Жаңалықтар

«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім» (I бөлім)

Қандасымыз Айнұр Жәкейқызы Тәуелсіздік жылдары елге қоныс аударды
«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім» (I бөлім)
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 30.04.2021 22:48 5010

Еліміз егемендік алғаннан бастап осы уақытқа дейін бір миллионға тарта шеттегі этникалық қазақ атажұртқа оралды. Олардың шамамен жартысынан астамы көрші Өзбекстан мемлекетінен қоныс аударған. Ал қалған қандастарымыз шекаралас Ресей, Түркіменстан, Қытай және Моңғолиядан көшіп келді. Сондай-ақ бұған Қазақстанға оралмаған әлемнің көптеген елінде әлі өмір сүріп жатқан миллиондаған диаспораны қосыңыз...

Ұлы көштің басталғанына – 30 жыл

Биыл – еліміз үшін ерекше жыл. Өйткені барша қазақстандықтар Тәуелсіздіктің отыз жылдығын атап өткелі отыр. Оған қоса, 1991 жылы қарашада шетелдегі қандастарды Қазақстанға көшіру туралы ҚазССР үкіметінің қаулысы қабылданған еді. Мінеки, бұған да биыл тура отыз жыл болады.

«Отандастар қоры» КеАҚ Фронт-кеңселер үйлестірушісі Марат Тоқсамбаев алғашқы көшті ұйымдастырушылардың бірі болған.

– 1991 жылы еліміз егемендік алғаннан кейін ұлы көштің алғашқы легі Моңғолиядан Ресей Федерациясының шекарасы арқылы өтіп, Талдықорған облысына көшіп келді. Мұнда барлығы 96 отбасы қоныс аударған болатын. Осыдан кейін 1991-1992 жылдары көші-қон мәселелері жөніндегі нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыруға кірістік. Өйткені шеттен тарихи Отанына келуге ниет еткен ағайынның қарасы көп екенін байқадық. Олардың өз елімізге, жерімізге, ата қонысымызға жетуді аңсаған арманын    іске асыру мақсатында бұрынғы мемлекет басшысы қазіргі ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар тапсырмалар жүктеді. Содан 1992 жылы дүниежүзі қазақтарының құрылтайы ұйымдастырылды. Құрылтайға дейін Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен республиканың әр облыс әкіміне бірқатар тапсырмалар берілді, - дейді Марат Тоқсамбаев.

Осылайша ұйымдасқан түрде республиканың түкпір-түкпірінен қандастарды тарихи Отанына алып келу үшін Моңғолия мемлекетіне шамамен 1500-ге жуық камаз автокөлігі жіберіледі.

– Сондай-ақ біз өзімізбен бірге елден барар уақытта медицина қызметкерлерін бірге ала бардық. Баян-Өлгей аймағынан Шығыс Қазақстандағы Өскемен қаласының әуежайы арасында күніне 12 рейстен қандастарды елге жеткізіп отырдық. Ал жүктерін сол камаз көліктерімен Ресей Федерациясының шекарасы арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріне тасымалдадық. Бұл шамамен төрт-бес ай уақытқа созылды. Нәтижесінде алпыс үш мыңға жуық қандасты Баян-Өлгей, Қобда, Ұланбатыр аймақтарынан көшіріп алдық. Алғаш көшіп келгендерді баспанамен, жұмыспен қамтуды әр облыс әкімдері өздеріне жауапкершілікке алды. Сондай-ақ сол көшпен алғашқы келген уақытта тұрмыстық техникалар алып берумен көмектесті. Міне, соның нәтижесінде сол ағайындылардың барлығы өз бұтақтарын жайып, бүгінде еліміздің барлық аймағында өмір сүріп жатыр, - дейді «Отандастар қоры» КеАҚ Фронт-кеңселер үйлестірушісі Марат Тоқсамбаев.

Статистикаға көз жүгіртсек, 1991-1992 жылдары 7190 адам немесе 1987 отбасы келсе, 2000 жылы 15789 адам немесе 5515 отбасы атажұртқа қоныс аударған. Әсіресе 2005 жылы тарихи Отанына оралған қандастарымыздың саны едәуір артқанын байқауға болады. Сол уақытта шамамен 115146 адам шетелден елге қоныс аударған. Ал 2011 жылы 47112 мың этникалық қазақ көшіп, «қандас» мәртебесіне ие болған.

– Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Респубикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Респубикасының Сыртқы істер министрлігі және т.б. ұйымдастырғандар қатарында болды. Мәселен, ҚР Сыртқы істер министрлігі қандастардың Моңғолияның азаматтығынан шығу құжаттарымен айналысып, бізге үлкен көмектерін көрсеткен еді. Сондай-ақ Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы да осы іске атсалысып, ұлы көшке өз үлестерін қосқан болатын. Бастысы көш өте сәтті аяқталды. Сол алғашқы басталған көш ары қарай жалғасын тапты. Кейін ұйымдасқан түрде Иран елінен көптеген қандастарымызды көшірдік. Одан кейін де көш тоқтамай, жалғасын тапты.

Осы салада соңғы отыз жылда көптеген ауқымды істер атқарылғанын жеткізді Марат Тоқсамбаев.

– ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көптеген құжаттар қабылданды. Олардың қатарында әлеуметтік мәселелері, қаржыландыру мәселелері, зейнетақы және мемлекеттік бағдарламалар бойынша үкімет тарапынан көмектер жасалып жатыр. Мәселен, азаматтық алу туралы заңдарға өзгерістер енгізілді. Бұрын шеттен келген қандас азаматтық алу үшін алты айға дейін жүрсе, ал қазіргі кезде үш ай мерзімге дейін қысқартты, - деп сөзін түйіндеді Марат Тоқсамбаев.

Сондай-ақ алғашқы көш басталған уақыттан бастап 2012 жылға дейін шамамен 871282 адам өзінің Отанына қайтқан. Сол аралықта шетелден қоныс аударған қазақтардың көбі республиканың оңтүстік аймақтарында көбірек шоғырланған. Статистикалық деректерге сүйенсек, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Түркістан облысында 184939 адам, Маңғыстау облысында 108443 адам, Алматы облысында 134793 адам, Жамбыл облысында 81943 адам, Қарағанды облысы 54891 адам, Шығыс Қазақстан облысы 51404 адам, Ақмола облысы 43990 адам, Ақтөбе облысы 39860 адам, Солтүстік Қазақстан облысы 34641 адам, Павлодар облысы 30787 адам, Қостанай облысы 28728 адам, Атырау облысы 21522 адам, Қызылорда облысы 20244 адам, Батыс Қазақстан облысы 17512 адам және бұрынғы Астана қаласында қазіргі Нұр-Сұлтанда 9013 адам тұрған.

Қазіргі таңда қандастарымыздың арасында шамамен 77 ғылым докторы, 223 ғылым кандидаты Қазақстанның өркендеуі жолында өз үлестерін қосып жатыр.

«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім»

– Менің аты-жөнім Айнұр Жәкейқызы. Мен Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында 1976 жылы дүниеге келдім. Сол жерде орта мектепті моңғол тілінде оқып бітірдім. Бала кезімнен айналамда көбіне моңғол балалары болды. Моңғолиянының қалаларында қазақтар аз шоғырланған. Ел тәуелсіздігін алған 1991 жылы атажұртымызға әке-шешемізбен, ағайын-туысқанмен қоныс аудардық. Алғашқы келген кездері қазақша және орысша сөйлеу қиынға соқты. Әкем Жәкей Қажейұлы Ұланбатыр қаласында геолог-инженер болған. Өз ортасында сыйлы да беделді азаматтардың бірі болды. Елге үлгі көрсету үшін алғашқылардың бірі болып Моңғолиядағы қазақтардың көш басшылары яғни интеллегенция қауымы қоныс аударды. Ол кісілердің негізгі мақсаты атажұртқа оралып, жаңадан құрылған Қазақстанның әлеуетін арттыру, қоғамның түрлі саласында қажырлы еңбек ету болды. Оған қоса, салиқалы ұрпағын Қазақстанда өсіріп, тәрбиелеу еді. Осындай оймен біз, тарихи Отанымызға оралдық. Алғаш келген уақытта Семей облысының Мақаншы ауданының Қаратума ауылына келдік, - дейді Айнұр Жәкейқызы.

«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім» (I бөлім)

Елге келген уақытта қандасымыз небәрі 15 жаста болған. Сол уақытта кейіпкеріміз әсіресе тіл жағынан аздаған қиыншылықтар болғанын жасырмады.

– Мен Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім. Қазақстанға қоныс аударар уақытта әке-шешем жолдың қамына кірісе бастады. Ол кезде көп нәрсені түсіне бермеймін. Әкеме «Қайда барамыз» деп сұрағанымда ол кісі «Елімізге ораламыз. Қазақ еліне барып тұрамыз. Сол жақта білім аласың. Қазақ боласың» деп жауап берді. Сол уақытта мен қазақша сөйлей де алмаймын. Тіпті ойлай да алмаймын. Ал елге көшіп келгенде айналамдағы адамдар қазақ тілінде сөйлейді. Және мектепте қазақ тілімен қоса, орыс тілін де өтетінбіз. Ал мен сол уақытта орыс тілін де білмейтін едім. Өйткені мен Моңғол еліндегі мектепте оқып, сол халықтың ортасында ортасында өстім. Және ойым да, тілім де моңғолша қалыптасып кеткен еді. Сондықтан елге келген алғашқы кездері тіл жағынан қиыншылықтар болғаны рас, - дейді қандасымыз.

Айнұр Жәкейқызының анасы Дәрима Қайсарқызы Моңғолияда жалпы білім беретін мектептердің бірінде қызмет еткен. Отағасы Жәкей Қажейұлы екеуі төрт баланы тәрбиелеп өсірген.

– Үйде үш қыз және бір ұлмыз. Үйдің тұңғышы, ағам Пернебек Жәкейұлы 1972 жылы дүниеге келген. Оның мамандығы – экономист. Қазіргі кезде отбасымен елордада тұрып жатыр. Ал мен қыздың үлкенімін. Менен кейінгі сіңлім Айжан Жәкейқызы Алматыда, ал кіші сіңлім Ақмаржан Жәкейқызы Қарағандыда отбасылармен тұрады, - дейді Айнұр Жәкейқызы.

«Жаңа ортаға бейімделу қиын болды»

– Қаратума ауылының тұрғындарына, ұстаздарына, оқушыларына айтар алғысым шексіз. Алғаш келген кездерде жаңа жерге келіп, жаңа ортаға бейімделу қиын болды. Бірақ та қазақ елі бізді құшақ жая қарсы алып, ортаға тез үйренісу үшін барынша көмектесті. Мен осы ауылдың Абай атындағы орта мектебінде 11-сыныпты бітірдім, - дейді қандас.

Иә, расымен де, бір елден екінші елге қоныс аударған алғашқы уақытта кім-кімге болсын қиынға соғатыны рас. Кейіпкеріміз сондай қиындықтарға еш мойымай, әрдайым алға ұмтылып, өз күшіне сене білді.

– Мектепте сынып сағаты кезінде сыныптастарым Хәкім Абайдың өлеңдерін жатқа айтатын. Сол кезде мен құлақтан кіріп, бойды алар әсем әндер мен тәтті күйлерді ұйып тыңдайтынмын. Ұнағаны соншалық қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығым арта бастады. Сондай-ақ мектептегі ұстаздарымыз Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың және т.б. ақын-жазушылардың шығармаларын оқытатын. Осылайша біз соларды оқып, бойға сіңіріп өстік. Тіпті кейін бос уақытымда қазақтың ақын-жазушыларының кітаптарын оқуды дәстүрге айналдырдым, - дейді Айнұр Жәкейқызы. 

Сондай-ақ қандасымыз күн мен түн теңелетін, жаңару мен жақсылықтың нышаны саналатын әз-Наурыз мейрамын бар сән-салтанатымен думандатып алғаш рет елге келген кезде тойлағанын айтады.

– Ілгеріде айтқанымдай, біз Моңғолияның астанасында тұрдық. Үйімізге көп адам келе бермейтін. Ал осында көшіп келген күннен бастап керісінше үйімізге келуші қонақтардың қарасы көбейді. Ал мұндайға көзім үйренбеген мен алғашында таңырқай қарайтынмын. Бірақ кейін бұл дәстүр маған ұнай бастады. Елге келген соң қазақи менталитетті біртіндеп бойға сіңіре бастадық. Әлі есімде, Қазақстанға алғаш қоныс аударған жылдары Наурыз мейрамын қалай қарсы алу керектігін білмейтін едік. Сол уақытта көршілеріміз келіп, наурыз көже дайындаудың тәсілін үйреткен еді. Міне, содан бері жыл сайын әз-Наурыз мерекесі қарсаңында жеті түрлі тағамнан наурыз көжемізді әзірлеп, бай дастархан басында ағайын-туыспен қарсы алуды дәстүрге айналдырдық, - дейді қандас.

Айнұр Жәкейқызының айтуынша, Баян-Өлгей аймағында тұратын қандастарымыз әз-наурыз мерекесін бар сән-салтанатымен атап өтеді.

– Моңғолияның Ұланбатыр қаласындағы қазақтар Наурыз мерекесін елдегідей атап өтпейді. Ал Баян-Өлгей ауылындағы азаматтар бұл мерекені дәл Қазақстандағыдай думандатып, ән-күйімен тойлатып, думандатып қарсы алады, - дейді қандасымыз Айнұр Жәкейқызы.

(жалғасы бар)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға