Бочча федерациясының баспасөз қызметі

Мүсіркеу емес, қолдау керек: «Ерекше» фильмі қандай ой тастайды?

14.03.2026 16:33

Қазақстанның кино-қоржыны тағы бір туындымен толықты. Бұл жолы жай дүние емес, инклюзив қоғам, соның ішінде әлеуметтену жайын қозғайтын фильм. Жабық көрсетілімнен бочча спорты жайлы біліп, ерекше жандардың ішкі күйін түсінгендей болдық. Киноның артық-кем тұсын сыншыларға қалдырып, көрермен үшін маңыздысын тізіп шығайық.

Иә, толықметражды «Ерекше» фильмі 19 наурыздан бастап Kinopark кинотеатрлар желісінде прокатқа шығады. Картина Қазақстан бочча федерациясының қолдауымен және серіктестердің демеуімен түсірілген. Фильмде ерекше спортшылардың жай-күйі, ішкі сезімі мен болашаққа қойған мақсаты суреттелген. Туынды Арман есімді байдың баласының Әйгерім мен оның БЦС диагнозы бар інісі Дидармен таныстығы туралы.

Фильмдегі басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Ақерке Назарбекова және Расул Бауыржан сомдаған. Сценарий авторы – Сержан Серікбай. Режиссері –Ернар Нұрғалиев.

Фильмді тамашалауға үш себеп

Алдымен, киноның басында ерекше спортшы Дидар тұратын тұрғын-үйдегі лифт мәселесіне назар аударыңыз. Үш мегаполистен бөлек, басқа да қалада әлі күнге ерекше жандардың тұрмыс деңгейіндегі проблемасы шешілмеген. Әйгерімнің: «Сен боччадан әлем чемпионы болсаң, лифті жасап берер» – деуі де  инклюзияны форум, семинардан емес, әлеуметтік мәселені шешуден бастау керегін нұсқайды.

Тура осы көріністе тағы бір деталь бар. Бұл – қоғамның тасжүрек, қуыскеудеге айналып бара жатқанына «сілтеме» жасайды. Көршісі ауру баланың түнде тырысқағы ұстап, қиналғанын түсінбей, ұйқы бермегенін айтып, шағымданады. Демек, фильм мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтенуі қиын екенін, адамдардың да жағдайға қарай бейімделмейтінін үндейді.

Одан кейін – жасөспірімнің жан сыры, ішкі күйін жақсы түсіндірген. Әсіресе, 15-ке толған інісі әпкесі Әйгерімнің өзін жуындырғанына, елдің аянышты  қарап, мүсіркегеніне намыстанады. Жасөспірім қайта аяуды емес, қолдауды күтеді. Әрі біреудің мүсіркегені оның эгосын төмен түсіретінін сезеді. Бас кейіпкер Арман Дидардың осы халін түсініп, күресуді үйретеді. Ерекше жасөспірімді тәрбиелеп отырған әр ата-ана үшін лайфхак тәрізді.

Ескерерлігі, бұдан бұрын отандық фильмдерде мүмкіндігі шектеулі жасөспірімнің психологиялық проблемасы ашық таспаланбаған. Картина осынысымен ұтып тұр. Сіз де ішкі тірегін тапқан Дидар мен одан бұрынғы Дидарды салыстырып көріңіз.  Расында, актер Расул Бауыржанның рөлді сәтті алып шыққанын айта кету керек.

Үшінші себеп – спорттың адам өміріне әсері. Иә, Дидардың бар қалауы – әлем чемпионы атанып, отбасын тастап кеткен әкесіне өмірде бар екенін дәлелдеу. Өзін өмірге, қоғамға керексіз сезінген сәтте спорттың жаңа серпін беріп, екінші тынысты ашатынын сипаттайды. Айтпақшы, фильмде бочча спортымен танысып, тіпті ережесін де үйреніп аласыз.

Бочча ойыны туралы аз-кем

Иә, Бочча – бұл Паралимпиада ойындарына кіретін инклюзивті спорт түрі. Қызығы сол, бұл спорт түрі Паралимпиада бағдарламасына кіргенімен, Олимпиадада баламасы жоқ екі спорт түрінің бірі (ганбол, бочча). Ойын ауыр мүгедектігі бар адамдарға арналған. Оның ішінде БЦС, бұлшықет дистрофиясы және жұлын бұлшықет атрофиясы диагнозы бар спортшылар да бар. Ережесі қарапайым: түрлі түсті доптарды ақ түсті «Джек» добына мүмкіндігінше жақын лақтыру керек. Кім жақын түсірсе – сол жеңімпаз.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от "ЕРЕКШЕ" фильмі🎬 (@erekshe.film)

Білсеңіз, еліміздегі бочча спортының пайда болу тарихының өзі – кино. Сұлтанбек Орынбасар есімді жігіт 2017 жылы волонтер ретінде боччаны қолға алады. Түрлі ұйымдардан көмек сұрап, кәсіби доп алдыртады. Ата-аналарға ерекше балаларға көмек екенін түсіндіреді. Сөйтіп, 2018 жылы ата-аналардың қолдауымен бочча секциясы ашылады. 2021 жылы Қазақстан бочча федерациясы құрылады. Сұлтанбек осы федерацияның президенті болғанымен,  көп өтпей онкологиялық аурудан қайтыс болады.

Қазір  ұйымның аймақтық филиалдары еліміздің 13 өңірінде жұмыс істейді. Спорт секцияларында 250-ден астам спортшы жаттығады. Ұлттық құраманың 47 мүшесі Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп жүр. Жалпы, бізде 743 900-ға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар десек, соның 117 мыңы 18 жасқа толмаған балалар.

Түсірілім алаңындағы қызық

Актер Расул Бауыржанның айтуынша, фильм қысқа уақытта түсірілген. Актерлер де фильмнің маңызын түсініп, құлшына кіріскен.

Негізі, түсірілім барысы жылдам өтті. Маған рөлге дайындалуға бір апта уақыт берді. Үш күн бойы ерекше балалар туралы видео көріп, зерттедім. Сөйтіп, Алматыға жол тартып, бірнеше күн Halyk Arena-дағы жаттығуға қатыстым. Бочча ойнауды үйреніп, ерекше жасөспірімдермен танысып, достасып кеттім. Олардан үйренгенім көп. Қызығы сол, кадрдағы ақ сызыққа дәл түскен доптың көбі кәсіби ойыншыныкі болғанымен, арасында мен атқан доп та бар. Түсірілім барысында боччаға икемім барын түсіндім, – дейді актер.

Оның айтуынша, түсірілім кезінде актерлердің бәрі телефонды жинап қойып, күні бойы бочча ойнаған кезі болған.

«Ерекше» фильміндегі ерекше оқиға

Премьераға Бочча федерациясы спортшыларын арнайы шақырған. Әрбірінің бір фильмге татыр тағдыры бар. Сеанстан кейін ерекше балақайдың анасымен тілдесіп, туынды туралы әсерін айтты.

Ұлым Холид – 10 жаста. 5 жасынан бастап боччаға қатысады. Астанаға көшіп келген соң, ең бірінші осы спорт түрімен дос болды. Достарын да осы жерден тапты. Қазір бочча қарқынды дамып жатыр. Ұлым бірнеше жарысқа қатысты. Сұлтанбек Орынбасарды еске алу турнирінде бірінші орын алды. Ұлым аптасына екі сағаттан үш рет жаттығуға барады. Меніңше, әсерлі фильм, мүмкіндігі шектеулі азамматтардың жайын позитивпен түсіндіріп, оларды қоғамға қосу туралы түсіндіреді, – дейді анасы Севара.

Айта кетерлігі, Kinopark кинотеатрлар желісіндегі фильм прокатынан түскен барлық қаражат мүгедектігі бар балаларды қолдауға бағытталады.