El.kz

Мұғалімді артық жұмысқа мәжбүрлегендер жауапқа тартылуы мүмкін

25.02.2026 17:00

Қазақстанда мұғалімдерді өз міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартатындарға айыппұл салу мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов заң жобасын талқылау барысында мәлімдеді. Оның айтуынша, педагогтерді сенбілікке шығару, түрлі есеп пен ұйымдастыру жұмыстарына жұмылдыру секілді жағдайлар әлі де кездеседі. Сондықтан бұл мәселеге нақты жауапкершілік енгізу қажет.

Депутаттың сөзінше, қазір мұғалімді заңсыз жұмысқа тарту фактілері анықталған жағдайда ескерту ғана беріледі. Алайда бұл талаптардың сақталуына жеткілікті әсер етпей отыр.

Қазір ондай жағдайлар үшін бізде тек ескерту бар. Бірақ біздің ұсынып отырғанымыз – ескерту емес, мөлшері шағын болса да, айыппұл болуы керек. Егер мектеп директоры немесе тиісті басшы мұғалімді өз міндетіне кірмейтін жұмысқа тартса, жауапкершілік сол басшыға жүктелуі тиіс, – деді депутат.

Аймағамбетов бұл нормалар қарапайым азаматтарға емес, білім беру ұйымдарының басшылары мен уәкілетті мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты болатынын атап өтті. Яғни шешімді мектеп әкімшілігі, білім басқармасы немесе басқа құрылым қабылдаған жағдайда жауапкершілік те соларға артылады.

Бұл мәселенің өзектілігін қоғамда соңғы уақытта жиі талқыланып жүрген оқиғалар да арттыра түсті. Соның бірі – Семей қаласында болған жағдай. Естеріңізде болса, алдыңғы жылы Жаңа жыл қарсаңында мектеп аумағында шырша безендіру жұмыстарына қатысқан мұғалім биіктен құлап, жарақат алғаны туралы ақпарат тараған еді. Сол кезде де қоғам белсенділері мен ата-аналар педагогтердің өз қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартылуы әлі де тоқтамай отырғанын айтып, мәселені көтерді.

Осыған байланысты депутаттар педагогтердің қауіпсіздігі мен еңбек құқығын қорғау мәселесін заң деңгейінде күшейту қажеттігін алға тартып отыр.

Сонымен қатар депутат мұғалімдерге қатысты тағы бір өзекті проблема – мессенджерлер арқылы үздіксіз байланыс мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, әсіресе WhatsApp чаттары педагогтердің жұмыс уақытынан тыс жүктемесін арттырған.

Бізде WhatsApp деген проблема бар екенін ашық айту керек. Бұл әсіресе пандемия кезінде пайда болды. Сол кезде тығырықтан шығудың бір жолы болды. Бірақ қазір бұл қалыпты жағдайға айналып кетті, тіпті ауру деуге болады, – деді ол.

Айтуынша, кейбір мұғалімдер бір сыныптың өзінде бірнеше чатқа қосылып, ата-аналар мен оқушылардың хабарламаларына тәулік бойы жауап беруге мәжбүр.

Сабақ біткеннен кейін мұғалімнің жеке өмірі бар. Отбасысы, өз шаруасы бар. Сондықтан ресми бекітілмеген платформаларда жауап беру мұғалімнің міндеті болмауы керек, – деді Асхат Аймағамбетов.

Депутат білім беру жүйесінде байланыс жасауға арналған ресми платформалар жеткілікті екенін атап өтті. Оның сөзінше, EduPage, BilimClass, Kundelik жүйелері немесе электронды пошта арқылы оқу процесіне қатысты барлық ақпаратты жеткізуге болады.

Бізде ресми бекітілген платформалар бар. Солар арқылы жұмыс жүргізілуі керек. Ал бейресми мессенджерлерде міндеттеу дұрыс емес, – деді ол.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс депутаттары педагогтердің құқықтарын қорғауға бағытталған тиісті нормалар қарастырылған заң жобасын талқылауға алды. Егер бастама қолдау тапса, мұғалімдерді заңсыз жұмыстарға тарту фактілеріне нақты айыппұл енгізіліп, педагогтердің еңбек құқығы мен жеке уақытының сақталуына мүмкіндік бермек.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)