Жаңалықтар

Мүмкіндігі шектеулі жандарды мүсіркеудің орнына демеу керек

Мүмкіндігі шектеулі жандарды мүсіркеудің орнына демеу керек
Фото: жеке мұрағаттан 22.09.2024 16:16 571

Біздің қоғам бұған дейін ерекше қажеттілігі бар адамдарға үрке қарап, мүмкіндігі шектеулі жандарға деген аяныш сезімін жасырып қалмайтын. Мұның дұрыс емес екенін іштей білсе де, жер бетіндегі барлық адамның бірдей екенін, ең бастысы адами құндылықты дәріптеу керектігін түйсіне бермейтін. Соңғы жылдары ғана инклюзивті қоғам орнатудың маңызды екенін түсінген еліміз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға деген құрметті сөзбен емес, іспен көрсетуді мансұқ етіп келеді.

Алайда, мұндай игілікті қоғам құру оңай ма? Қоғамның осал топтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін өкілдермен тілдескенде неге шыр-пыр болады? Біздің билік ерекше көңіл бөлінуі тиіс, ерекше күтімді қажет ететін жандардың жүрек түкпіріндегі назына бір сәт үңіліп көрді ме? Ал осы салада қайырымдылық іспен айналысып, онысы үшін бір тиын ақы алмайтын үлкен жүректілердің мұңын тыңдап жатқан кім бар?

Қайырымдылық фестивалі – балалардың талантын ашады

Қазақстан және Орталық Азия отбасы институты жобасының директоры, еліміздегі психололгиялық қызмет бойынша нормативтік актілерді қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Эльмира Әлиева 2011 жылдан бері «Алматының қызыл алмасы – мықты және бақытты отбасының белгісі» атты қайырымдылық фестивалін ұйымдастырып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше мейрам сыйлауға тырысып жүр. Оның пікірінше, бала төрт қабырғаға қамалып қалмау керек.

Біз шақыратын балалардың қатарында көпбалалы отбасы, интернаттың балалары, тіпті балалықпен от кешіп, калонияға түсіп қалған және даму жағынан тежелген балалар бар. Олардың бұл мереке аясында бас қосуы әуелі өздеріне жақсы. Ортаға бейімделеді, жасырынып қалған таланты ашылады, өзіне деген сенімділігін оятып, болашақта адам болып қалыптасуына септігін тигізеді. Біз осы жағынан демеу көрсетпесек, олар ертең өздерін мемлекет, қоғам тұрмақ, ешкімге керексіз адам сезінуі мүмкін. «Бұл жағдай неге менің басымда болды екен?» деген жауапсыз сауалдың тұңғиығына түсіп кетпеуі керек. Себебі, мүмкіндігі шектеулі балалар да – осы қоғамның толыққанды мүшесі. Біздің бұл фестивальді өткізудегі мақсат – әр баланың жеке тұлға екенін сезіндіру, бақытқа бөлеу. Қатарынан 13 жыл ұйымдастырып жүргеніміздің өзі осы мақсатқа біртабан жақындағанымызды білдіретін сияқты, – дейді Эльмира Әлиева.

Жалпы, ерекше күтімді қажет ететін баласы бар кез келген ата-ана мұндай шаралардан хабардар болып жүреді. Алматы қаласынан бөлек, Алматы облысы, Атырау, Қостанай облысынан өтініш жазып, келушілер саны артқан. Бір мезетте 43 баланың басын қосып, шара өткізу оңай емес. Тіпті, коронавирус пандемиясы өршіген жылдары 4 сағаттан екі күн қатарынан ұйымдастырылды. Одан кейінгі жылдары қалыпты жағдай орнап, 20 баладан өткізе бастаған.

Бұл жолы ауқым да кеңейді. Қатарға Шығыс Қазақстан, Түркістан облысының балалары қосылды. Бір байқағаным, 13 жыл ішінде көз алдымызда өсіп жатқан бұл балалардың ойлау қабілеті артқан, даму бар. Әлгінде айтқанымдай, ерекше қыры, таланты ашылып, бірі – ән салды, енді бірі би биледі. Сахнаға шығып өнер көрсеткеніне өздерін бақытты сезінгеніне қарап, біз де марқайып қалдық. Мұндай нәтижеге қол жеткізуде – әуелі ата-ананың төзімділігі мен сабырлығының арқасы және ем-домның дұрыс жүргізілуі, әркез баланың жанына қажетті дүниені сіңіретін мұғалім мен психолог мамандардың еңбегі жатыр, – дейді Қазақстан және Орталық Азия отбасы институты жобасының директоры, еліміздегі психололгиялық қызмет бойынша нормативтік актілерді қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Эльмира Мақсұтқызы.

Қоғамда мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығы шектелген бе? Бұрын қалай еді, қазір ше? Олардың қатардағы қалыпты балалар сияқты білім алуына кедергі жоқ па? Бұл сауалдарға жауап берген маманның пікірі мынадай.

Соңғы жылдары біздің қоғам да өзгерді. Батыс елдері сияқты әр адамның орны, құндылығы арта түсті. Соған сай оң көзқарас пайда болды. Ең бастысы, біртіндеп болса да, инклюзивті орта қалыптасып, дамып келеді. Бұрынғыдай емес, білім ұяларында дамуы тежелген балалармен жеке жұмыс істейтін бағдарлама түзіліп, тиісті мамандар қызмет етуде. Қала ішінде жүріп-тұруы қиындық тудыратын балаларды діттеген жеріне жеткізетін инво-такси қызметі бар. Көшеде, тұрғын үй кіреберісінде арнайы жол жасалып, қондырғы орнатылған. Осы тақырып төңірегінде қайырымды шаралар мен басқосулар өткізу дәстүрге айналған. Демек, қазір мүмкіндік те, жағдай да қарастырылып жатыр. Бұл да болса біздің қоғамның адамгершілік құндылығының артқаны шығар, – дейді «Алматының қызыл алмасы – мықты және бақытты отбасының белгісі» атты қайырымдылық фестивалін ұйымдастырушы.

Бір сөзбен айтқанда, бізге инклюзивті қоғам қалыптастырып, дамытуға не жетіспейді? Халықтың санасы ма, әлде мемлекет тарапынан көмектің аздығы ма? Қоғам ілгері дамымай, ой-сана да, көқарас та өзгеруі екіталай. Жалпы, мамандар елімізде мұндай қоғам орнатуға барлық мүмкіндік бар деп санайды. Себебі, қазақ халқы әу бастан дәстүрге сәйкес, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасауды ұрпақтар сабақтастығына айналдырған. Адамгершілік пен мейірімділікті сіңірген, қашан да жақсылық жасап, қолұшын беруге әзір. Мұның өзі Қазақстанның инклюзивті орта қалыптастыруға қолайлы мемлекет екенін дәлелдесе керек. 

Елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар мен адамдардың дамуы үшін ашылып жатқан орталықтар бар. Осы салада арнайы бағдарлама жасалып, көмек беруге тырысып бағатын ұйымдардың да қызметі орасан. Мұны көрген жандардың қолдау көрсетуге деген құлшынысы артып, насихаттауға үлес қосады. Ата-аналарға мейлінше тың ақпараттар жеткізіп, баласының оңалып кетуіне моралдық және материалдық тұрғыдан септігін тигізетін мекемелердің жұмысын бағалауымыз керек. Яғни, осындай ерекше балалардың дамуына жасырын түрде қаржылай демеу жасайтын меценат ортасы пайда болды. Бұл біздің қалталы азаматтардың қоғамның әрбір мүшесіне бейжай қарамайтындығын көрсетсе керек. Сондықтан оларға мен де, сіз де, ол да көмек беруге дайын тұруымыз тиіс деп ойлаймын, –  деп түйіндеді пікірін маман Эльмира Мақсұтқызы.

«Зағип бүлдіршіндерді оңалтатын балабақшаны өзім аштым»

Өмірге дені сау, он екі мүшесі түгел бала әкелу кепілдендірілмеген. Бәдкім, біреу мұны «Алланың берген сынағы» деп қабылдайды, енді бірі – «маңдайға жазылған тағдыр» деп санайды. Қалай десек те, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, өмірге әкелген балаң – сенің жаныңның бір бөлшегі. Ана жүрегі құрсағынан жарып шыққан баласын қалай бар солай қабылдайды. Сондай жұптың отбасында дүниеге келген үшінші баланың туабітті көзі көрмейді. Әуелгіде білмейді, кейін белгілері байқала бастаған соң мамандарға тексертіп, көп ұзамай диагноз да қойылады.  

Біз Павлодар қаласында тұрдық. Үшінші ұлым өмірге зағип болып келді. Оған – көру жүйкесінің атрофиясы деген диагноз қойды. Мамандар ота жасауға болмайды, емделмейді дегенді айтты. Бірақ 3 жастан асқанда баланы ортаға бейімдеу үшін, оңалту орталығын іздей бастадым. Себебі, көзі су қараңғы баланы кәдімгі балабақшаға бере алмайсың. Ол мен үшін де, бала үшін де стресс болар еді. Сосын не болса да, Алматыда бар шығар деп, осында көшіп келдік. Бірақ көңіліміз су сепкендей басылды. Алып шаһарда көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп пен дамыту орталығы ғана бар екен. Олар 5 жастан бастап қана қабылдайды. Одан кішкентай балалар баратын балабақша таппадық. Дәл өзім сияқты қиналып жүрген қаншама ата-ана барын да білемін. Олардың жағдайын да түсінемін. Сөйттік те, тәуекел деп, екі қабатты үйді жалға алып, сондай балабақшаны өзіміз ашуға бел буып, оған «Max kids» деген атау бердік, – дейді Индира.

Алайда, балабақша ашуға бекінген отбасы министрлікке, Алматы қалалық білім және әлеуметті қорғау басқармасына да өтініш жазған. Бірақ нақты көмек ұсынатынын айтпаса да, бір мәрте көріп кеткен. Ашылғанына үш жылдан асқан балабақша үйін кейіннен тегін берген жомарт жанның арқасында жұмыс істеп келді.  

Мұнда көзі мүлдем көрмейтін жеті бала бар. Бізді естіп, баласын бергісі келген ата-ана күн сайын хабарласады. Мектеп жасына жетіп қалған кей балалар Брайль әдісін білмейді. Соны тезірек меңгергісі келеді. Бірақ біздің орналасқан мекенжай қаланың орталығынан қашық. Ата-ана баласын әкеліп-әкетуге қиналады. Әсіресе, қыстыгүні жетудің өзі мұң. Бәріміздің арманымыз – оңалту балабақшасының қала орталығынан ашылуы. Жергілікті әкімдіктен, білім басқармасынан қолдау көрсетуін сұрап, өтініш те жаздық, – дейді оңалту балабақшасының жетекшісі.

Оның айтуынша, бүгінде мемлекет 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға оңалту үшін көмек береді екен. «Бірақ бұл санатқа зағип балалар кірмейді. Мұны қаншама рет мәселе ретінде көтеріп, құзырлы мекемелерден министрлікке жеткізуге көмек сұрадық. Себебі, бұлар да мүгедек балалар. Олар мектепке дейінгі мекемемен де, мектеппен де қамтамасыз етілуі тиіс. Неге екенін білмеймін, маған Алматы қалалық білім және әлеуметті қорғау басқармасы балабақшаны қамтамасыз ету тиімсіз деген емеуріндегі жауапты берді. Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өтінішімді қарап, мынаны хабарлады.

Басқарма арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру шеңберінде үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейді. Алматы қаласында жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер мемлекеттік және мемлекеттік емес секторлар арқылы көрсетіледі. Бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларға қызмет көрсетуге мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру бойынша ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жүргізілуде. Бұған психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, сондай-ақ кәрілікке байланысты өзін-өзі күтуге қабілетсіз адамдар кіреді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №5 бұйрығымен бекітілген жартылай стационар жағдайында халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандартына сәйкес, ызметті алушқыларға әлеуметтік, әлеуметтік, медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетіледі. Бөлім жыл сайын жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін ҮЕҰ-ға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс береді, онда шарттарға әзірленген техникалық шарттарға сәйкес әлеуетті өнім беруші Стандартқа сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсете алуы тиіс» делінген жауапта, – деп толықтырды пікірін ата-ана. 

Ал бұл өтінішке Алматы қаласының Білім басқармасы қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру ережесінің бекітілмегенін хабарлаған.

Алматы қаласында 257 бала оқитын Н.Островский атындағы зағип және нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернаты, сондай-ақ No13, №124 және №1 арнайы балабақшалар жұмыс істейді. Көру қабілеті бұзылған балаларға 123, онда 124 балаға көмек көрсетіледі. Жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік білім беру тапсырысы Қазақстан Республикасы Білім министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы No 381 бұйрығына сәйкес конкурс негізінде орналастырылады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпы білім беру стандарты шеңберінде бір балаға мектепке дейінгі ұйымның тәрбиелеу мен оқытуға ағымдағы шығындары өтеледі, - деп жауап берген Білім басқармасы.

Алайда, балабақша жетекшісінің айтуынша, Алматы-1 жақтан жалға берілетін мекеме беру қарастырылып жатыр екен. «Бізге субсидия беруден бас тартты. Бұл мекенжайды жалға аламыз. Жаңа орынға көшсек, балалар саны артады. Қазірдің өзінде орын алып қоюын өтініп жатқан ата-ана баршылық. Бірақ олар бізге тегін келе алмайды», – деп түйіндеді Индира Біләлова.

Бала – бауыр етің. Оны сол күйінде қабылдау да – ерлік. Бұл мүмкіндігі шектеулі балалармен етене жұмыс істейтін мамандардың пікірі. Ал баланың қоғамнан тысқары қалмай, дамуы үшін аянбай еңбектенетін ата-ананың мықты болғаны абзал. Алайда, оңалту орталығындағы осындай балаларға тәлім-тәрбие беретін мамандардың білікті болуы алаңдататын жайт. Балаларды ортаға бейімдеп, қолына ас қасық ұстатуды үйретудің өзі сабырлылықты талап етеді. Бізде бұған төзімі жететін мамандар дайындала ма? Яғни, тифлопедагог мамандығын таңдайтын жастар оңалту орталығында жұмыс істеуге құлықты ма? 

«Max kids» оңалту балабақшасының жетекшісінің айтуынша, осы мамандықта білім алып жатқан жастар бар. «Әйтпесе, біз шарқ ұрып маман іздедік. Басқосуларда, конференцияда айтып жүреміз. Жыл сайын осы мамандыққа 10 студент қабылданады екен. Бірақ бітірген соң басқа салаға кететін сияқты. Соған қарағанда грантқа бола түсетін шығар, – дейді ол.

Демек, қоғамда әлі де болса бұл салаға көңіл бөлу жеткіліксіз. Маман тапшылығы өз алдына, мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне алмауы кірбің ұялатады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға