Жаңалықтар

Мұғалімдердің жалақысы екі жылда 100 пайызға өсті

Мұғалімдердің жалақысы екі жылда 100 пайызға өсті
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 03.05.2023 15:19 3351

2020 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұстаздардың жалақысы жыл сайын 25 пайызға өсіп келеді.

Президент 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі Жолдауында педагогтердің жалақысын арттыруды тапсырды. Осы тапсырманы орындау шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысы жыл сайын кезең-кезеңімен 25 пайызға артып келеді.

Осылайша, 2023 жылы мұғалімдердің жалақысы екі есеге, яғни 100% - ға өсті. Мектеп мұғалімінің орташа айлық жалақысы 171 мың теңгеден 343 мың теңгеге дейін көтерілді.

Мұғалімдердің жалақысы екі жылда 100 пайызға өсті

Ал 2019 жылы педагогтің орташа айлық жалақысы – 171 мың теңге, 2020 жылы – 223 мың теңге, 2021 жылы – 259 мың теңге, 2022 жылы – 300 мың теңгені құрады.

Айта кетейік, мұғалімдердің еңбекақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігіне, еңбек өтіліне, магистр дәрежесіне және басқа да қосымша төлемдерге байланысты есептеледі.

Бүгінде мұғалімдердің жалақысы ғана емес қоғамдағы орны да артқаны байқалады. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын педагог мәртебесі туралы арнайы заң қабылданып, соның арқасында қазір мұғалімдер еркінен тыс кез келген жұмысқа міндеттелмейді.

Информатика пәнінің мұғалімі Гүлжанат Күшайдың айтуынша, қазір ұстаздардың қаржылық жағдайы реттелген. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы көптеген ұстаздар баспаналы болды. Білім беру сапасын арттыруға басымдылық беретін педагогтер саны да көбейген.

Ресми ақпарат бойынша елімізде 10871 мектепке дейінгі ұйымдар, 7550 білім беру мектептері, 724 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, 1312 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға