Жаңалықтар

МҚІА төрағасы Бакуде өткен халықаралық семинарға қатысты

МҚІА төрағасы Бакуде өткен халықаралық семинарға қатысты
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі 25.06.2024 19:00 266

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Баку қаласында Әзірбайжан Республикасының Мемлекеттік емтихан орталығы ұйымдастырылған «Мемлекеттік қызметтегі құзыреттілікке негізделген іріктеу және тиімділікті бағалау» тақырыбындағы халықаралық семинарға қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік қызмет саласындағы HR-дың стратегиялық заманауи тәжірибелері туралы пікірталас және ақпарат алмасуға арналған семинарға Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстан,  Босния және Герцеговина, Солтүстік Македония елдерінің мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органдар мен Астана мемлекеттік қызмет хабының басшылары, сондай-ақ шетелдік салалық сарапшылар қатысты.

Агенттіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Дархан Жазықбай шетелдік әріптестеріне Қазақстанда мемлекеттік қызметті трансформациялау бағытында «адамға бағдарланған», сервистік сипаттағы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру шаралары жайлы баяндады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Әділетті Қазақстан құру жөніндегі реформасы – еліміздің әрбір азаматы үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудегі басты бағдар. Осыған орай, біз мансаптық және позициялық модельдердің элементтерін қолдана отырып, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастырудамыз, - деді МҚІА төрағасы.

Ол жаңа гибридтік модель аясында мемлекеттік қызметке «кіру» және одан «шығу» рәсімдерінің жеңілдетілуі, HR құралдарын кеңінен қолдану және адами ресурстарды стратегиялық басқару жүйесін дамыту, кәсіби мамандар мен дарынды жастарды тарту, «e-Qyzmet» жүйесінде іске қосылған онлайн іріктеу форматы мен персоналды басқаруды цифрландыру бойынша Агенттікпен жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бастамаларға тоқталды. Сондай-ақ Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілерді бағалаудың жаңа автоматтандырылған жүйесіне назар аударылды. Бүгінде мемлекеттік қызметтегі басшылар үшін бағалау KPI-ге қол жеткізу нәтижелері негізінде, қатардағы қызметшілер үшін – міндеттерді орындау сапасына, мерзімдерді сақтауға, дербестік пен бастамашылыққа, еңбек тәртібіне негізделген саралау әдісі бойынша жүзеге асырылады.

Семинарға қатысушы елдер мемлекеттік қызметтегі іріктеу және құзыреттерді бағалау бойынша озық тәжірибелерді талқылап, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруда заманауи HR құралдарын қолданудың  маңыздылығын айтты.

Сонымен қатар, қатысушылар мемлекеттік қызметті дамыту бойынша Қазақстанның тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытқанын айта кету керек. Мәселен, Босния және Герцеговина мемлекетінің өкілдері  «e-Qyzmet» жүйесі бойынша тәжірибе алмасуға мүдделі екендіктерін жеткізді. Ал, Әзірбайжан республикасының цифрлық даму және көлік министрлігі Қазақстандағы Ассесмент орталықтың тәжірибесін өз бағалау жүйесін әзірлеуде ескергенін айтты.

Шара аясында Дархан Жазықбай Әзірбайжандағы мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеуді жүзеге асыратын Мемлекеттік емтихан орталығы және жаңа цифрлық технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталған ASAN мемлекеттік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға