Жаңалықтар

Мұрат Нұртілеу Венада халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесулер өткізді

Мұрат Нұртілеу Венада халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесулер өткізді
Фото: Сыртқы істер министрлігі 16.03.2024 06:40 813

Венаға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Венада аккредиттелген халықаралық ұйымдардың басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесінің Бас директоры – БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) Атқарушы директоры Гада Валимен кездесу барысында министр оған Қазақстанмен көп жылғы жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді. Сұхбаттастар есірткіге, қылмысқа, терроризмге және киберқылмысқа қарсы күрес саласындағы БҰҰ ЕҚБ өңірлік жобаларын талқылады. Қазақстанда синтетикалық есірткіге қарсы күрес жөніндегі жаңа жобаны іске қосу аясында тараптар 2025 жылы Астанада БҰҰ Өңірлік конференциясын өткізуге келісті.

БҰҰ ЕҚБ Бас директоры Қазақстанның өңірдегі есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестегі көшбасшылық рөлін ерекше атап өтті және Есірткіге қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына (ОАӨАҮО) өзінің қолдауын растады. Г.Вали Ауғанстанның гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу бойынша Астананың сындарлы ұстанымын қолдады. Осыған байланысты дипломаттар Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму жөніндегі БҰҰ хабын құру бойынша диалогты жалғастыруға келісті.

АЭХА Бас директоры Рафаэль Гроссимен жан-жақты пікір алмасу барысында тараптар еліміздің ұйымға 30 жылдық мүшелігі кезеңіндегі өзара іс-қимылдың ауқымды сипатын жоғары бағалады, сондай-ақ Агенттік басшысының өткен жылғы сәуірдегі Қазақстанға сапары екіжақты диалогқа жаңа серпін бергенін атап өтті.

ҚР СІМ басшысы уран экспорты бойынша әлемде бірінші орында тұрған еліміз өзінің атом саласын дамытуға және көміртекті бейтараптық мақсаттарына қол жеткізуге ерекше мән беретінін атап өтті. АЭХА-мен ынтымақтастық Қазақстанның елдегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы бойынша референдум өткізу жоспарлары аясында ерекше өзектілікке ие болып отыр. Тараптар елімізде онкологиялық ауруларды емдеуде заманауи ядролық технологияларды пайдалану, ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру, бұрынғы Семей полигонының аумағын оңалту бойынша бірлескен жобаларды іске асыру барысына оң баға берді.

АЭХА Бас директоры Қазақстанның ядролық қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы орталық рөлін атап өтіп, Агенттіктің одан әрі жемісті ынтымақтастыққа дайындығын білдірді. Р.Гросси Өскеменде орналасқан АЭХА-ның Төмен байытылған уран банкінің бірегей сипатын еліміздің ядролық қаруды таратпауға қосқан елеулі үлесі екенін атап өтті.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Дайындық комиссиясының Атқарушы хатшысы Роберт Флойдпен кездесуде халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ағымдағы ахуал туралы пікір алмасу өтті.

М.Нұртілеу Қазақстанның ЯСЖТШҰ-ға берік ұстанымын сақтауға ниетті екенін жеткізді. Ол сондай-ақ бұл келісім жаһандық қарусыздану және таратпау режимінің негізгі элементі, ядролық қатерсіз бейбітшілікке қол жеткізуге ықпал ететін тиімді механизм болатынын атап өтті. Қазақстандық дипломат сұхбаттасын ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстанда жоспарланған ядролық қарусыз аймақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және ядролық қаруға тыйым салуды әмбебаптандыру жөніндегі іс-шараларға қатысуға шақырды.

Тараптар осы саладағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі күш-жігерді үйлестіруді жалғастыруға келісті. ЯСЖТШҰ басшысы Астана бастамасымен 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін жыл сайын ілгерілетуге белсенді қатысады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға