Мұрат Нұртілеу Кувейтке жұмыс сапарымен барды

Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Орталық Азия – Араб шығанағы мемлекеттері ынтымақтастық кеңесі» форматындағы 3-ші министрлік кездесуіне қатысу үшін Кувейт мемлекетіне жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сапар аясында Қазақстан СІМ басшысы Кувейт Араб экономикалық даму қорының (KFAED) бас директоры Уалид Аль-Бахармен және Кувейт Сауда-өнеркәсіп палатасы бас директорының орынбасары Имад Аль-Зейдпен кездесулер өткізді.
KFAED басшысымен Қазақстанда орнықты даму, инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызды жобаларды қаржыландыру салаларында ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Әсіресе энергетика, сумен қамту және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобаларға Қор қаражатын тарту әлеуетіне ерекше назар аударылды.
Кувейт Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды орнату, екіжақты сауданы жандандыру және кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру мәселелері бойынша пікір алмасу өтті. Ауыл шаруашылығы, шикізатты өңдеу, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері қарастырылды.
Министр ҚР инвестициялық әлеуеті, Үкіметтің инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, Кувейт инвесторларын елде бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Қазақстан Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестициялар тартуда жетекші бағыт болып қала береді. Біз бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі кувейттік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді М.Нұртілеу.
Кувейт тарапы ұсынылған инвестициялық жобалармен танысу мақсатында бизнес-делегациялар алмасуға қызығушылық білдірді.
KFAED басшысы сондай-ақ 2025 жылғы 29-30 мамырда өтетін Астана халықаралық форумына қатысатынын растады.
