Ашық дереккөзден

Моншаға түсудің бабын қаншалықты білеміз

19.10.2025 19:47

Қазақ халқы ежелден моншаны тәннің ғана емес, жанның да тазару орны деп білген. «Монша – адамның екінші өмірі» деген ұғым да бар. Ыстық бу мен таза су арқылы адам бойындағы шаршау, сырқат пен кірбің кетіп, көңіл сергіп, дене жеңілдейді. Алайда моншаның да өз бабын біліп, денсаулыққа зиян келтірмей пайдалану маңызды, деп жазады El.kz интернет порталы.

Моншадағы ең басты нәрсе – бу. Бу тым ыстық болса, адам ағзасына ауырлық түсіреді, ал тым салқын болса, әсері кемиді. Дұрыс температура – шамамен 60-80 °C аралығы. Осы деңгейдегі ыстық бу қан айналымын жақсартады, тері арқылы улы заттардың шығуына мүмкіндік береді. Терінің тесіктері ашылып, дене табиғи жолмен тазарады.

Жүрек пен қан қысымына әсері ерекше назарды қажет етеді. Жүрегі әлсіз немесе қан қысымы жоғары адамдарға ұзақ уақыт буға түсуге болмайды. Мұндай жағдайда адам терлеп, жүрекке салмақ түседі. Сондықтан моншаға алғаш кіргенде 5–7 минуттан артық отырмау керек. Әр кірген сайын уақытты біртіндеп ұлғайту – ең дұрыс тәсіл.

Моншаның тағы бір пайдасы - бұлшық ет пен буын ауруларын жеңілдету. Ыстық бу мен кендір немесе қайың сыпырғыштары денедегі қан айналымды жеделдетіп, қабынуды басады. Сонымен қатар, монша терең ұйқыны қалпына келтіреді, жүйкені тыныштандырады, иммундық жүйені нығайтады.

Моншаға түсу мәдениетінің де өз тәртібі бар. Алдымен жылы сумен шайынып, содан кейін ғана буға кіру керек. Бу қабылдаған соң, денені салқын сумен шайып, шәй не шөп тұнбасын ішіп, ағзаға тыныштық беру қажет. Осылайша моншаның бабын білген адам оның шипалық қасиетін толық сезіне алады.

Монша – қазақ тұрмысының ажырамас бөлігі. Ол тек тазалықтың емес, денсаулықтың да кепілі. Бу мен судың тепе-теңдігін сақтап, ағзаға дұрыс әсер етуді үйрену - әрбір адамның өз денесіне деген жауапкершілігі.