынан түк қалмаған Рерих, енді Алтайға ғашық болып зерттеуді толықтай қолына алады. Алтын таудың бай табиғаты, ежелгі адамдар өмір сүрген үңгірлер, түркі заманынан қалған ескерткіштер таң қалдырған ол «Алтай мен Гималай, екі полюс, екі магнит» деп таң қалысын жасырмайды.

         Мүмкін Сіз таң қаларсыз, бірақ Алтайдан мыңдаған шақырым жерде, адам аяғы әрең жететін, Гималайдың солтүстігіндегі тақуа- йогтар өмір сүретін Тибеттегі Ладакхада Меру, бізше Мұзтау туралы өте жақсы біледі. Осы жерден Рерих алғаш рет Ақ Бұрхан (будда дініндегі табынатын пұт) Алтай аңызын естиді. Жергілікті ламаның айтуынша «Тымық күндері Мұзтаудың үстінен қараған адам құм тастың астында қалған ежелгі қала Аюши Ханды көруіне болады. Қаланың қабырғалары мен шіркеулер тіпті қол жететін жерде тұрған сияқты» дейді.  Аңызға сенсек халық арасында Ақ Бұрхан атанып кеткен Алтайдың ежелгі билеушісі Ойрот өз жауларымен болған бір соғыста жеңіліс тауып, шегінуге мәжбүр болады.  Сарбаздарымен бас сауғалаған ол бейтаныс өлкені паналап, болашақта қайтып келемін, Ұлы Алтай мемлекетін қайта құрамын деп уәде береді. Оның оралуының қандай белгілері болады деген сұраққа Ойрот: «Белгіні Қатынбаштың басынан шыққан Күн береді» деп айтқан екен. Қатынбашымыз сол Мұзтау. Жиырмасыншы ғасырдың басында болған қатты жер сілкінісінен соң Мұзтаудың сырт бейнесі сәл өзгеріске ұшырайды, оның үш басының бірі мүжіліп түсіп, енді алыстан қарағанда екі басты тәжге айналады. Таң қалған халық күннен белгі іздейді. Және дәл сол уақытта таудың ішінен беймәлім адамды жолықтырып келген бір қыз  «Оның жүріс тұрысы Ойротқа келеді екен!» деп халықты одан сайын сендіреді, барлығы күте бастайды. Бірақ Бұрхан оралмайды...

         Бұрхан хан (Ойротқа халықтың берген атағы)  әлі де оралады. Алтай халқы күтеді. Ал Николай Рерихтың пайымдауынша Бұрхан – ол кәдімгі ұлы Будда. Бұл шаманизм мен буддизмнің араласып кетуінен туған аңыз ғана...

         Міне осы оқиғалардан соң Алтайда бурханизм деп аталатын жергілікті дін пайда болып, кеңінен етек ала бастайды. Олар Дерен үңгіріне жиналып, мінажат жасап, жер сілкінген сәтті жіберіп алмайық деп, Күннен белгі күтетін болды. Жергілікті билік күшпен таратса да бурханизм Алтайда көпке дейін сақталып келді. Әлі де бірен саран өкілдері бар.

Үңгірлердің жасырған сыры

Буддизммен, Тибетпен байланысы бар екенін Мұзтаудың қойынауы толы үңгірлерден көруге болады. Тұрғындардың айтуы бойынша Қарлық жазығының екі жағынан созыла орналасқан үңгірлердің тереңдігіне адам бойлап болмайды. Ғалымдар бірнеше мәрте дайындалып кіріп көргенімен түбіне жеткен адам жоқ. Осы жерде Тәңгірдің өкілдері шамандар мен Будда монахтарының аңыздарының сәйкес келетін тұсын амалсыз еске аласың. Шамандар бұл үңгірлер Тұрфанға апарады, Көктегі Тәңгірді пір тұтқан адам қараңғылықтың да бар екенін білуі үшін арнайы жасаған дейді. Буддистер болса өз аңыздарында үңгірді Тибетке дейін созады. Және бұл жалғыз трансазиялық жерасты жолы дегенге сенеді. Бұл негізсіз де емес сияқты. Мысалы Алтайдағы зерттелгендер ішіндегі ең терең үңгір «Экологиялық» деп аталады. Ол төмен қарай 345 метрге, ұзындығы 3 шақырымға созылған. Ары қарай жер асты өзені басталады, сондықтан зерттелмеген. Мұзтаудың қойнауына не жасырып отырғанын кім біледі?!

         Мұзтаудың етегінде Қатын өзенінің жағалауында «Патшалар алқабы» бар. Берелдің бел ортасында орналасқан. Терең мұздықтарға жерленген, тастармен басылып тасталған қорымдар бертінге дейін «белгісіз халықтар моласы» атанып келген. «Марал қорымы» деген атауы жергілікті халыққа етене таныс. Кейіннен Ұлы Түркі қағанатына тікелей қатысы бар, Қағандардың жерленетін орны екені белгілі болған бұл алқаппен де байланысты аңыз өте көп. Соның бірінде былай дейді: «Осы өңірді мекендеген ілімі мен байлығы басқалардан екі бас жоғары тайпа өмір сүріпті. Жаугершілік заманда ел басына күн туып, тайпа адамдары үңгірлер арқылы белгісіз жаққа кетуге мәжбүр болған. Аңыз бойынша басына балбал тас орнатылған тас қорымдар тайпаның жер астына кету жолдары екен-мыс. Рерих осы жерде Тибетте естіген «Жер астынан шыққан білімді адамдар туралы аңызды» еске алады, бұл арада қандай бір байланыс табу қиын. Бірақ Тибеттегі монахтардың Алтай туралы білімн еске алсақ, мүмкін алыпк елген «жер астынан шыққан адамдар» ма екен?  Алтайдың аңызы бойынша «жер астына кеткендер әлі оралады. Ол үшін елде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнауы тиіс».  Және бұл тас қорымдардың Орион шоқжұлдызына сәкес орналасқанын байқаған ғалымдар Мүзтаудың бір қойнауында  ежелгі астрономиялық обсерватория болуы мүмкін екенін де естен шығармайды.

Мұзтаудың әсем табиғаты

Мұзтау адамға керемет әсер қалдырады. Мен өзім көлікпен тауға көтеріліп келе жатып бір жеңілдік сезінгендей болдым. «Әр адам таудың тынысын сезеді. Тау өзіне келген қонаққа белгі береді, сол белгіні сезе білген адам табиғат пен адамның арасындағы үндестікке енеді» дейді жергілікті тұрғындар. Мұзтаудан алған әсерің қалған өмірің үшін таусылмас азық. «Патшалар алқабында» бауырыңды көк майсаға төсей жатып бірнеше метр тереңдіктегі мұздықтың күшін сезесің. Тыныштығы да ерекше Мұзтау шынымен де заңғар, өмірдің бастауы.

         Ғалымдар Мұзтаудың ерекше энергетикасы бар дейді. Бұл аспанмен қол ұстасқан шыңдарымен байланысты көрінеді. Арнайы құрылғылар таудың үнемі дірілдеп тұратынын байқаған. Әрине, аса сезімтал құрал болмаса оны бірден байқау қиын. Бірақ ұсақ дірілдің адам ағзасына әсері керемет көрінеді. Ол күш береді, жаңа өмірге келгендей бойыңдағы теріс энергетиканы тазалайды.» Мұзтауды көзбен көріп қана емес, ішімен сезе білген адам ғана оның киелі екенін түсінеді» деп аяқтады әңгімесін жергілікті тұрғындар...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға