Домбырада ойнап үйреніңіз! Дәріс №6

Көңіл толқыны – қазақ композиторы, домбырашы, күйші – Сәкен Тұрысбеков шығарған күй. Бұл күй тағдыр тәлкегіне түскен кезде дүниеге келген. «Көңіл толқыны» 1985-87 жылдары туған. Сәкен аға екі жасар Жанар және Анар атты қыздарынан табан асты айырылып қалған. Бірін көлік қағып кетсе, екіншісіне көз тиіп қайтыс болған. Қос бірдей баласын жер астына тапсырған Сәкен аға ауыр күйге түсіп, қатты тұйықталып кеткен. Жер бетіне сыймай, қайғы жамылған сәтте, «Көңіл толқыны» күйін өмірге әкеледі. Күй бірден көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, кеңінен таралады. Тіпті, алыс-жақын шетелдегі жұртшылық күйді тыңдаған бойда оның авторын іздестіріп, күйдің шығу тарихына білгілері келеді. Жапондық тыңдармандар күй аннотациясын сұраған кезде, автор іштегі орны толмас, өкінішті сыртқа шығармас үшін «Бұл күй «Невада-Семей» қайғысына арналған еді» деп қоя берген. Сәкен Тұрысбеков «Көңіл толқыны» кітабында былай деп жазады: «Күйдің өзегінде әкенің орны толмас өкініші мен өксігі жатыр. «Көңіл толқыны» - өзіне дейінгі ұлы күйші-сазгерлердің рухани жалғасы болғанымен, ішкі табиғаты мүлде бөлек, жүрек қылын дірілдете шертер күші бар, тыңдаушысын ой мен сезім тұңғиығына тартатын туынды».