Асанәлі Әшімовтің 80 жылдық мерейтой кеші өтті

12.05.2017

Бүгін  Әуезов театрының сахнасында  Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтарының иегері Асанәлі Әшімовтің 80 жылдық мерейтой кеші өтті. Театр артистері мен «Салтанат» би ансамблі шымылдығын ашқан кеште, театр мен кино актері ретро машинамен шығып, ұлттық өнеріміздің бірегей тұлғасы  Бибігүл Төлегеновамен «Еңлік-Кебек» спектаклінен үзінді орындады.

Ұлтымыздың мақтанышы, Алаштың ардақтысы Асанәлі Әшімовтің мерейлі қуанышына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, ҚР Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова арнайы келсе, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ақ тілегін арнап,  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың құрмет грамотасын табыс етті. Сондай-ақ,  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы - Қайрат Мами, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары - Мұхтар Құл-Мұхаммед, өнердегі достары КСРО Халық артисі, Ресей мемлекеттік сыйлықтарының иегері, актер, режиссер - Олег Табаков және КСРО Халық артисі, Армения   мемлекеттік сыйлықтарының иегері - Армен Джигерханян, Ресейдің халық артисі Никита Михалковтан келген адресаттар  мен құттықтау хаттары өз иесін тапты.

Ұлттық өнердің мэтріне айналған Асанәлі Әшімов қазақ киносының төлқұжатындай болған  «Қыз Жібек» (реж.С.Қожықов) фильміндегі Бекежан бейнесімен халықтың жадында сақталды. Кеш барысында аталмыш фильмнен үзінді көрсетіліп, театрдың жас артистері Салтанат Бақаева, Асан Киргабаков, Әзімбек Байлин  басты кейіпкерлер – Бекежан, Жібек, Төлегеннің арияларынан үзінді орындады.

Актерлікпен қатар режиссер ретінде де спектакль сахналаған хас шебер, өзі нақышына келтіріп ойнаған Дон Жуанды (М Фриш «Дон Жуанның думаны») Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында сахналаған болатын. Аталған театрдың белді артистері «Дон Жуанның думаны» қойылымынан үзінді көрсетіп, өткенге бір көз жүгірткендей болды.

Тек өнерде ғана емес, жазушылық қырынан танылған Асанәлі Әшімовтің бұл кешінде  Қазақстанның халық артисі, 100 жастағы Айша Абдуллина, Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалиндер құрметті қонақтардың қатарынан табылды.  Сонымен қатар, кеш барысында кішкентай Асанәлі Әшімов  Ф.Оңғарсынованың өлеңін оқып, өзінің  әсем әнін арнады.

Еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі мәдени шараларға белсенді атсалысатын сахна абызы, Қазақстан Театрлары Ассоциациясының төрағасы ретінде де біршама игі шаралардың өтуіне өлшеусіз  үлесін қосты.

Сан қырынан көрініп, халықтың сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласына  бөленген актердің мерейтойлық кеші жоғары деңгейде өткізіліп, кеш соңында Асанәлі Әшімов жиналған қауымға ақ тілегін арнап, батасын берді.

Қазақ театры мен киносының корифейі Асанәлі Әшімовтің бұл мерейтойы Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік «Экспо -2017» көрмесінде де өз жалғасын таппақ. Нақтырақ айтсақ, актердің атында Дүниежүзілік  театр фестивалі ұйымдастырылып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген театр ұжымдары өз өнерлерін жиналған қонақтардың назарына ұсынатын болады.