Мұрат Нұртілеу ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты
Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Отырыс барысында қазіргі халықаралық жағдайда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси үйлестіруін тереңдету мәселелері бойынша пікір алмасу өтіп, ағымдағы жылғы қыркүйекте Тяньцзинь қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммитіне дайындық барысы талқыланды.
Өз сөзінде Қазақстан СІМ басшысы орнықты даму мүддесі үшін Ұйымның өзара тиімді серіктестікті қалыптастыру және ШЫҰ кеңістігін бейбітшілік пен өркендеу өңіріне айналдыру әлеуетіне сенім білдірді.
ШЫҰ – тең құқықты ынтымақтастықтың бірегей моделіне негізделген көпжақты институт ретінде өз беделі мен тиімділігін нығайта береді деп сенемін, – деді М.Нұртілеу.
Қазақстан Сыртқы істер министрі 2024 жылғы шілдеде өткен Астана саммитінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруда Қытай тарапы жүргізіп жатқан жүйелі жұмысты жоғары бағалады. Ол Ұйым қызметін жетілдіру және оның институционалдық дамуын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Сапар аясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволар басшыларының Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен бірлескен кездесуі өтті.
14 шілдеде Мұрат Нұртілеу Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысу мақсатында Қытай Халық Республикасына жасаған сапары аясында ШЫҰ Хатшылығына барған еді. Сондай-ақ, СІМ басшысы Қытайға сапары аясында Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесу өткізді.

