Жаңалықтар

Мүгедек жанды аяққа тұрғызатын экзоскелет

Талайға үміт отын сыйлаған азамат
Мүгедек жанды аяққа тұрғызатын экзоскелет
05.02.2018 15:15 10765

Тағдырдың тәлкегімен түрлі жағдайға ұшырап, мүгедектер арбасына таңылған талай жанға «Viptop ехо» компаниясы үміт отын сыйламақ. Компанияның білікті қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі жандардың өздігінен жүріп-тұруына, қимыл-қозғалыс жасауына мүмкіндік беретін экзоскелет құрастыруға кірісті. Экзоскелетті киіп, батырманы басса болғаны, сал болып туылған немесе басқа оқыс оқиғалардан кейін жер басып, жүре алмай қалған жандардың аяғы икемге келіп, қадам жасай алады.

Компанияның негізін салушы, идея авторы – Әбдіразақ Жанбосынов. Ол – жеке кәсіпкер. Құрылыс саласының қыр-сырын меңгерген кәнігі маман, қарапайым жұмысшыдан бастап, «Три А» құрылыс компаниясының директорлығы қызметіне дейін көтерілген. Бір күні қолында екі балдағы бар бейтаныс қыздың автобустан қиналып түсіп келе жатқанын көріп, терең ойға батады. Ол қыздың және дәл сондай қиындықпен бетпе-бет күресіп жүрген адамдардың өмірін қалайда жеңілдеткісі келеді. Айналасына жас ғалымдар мен өнертапқыштарды жинайды. Түрлі жобаларды ортақ талқыға салады. Бес-алты жобаның ішінен экзоскелет идеясы қатты ұнап, жасап көруге бекиді.

– Ата-анам – мұғалім, қарапайым отбасынан шыққанмын. Кішкентай кезімізден жақсылық жасауды, қарапайым болуды, әлсізге көмектесуді құлағымызға құйып өсірді. Құрылыс саласынан бөлек, адамдарға шын ниетіммен көмектескім келді. Әр қалада жүрген жас мамандардың басын қосып, бір жыл бұрын экзоскелет жасауды бастадық. Бүгінгі күнге дейін үш экзоскелет құрастырдық. Оның біріншісі ауыр зат көтеруге арналған. Белгілі себептермен соңына дейін аяқталмай қалды. Ал екінші экзоскелетті 11 жасар Ақмарал деген қызға сыйға тарттық. Үшіншісі де бітуге таяу. Ол бойы 160-190 см болатын адамдарға арналған. Оны тапсырыс бойынша, құрылыста жүріп, жарақат алып, жүре алмай қалған азаматқа арнап жасадық. Бір сәт уақытыңызды бөліп, кез келген мүгедек жанмен тілдесіп көріңізші. Олардың өзінің әлемі, арман-мақсаты бар. Біздің елімізде мүгедектер арбасына таңылған 100 мыңға жуық адам бар екен. Олардың көңілдеріне үміт отын жаққымыз келді, «жүріп кетемін» деген тілегін орындауға күш салмақ болып шештік. Нәтижеміз жаман емес. Қазір жобаны кеңейтіп, айына 10-20 экзоскелет құрастыру үшін инвестор іздеп жатырмыз.  Ол үшін 70 миллион теңге қажет,  – дейді компания директоры Әбдіразақ Жанбосынов.

Сондай-ақ, компания қызметкерлері экзоскелетті алдағы уақытта өнеркәсіп, құрылыс, әскери салаларға да арнап шығармақ. Мысалы, таулы аймақтарға немесе бой көтеріп жатқан ғимараттарға үлкен техника кіре алмаса, экзоскелет арқылы ауыр зат жеткізіп, оларды ары-бері тасып, орнынан жылжытуға болады.

Экзоскелеттің адам денсаулығына да пайдасы орасан зор. Бұлшықет пен сүйек тінін жұмыс істеткізеді, қан қысымын қалпына келтіреді, ас қорыту жүйелерінің қызметін дұрыстайды.

– Менің мақсатым – пайда табу емес, ғылымды дамыту. Болашақта жас өнертапқыш пен ғалымдардың басын қосатын орталық құрғым келеді. Олар бұл орталықта өздерінің идеяларын іске асырып, жаңа технологияларды адам өміріне енгізсе деймін. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз, – дейді кәсіпкер Әбдіразақ Жанбосынов.

Еламан алғашқы экзоскелетті 8 сыныпта құрастырған

Экзоскелеттің қалай құрастырылатынын көрмек болып, Алматыдағы «Сайран ситиге» бас сұқтым. Аядай бөлмеде Еламан Мертай үшінші экзоскелетті құрастырып бітіп қалыпты. Ол өзін туғаннан конструктор санайды. Жасы 22-де. Бала кезінен робототехника үйірмесіне қызығып қатысқан. Республикалық, халықаралық жас өнертапқыштар сайысында топ жарған. Экзоскелетті жасауға бала арманы себепші болған екен.

– Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданы, Қаныш Сәтбаев атындағы жалпы орта мектепте білім алдым. 8 сыныптан бастап түрлі сайыстарға қатыса бастадым. Төрт халықаралық, алты республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанып, 11-сыныпта төрт жоғары оқу орнының грантын иелендім. Сайысқа жоғары сынып оқушылары мен студенттер қатысады. Олардың арасында мен ең кішкентайы болатынмын. Сол себептен шығар, қазылар алқасы роботтарды менің құрастырғаныма сенбейтін. Біреудің жұмысын алып келді деп ойлайтын. Оған ашуланып, өзім құрастырғанымды дәлелдеу үшін роботымды қайта шашып, жинап беретінмін. Немесе әр ісімді бастан-аяқ видеоға түсіретінмін. Біз жетекшіміз Бақытжан Мәуленовтің бағыт-бағдарының арқасында ұшақ, зымыран құрастырып ұшырдық. Экзоскелетті де оқушы кезімде жасағанмын, – дейді Еламан.

Мектеп бітірген соң арманын арқалап Алматыға аяқ басады. Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің «Аспап жасау» мамандығы бойынша оқуға түседі. Бірақ екінші курс оқып жүргенде алған біліміне көңілі толмай, өз еркімен оқудан шығып, туған жері Оралға қайта оралады. Бір күні «Viptop ехо» компаниясының қызметкері Нұрлан Үркімбай интернеттен ақпарат іздеп отырып, Еламанның оқушы кезінде құрастырған экзоскелеті жайлы жазылған мақалаға тап болады. Дайын маман. Дереу оны іздеуге кіріседі. Алматыға жұмысқа шақырады. Еламан осылайша бала күнінен армандаған экзоскелетін құрастыруға мүмкіндік алады.

 – Экзоскелетті құрастыру қиын емес, бағдарламасын жазу қиын. Әр адамның мүмкіндігі әртүрлі. Мысалы, біреудің екі аяғы да істемейді, біреудің бір аяғы жүрмейді. Ал тағы біреудің екі аяғы болғанымен, әлсіз, өздігінен жүре алмайды. Сондықтан әр адамға жеке бағдарлама жазылады. Оған біраз уақыт кетеді. Сержан деген мықты әріптесім бар. Ол бағдарламасын жазып шығады. Сосын мен қалай қимылдайды, қалай қозғалады, сол жағын ойланып, құрастырамын. Экзоскелетке қажетті қозғалтатын редукторды ғана Жапониядан алдырып отырмыз. Ал қалған қажетті темір-терсектің бәрі өзімізден шығады. Бір ғана аппаратымыз бар. Басқа жұмыстардың барлығын қолмен кесіп жасап жатырмын. Егер инвестор табылса, темір кесетін, тағы басқа құрал-жабдықтарды сатып алатын едік. Өзін басқалардан оқшау сезініп өскен, жүрмеген адамдардың аяғын жерге тигізіп, алғаш қадам жасағандағы қуанышын көру, сезіну – ерекше бақыт. Біздің мақсатымыз – адамдарды тұрғызу, жүргізу. Біз сол мақсатымызға қол жеткізіп келеміз, – дейді Еламан.

11 жасар Ақмаралға экзоскелетті сыйға тартты

Экзоскелетті бүгінде АҚШ, Израиль, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Жапония және Ресей елдері құрастырып, сатуда. Жақында бұл тізімге Қазақстан да қосылады. Бір экзоскелеттің құны Ресейде 42 мың доллар болса,  АҚШ-та 110 мың долларға бағаланып отыр. Ал бізде құрастырылып жатқан экзоскелет 10-12 мың доллар болады деп болжануда. Компания қызметкерлері екінші құрастырған экзоскелетті алматылық Ақмарал Түсіпбаеваға сыйға тартты.

– Ақмарал менің тұңғыш қызым. Жасы 11-де. Әбдіразақ Жанбосынов бастаған компания қызметкерлері қызыма экзоскелетті сыйға тартты. Оны киіп, екі аяғын нық басқан қызымның қуанышында шек жоқ. Тіпті өзіміз де көзімізге жас алдық. Әрине, қуаныштан. Күнұзақ үйде отыратын барлық мүгедек бала өзге ұл-қыздар секілді асыр салып ойнағысы, жүгіргісі, жүргісі келеді. Ең болмағанда жерге аяғын басып, тік тұрғысы келеді. Экзоскелетті жасаушылар осындай арманмен өмір сүріп жүрген талай адамның үміт отын қайта жаққаны анық. Ризашылығым, алғысым шексіз. Экзоскелет өте ыңғайлы. Көтерілу граду­сын, жылдамдығын қызым батырма арқылы өзі басқарады. Құрылғының батареясы 2 сағат бойы жүргенге жетеді екен. Өмірде жақсылыққа, жаңалыққа жаны құштар жандардың бары қандай жақсы. Істері алға бассын деп тілеймін, – дейді Ақмаралдың анасы Маржан Танысбаева.

«Viptop ехо» компаниясы құрастырып жатқан экзоскелеттің салмағы 17 келі. Әр экзоскелетті жасаған сайын өзгерістер енгізіп, жетілдіріп жатыр. Адамзаттың, жалпы айналасындағы өмірдің сәл де болса жақсаруына барын салып, көңілі жарым жандарды қуантуға асығып жүрген Әбдіразақ аға бастаған топтың қызықты істеріне бір жағы сүйсінсең, бір жағы тәнті боласың. Егер әр адам осылай ойлап, әрекет етсе, әлемнің жақсара түсері анық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға