2 Қыркүйек 2020, 18:48

Жетіген аспабының қағыс түрлері | 3-шi сабақ

Жетіген аспабы түркі тілдес халықтардың барлығында да бар және өз тілдік атауларымен аталады. Мысалы, татарлар — “етиган”, тывалықтар — “жадықан”, хақастар — “шатқан” деп атап, музыкалық аспаптарымыздың да этникалық шығу, пайда болу негізінің ұқсас, тектес екендігін байқатады.

Көне жетігенде құлақ болмаған. Ішектердің астына екі жақ шетінен асық қойылған. Аспап осы асықтарды жылжыту арқылы күйге келтірілетін болған. Даусын көтеру үшін асықтарды ішектердің екі жақ басынан ортасына қарай жақындатқан, ал оларды кері жылжытып, араларын алшақтатса дауыс төмендеген. Әрбір ішектің бұрауын келтіргенде орындалатын әннің, әyeнi басшылыққа алынған. Осы арада айта кетелік, домбыраны күйге келтіргенде тек ішектерді қатайтып не босатып қана қоймайды, сонымен қатар тиек пен шайтан тиекті жылжыту арқылы да бұрауын реттейді. Бұдан көретініміз, жетіген мен домбыраны күйге келтіру әдісінде кейбір ұқсастық бар. Ішектерінің бұрауы бұрынғыша келтірілетін домбыралар әлі де кездеседі. Ондай домбырада құлақ жалғыз болады. Жоғарғы ішек қолмен керіліп аспаптың басына байланады. Екінші ішек құлаққа бекітіледі және оны жоғарғы ішектің дыбысына келтіріп бұрайды. Жетігенге қүлақ жасағаннан кейін де оның ішектерінің бұрауын келтіруге тиекті пайдалану принципі сақталып қалды. Жетіген талай жүздеген жылдар өтсе де сол баяғы қарапайым күйінде қала берді. Ішек саны жетеу, тиегі асық.

Бөлісу: