Жаңалықтар

Молдаван мақал-мәтелдері қазақ тілінде

Белгілі жазушы Мұзафар Әлімбаевтың молдаван ұлтынан аударған мақалалары
02.02.2016 04:41 6181

Молдаван мақал-мәтелдері қазақ тілінде

Белгілі жазушы Мұзафар Әлімбаевтың «Маржан сөз» кітабына жетпіс шақты халықтың таңдаулы мақал-мәтелдері мен нақыл сөздері енгізілген. Өзге тілден аударылған әрбір мақалдың қазақ тілінің көркемділігін одан әрі күшейтінін ұғына отырып, біз аталмыш кітаптағы аударма мақал-мәтелдерді бөлшектеп, әр ұлттық мақалдарын жеке-жеке беруді жөн деп таптық. Алғашқы болып молдаван мақал-мәтелдерінен бастадық.

Молдаван мақал-мәтелдерінен

Адам болаттан да берік,

Әйнектен де күйреуік

 

Тән – жанның малайы.

Сумаңдаған тіл сырқыраған тіске тиеді.

Диірменге ұқсас асқазанның қауқары:

Бұзылады, болмай қалса тартары.

 

Ақылсыз біткен түр де бір –

Батпаққа біткен гүл де бір.

 

Күн санап ажар солады,

Ал ақылың толады.

 

Өмір жібі нәп-нәзік,

Үзу оңай көз жазып.

 

Сыпырулы үйде сергіп ұйықтайсың.

 

Баласының көйлегіне қарашы:

Қандай екен анасы?

 

Күн түспеген үңгірге

Кесел-індет үймелер.

 

Жазда орманшы бол,

Қыста қазаншы бол.

 

Тоңғақ қазандықтың қасында да қалтырайды.

 

Селдір бұлттан қорғанған

Серуеннен құр қалар.

 

Ер елге еңбегімен танылар.

 

Жұмыс ғұмырды ұзартады,

Жалқаулық – қысқартады.

 

Тамақ жесе, қасқырдай,

Жұмыс десе, қашқындай.

 

Тәтті ұйқы тән саулығын сыйлайды.

 

Омырауына отын жарсаң да оянбас.

 

Отты жастығың өтпей тұрып, отау бол.

 

Жалқаулық – жамандық атаулының жалғасы.

 

Ақылды сөз – ауыртпалықты көтерісер ақ ниет дос.

 

Өткір сөз өртті де өшіреді.

 

Өмірлі болайын десең,

Мейірлі бол.

 

Алаңсыз ұйықтаған аштығын сезбес.

 

Қызыл тіл қылыштан бетер жаралар.

 

Адам ұнатқанын жесе ғана оңалады.

 

Мамық төсекке жатқан тынығып мәз болмас.

 

Күйіксіз кісі жоқ.

 

Кемеңгерлігі бардың көнтерлілігі бар.

 

Өлшемнен асқан – өміріңе залал.

 

Көп жасығыңнан

Аз асылым артық.

 

Асыққан а дегенше шаршайды.

 

Ынсап – ыспас дәрігер.

 

Ашуына қайрылған

Ақылынан айрылар.

 

Дерттің төркіні танылды дегенше,

Жарты шипасы табылды де.

 

Қанағат түбі – қайыр.

 

Батар күнмен ашуың бірге батсын.

 

Уайым ұйқы бермейді.


Тамшылаған жас тасты да жібітер.

 

Тілекте түп жоқ.

 

Шипаның тәуірі – шыдамдылық.

 

Біреу ащыға құмар,

Біреу тәттіге құмар.


Тамақты өзі пісірген тәбетпен ішер.

 

Үлкен кесек өңешке қиямет.

 

Екі дүре жаман,

Екі сүбе жақсы.

 

Ептеп ішіп-жегеннің ертең де ішіп-жері бар.

 

Жүзім талы –

Өмір сәні.

 

Шомылған бойын сергітер,

Оқыған ойын сергітер.

 

Өзегі талған бөрі орманнан безер.

 

Қорқау қасқырдай қомағай.

 

Үйеме дастарханға үйренген

                                              үй жұтамай қоймас

 

Жеті нанды бірден жегенді жынды демейді,

Жеті нанды бірдей бергенді жынды дейді,

 

Мылжыңдықтан басың,

Мешкейліктен ішің ауырады.

 

Аштық астың дәмін келтірер.

 

Хас сараң ақ нанды құшақтап отырып өледі.

 

Саулық – сайран өмір.

 

Ғұмырыңды қыстың күнгі кештей ғып,

Қысқартады тойымсыздық, мешкейлік.

 

Ауру менен жарлылық,

Жасырынбас мәңгілік.

 

Шырмалғандай жүзім талы бағанға,

Дерт те солай жабысады адамға.

 

Тамақ сұрай берсе егер,

Сырқаулы деп кім сенер?!

 

Сырқағандар өле берсе шетінен,

Жан баласын таппассың жер бетінен.

 

Бітеу жара – бүкіл жараның қатерлісі.

 

Күтімі жоқ адам күні бұрын өледі.

 

Өзі аурудан құтыла алмай жүргенде,

Емші болмақ кімдерге?

 

Поп: «Өлгендер көбейсе екен!» – деп тілер,

Балгер тілер «көбейсе, – деп, – дерттілер».

 

Жүгенделмеген күлік те бір –

Жиырмадағы жігіт те бір.

 

Аяғын артса мәстекке,

Қор болар қайран жас текке.

 

Өмір өтеді,

Қарттық жетеді.

 

Самайды ақ шалғанда,

Соғады жүрек талғандай.

 

Қасқырға қарттық жеткені –

Иттердің мазақ еткені.

 

Қара жер жұтқанын қайтармас.

 

Кәрілік жетіп, хақ білер:

«Жастығың қайда қалды?» – дер

 

Құдды қырдың гүлдері,

Қурайды адам күндері.

 

Кешкенше жаман бір мың жыл,

Бір-ақ жыл жақсы ғұмыр сүр.

 

Өлем деп үрейі ұшқан алдымен ұшынады.

 

Ең зәулім ағаштың да өрлеп өсер

Жапырағы көкте қалмай, жерге түсер

 

Адамның өмірі өзгенікі,

Өлімі өзінікі.

 

Қандай жақсы жастай ешкім өлмесе,

Қартайғанда ешкім жоқтық көрмесе,

Жолда ауырып, жат өлкеде көмбесе.

 

Сұрамайды дәрігер сен кімсің деп,

Сұрар болар «қалай сырқап жүрсің?» – деп.

 

Жаралау оңай,

Жараны жазу қиын.

 

Көркі таймаған кемпір де жоқ –

Көңілге жағар дертің де жоқ.

Бұрынғы жара бұрын қанайды.

 

Сабырдың да сарқылары бар.

 

Шалқарға батқаннан шарапқа батып өлген көп.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға