Мұғалімдердің жұмысы жеңілдегені рас па? Депутаттар жауап берді
Жақында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Жамбыл облысына барған сапарында мұғалімдердің жүктемесі азайғанын айтты. Бұл жаңалық ұстаздар қауымы арасында түрлі пікір тудырды. Шын мәнінде, мұғалімдердің жұмысы жеңілдеді ме? El.kz интернет порталының тілшісі осыған қатысты Мәжіліс депутаттарының пікірін білді.
Бұрынғы білім министрі, қазіргі депутат Асхат Аймағамбетов бұл өзгерістің негізі бұдан бірнеше жыл бұрын болғанын еске салды.
2019 жылы біз «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдадық. Сол кезде мұғалімдердің апталық жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа азайтылды. Бұл – ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, жалақысын өсіруге бағытталған маңызды қадам болды. Сондықтан министр айтып отырған жеңілдік – бұрын басталған реформаның жалғасы, – деді ол.
Ал Ринат Зайыт Жұлдыз Сүлейменованың өз ісін жақсы білетініне сенім білдірді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Министрдің өзі мұғалім болған адам. Ол білім саласының ішкі проблемаларын жақсы түсінеді. Егер ол мұғалімдердің жүктемесін азайтамыз десе, бұл сөзінде тұрады деп ойлаймын. Біз де мұғалімдерді артық жұмыстан босату мәселесін бірнеше рет көтердік. Артық есеп беру мен чаттағы міндеттемелер ұстаздың шығармашылық еркіндігін шектейді, – деді депутат.
Самат Нұртаза министрдің кәсіби біліктілігіне тоқталды.
Жұлдыз Сүлейменова – өз саласының нағыз маманы. Егер ол нақты деректерге сүйеніп, мұғалімдердің жұмысы жеңілдеді десе, бұған сенуге болады. Әрине, біз басқа салада жүрген соң, толық баға беру қиын, бірақ оның сөзіне негіз бар деп ойлаймын, – деді мәжілісмен.
Ал депутат Ерболат Саурықов мұғалімдердің жүктемесі шын мәнінде азайғанына сенімді емес.
Соңғы апталарда мұндай өзгеріс болды деген ақпаратты естіген жоқпын. Министр қызметіне енді ғана кірісті, сондықтан бұл бұрын басталған бастаманың жалғасы шығар. Бірақ, жалпы алғанда, мұғалімдердің жүктемесін азайту – қажет дүние. Өйткені ұстаз тек сабақ беріп қана қоймай, тәрбие, ғылыми жетекшілік және мектепішілік жұмыстарды қатар алып жүреді. Сол себепті олардың еңбегін жеңілдету – уақыт талабы, – деді депутат.
Мәжілісмен Ерлан Саиров соңғы жылдардағы оң өзгерістерге тоқталды.
2019 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы бірнеше есеге артты. Бұл – мемлекет тарапынан білім саласына берілген үлкен қолдау. Жалақы өскен соң жауапкершілік те артты. Ең бастысы, артық қағазбастылық пен бюрократиялық кедергілер азайып келеді. Министр Жұлдыз Сүлейменова бұрын мектеп директоры болған адам, сондықтан ол бұл проблеманы тереңнен біледі және шешімін таба алады деп сенемін, – деді Саиров.
Мұғалімдердің жүктемесі азайды ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Бірақ депутаттардың пікірінен байқағанымыз, соңғы жылдары педагог мәртебесін арттыру бағытында бірқатар нақты қадам жасалған. Енді сол реформалардың шын нәтижесін ұстаздардың өз еңбегінен, оқу сапасынан және мектептің тыныс-тіршілігінен көруге болады.

