sportsheroes.ru

Мұхаммед Әлиден Тьерри Анриге дейін: ислам дінін қабылдаған танымал спортшылар

Әлемде өзге діни ұстаныммен дүниеге келіп, уақыт өте ислам дінін қаблдаған даңқты спортшылар аз емес. Солардың көшін, боксшы Мұхаммед Әли бастайтыны анық. Одан кейін де талай танымал саңлақ өзінің мұсылман атанғанын мәлімдеді. Ендеше, бүгін біз сондай спортшылардың дінге бет бұру себептері, қоғамдық ұстанымдары мен бұл көзқарасы карьерасына қалай әсер еткені туралы жаздық, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мұхаммед Әли, бокс

Америкалық боксшы Кассиус Клей көпшілікке Мұхаммед Әли есімімен танымал. Клей 1964 жылы 25 ақпанда Сонни Листонмен өткен чемпиондық жекпе-жектен кейін «Ислам ұлты» ұйымына қосылып, атын Мұхаммед Әли деп өзгертті. Сондықтан әлем оны осы атпен таныды.

Боксшының айтуынша, ислам дінін қабылдауы оның өмір жолын түбегейлі өзгерткен: ол нәсілдік әділетсіздікке ашық түрде қарсы болды және өзге афро‑американдарды өзінің ұстанымын нақтылауға шақырды.

1967 жылы Вьетнамдағы әскери қызметке шақырылғанда, Әли соғысудан бас тартып, діни сенімдеріне сәйкес басқаларға зиян келтіре алмайтынын мәлімдеді. Осы көзқарасы үшін ол әлем чемпионы атағынан айырылып, кәсіби рингте өнер көрсетуіне тыйым салынды. Тіпті былғары қолғап шебері қылмыстық жауапкершілікке де тартылды. Бірақ Әли өз ұстанымдарынан бас тартқан жоқ.

Майк Тайсон, бокс

Ауыр салмақта бұрынғы абсолютті әлем чемпионы, аты аңызға айналған Майк Тайсон 2024 жылы берген сұхбатында ислам дінін 1991 жылдың қарашасында басталған сот процесі қарсаңында қабылдағанын айтқан еді. Сол кезде америкалық спортшыға зорлау айыбы тағылып, ол алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Сот процесіне дейін-ақ мен ислам дінін қабылдадым. Бұл мен үшін нағыз ақиқат жолы болды. Әлі күнге дейін дінімді ұстанып келемін және ол өмір бойына жалғаса береді. Маған бұл сенім - өмір сүруім үшін, өзімнің бар екенімді сезіну үшін қажет. Сенімсіз ештеңе жоқ. Мен үнемі дұға етіп жүремін - отбасым үшін де, тіпті көшеден өтер кезде де, - деген Тайсон Daily Mail порталына берген сұхбатында.

Тайсон түрмеге бірнеше рет қамалған. 1992 жылы 10 ақпанда Дезире Вашингтонды зорлады деп айыпталып, алты жылға сотталып, бірақ үш жылдан кейін мерзімінен бұрын босатылды. 1999 жылы жол апатына қатысқан адамдарды ұрғаны үшін бір жылға сотталды. Ал 2008 жылы есірткі сақтау фактісі бойынша бір тәулікке қамауға алынған.

Тайсон ­- ауыр салмақ дәрежесінде ең жас чемпион атанған боксшы: чемпиондық белбеуді жеңіп алғанда ол 20 жастан 144 күнге асқан еді, ал 21 жасында абсолютті әлем чемпионы болды. Сонымен қатар ол тарихта абсолютті әлем чемпионы атағын алты рет қорғаған жалғыз боксшы. 59 жастағы спортшының еншісінде 50 жеңіс болса, соның 44-ін нокаутпен аяқтаған.

Карим Абдул‑Джаббар, баскетбол

Ұлттық баскетбол қауымдастығының (NBA) алты дүркін чемпионы Карим Абдул‑Джаббар (туғанда қойылған аты - Льюис Алсиндор) 1968 жылдың жазында ислам дінін қабылдады. Дегенмен ол 1971 жылға дейін өзінің арабша атын ресми түрде қолданбаған.

2015 жылы Карим Абдул-Джаббар өзінің Facebook парақшасында ислам дінін қабылдағаннан кейін алғашқы жылдары оның ең қатаң, дәстүрлі ілімдерін ұстанғанын ашық жазды.

«Менің мұсылман болғаныма жарты ғасырға жуықтады. Дінге жас кезімде бет бұрғандықтан әрі мен үшін бұл жаңа дін болғандықтан, мен исламның ең дәстүрлі ілімдерін қабылдадым. Маған солай үйретті. Өзге адамдар секілді менің де көзқарасым, өмірлік ұстанымдарым уақыт өте келе өзгерді. Жастық шағымызда не айтып, не ойлап, не істегенімізді еске алғанда, сол шақтағы өзімізді өзгерту үшін уақыт машинасына отырғымыз келетіні рас, - деп жазды Абдул-Джаббар.

Франк Рибери, футбол

Әлемге танымал футболшы, «Бавария» клубының жартылай қорғаушысы Франк Рибери 2006 жылы ислам дінін қабылдады. Оның бұл қадамына түп-тамыры алжирлік жұбайы Вахиба әсер еткен.

Ол өзіне Биляль Юсуф Мохаммед деген есім алды. Рибери діннің дүниетанымына әсер етпегенін атап өтті:

Ақиқатын айтсам, мен егер бұл өмірде ең жақсы қызбен кездеспесем, мұсылман болмас едім. Ал Вахиба үшін бақытқа жету жолында барлығына дайынмыын. Мен діни сенімде тыныштық таптым, ислам ең қиын сәттерде жанға дауа. Құранды оқығанда аң-таң болдым ­- бұл ғаламдағы ең дана кітап.

Тьерри Анри, футбол

1998 жылғы Франция құрамасының әлем чемпионы Тьерри Анри 2006 жылдан бері исламды ұстанады. Al Jazeera арнасына берген сұхбатында, ол осы дінге қызығушылық танытуына себеп Рибери мен Эрик Абидаль секілді достары әсер еткенін екенін айтқан.

Исламды қабылдағаннан кейін, Анри әр голдан кейін маңдайын сәждеге қоятын. «Бұл әлеммен байланысты кез келген дүние исламда анық көрсетілген. Адам бір нәрсеге қызыққанда, оның барлығын Алла жаратқанын түсінеді. Осындай тұжырымдар Құранда да бар, - деп санайды Анри.

Николя Анелька, футбол

Франция құрамасының бұрынғы шабуылшысы, 2000 жылғы Еуропа чемпионы Николя Анелька 2004 жылы - 25 жасында исламды қабылдады, сол кезде ол Біріккен Араб Әмірліктерінде жүрген. Өзінің сөзіне қарағанда, бұл шешіміне алжирлік достары әсер еткен. Исламды қабылдағанда есімін Абдул‑Салам Билал деп өзгертті.

Анелька:

Исламды қабылдағаннан кейін өмірімде ештеңе өзгерген жоқ. Бұған дейін де адал, жоғары құндылыққа негізделген ұстанымдармен өмір сүргенмін. Рамазан айында ораза ұстауды әдетке айналдырдым, - деген болатын.

Эрик Абидаль, футбол

Франция құрамасының үздік қорғаушыларының бірі саналған Эрик Абидаль 2003 жылы ислам дінін қабылдап, Биляль деген есім алды. Дінді қабылдаған соң ол Құранның барлық талабын, соның ішінде ораза мен басқа да рәсімдерді қатты ұстанатынын мәлімдеген.