«Мұз-2024» акциясы кезінде қауіпсіздік рейдтері ұйымдастырылды
Алматы облысында «Мұз-2024» акциясы аясында қауіпсіздік рейдтері өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары «Мұз-2024» республикалық акциясы шеңберінде Қапшағай су қоймасында қауіпсіздік рейдтерін өткізді. Іс-шаралар азаматтардың мұз үстінде зардап шегуін алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.
Рейд барысында мұз үстінде түнде және жеке құтқару құралдарынсыз жүрген 15 адам анықталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Балықшылар қауіпсіздік шараларын сақтау үшін жағаға шығарылды.
2024 жылдың басынан бері су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 330 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды.
ТЖМ қызметкерлері су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салады. Құтқарушылар тәуліктің кез келген уақытында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруда.