Жаңалықтар

Мұнай ұңғымалары 2,5 миллион адам пайдаланатын ауыз су көзін ластап отыр

Мұнай ұңғымалары 2,5 миллион адам пайдаланатын ауыз су көзін ластап отыр
Фото: Видеодан кадр 26.10.2023 12:00 1485

Сенат депутаты Бауыржан Қаниев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа еліміздің батыс өңірін толығымен ауыз сумен қамтамасыз ете алатын Көкжиде кен орнындағы жер асты суын мұнай өнімдері ластап жатқанын айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Сенатор кен орны республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің тізбесіне енгізілгенін атап өтті.

 2009-2019 жылдар аралығында осы ерекше жер асты суын сақтау мақсатында Ақтөбе облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Көкжиде» құмы объектісіндегі 38 ұңғымаға мемлекеттік экологиялық зерттеу жүргізілді. Зерттеу нәтижесі бойынша жыл сайын жер асты суын мұнай өнімдері ластағаны тіркелді. Ал 2020 жылы Көкжидедегі жер асты суындағы мұнай өнімдерінің рұқсат етілген шекті құрамы 6 есеге көбейіп кеткені анықталды, - деді сенатор. 

Депутат 2,5 миллионға жуық адам пайдалана алатын су көзін сақтау аса маңызды екенін атап өтті. Сенатор осы жағдайға байланысты шұғыл түрде жүзеге асуы тиіс бірқатар шараларды ұсынды. 

Көкжиде жер асты суының аумағындағы мұнай өндіруші барлық кәсіпорындардың жер асты суын пайдалануға рұқсаттарын тексеру керек. Аталған аумақта 2025 жылға дейін мұнай және газ ұңғымаларын кезең-кезеңімен жою жөніндегі шаралар жоспарын қысқа мерзімде әзірлеу және бекіту маңызды. Жоспардың уақтылы және сапалы орындалуын бақылау қажет, - деді сенатор Бауыржан Қаниев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға