Мобильді аударымдары көп азаматтарға қандай хабарлама келеді – комитет жауабы
Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы мобильді аударымдарға қатысты жаңа бақылау тәртібі қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Оның айтуынша, 2025 жылғы 12 қарашада Қаржы министрінің бұйрығымен мобильді аударымдарды бақылау өлшемшарттары қайта бекітілген. Бұрыннан бар талапқа тек шағын өзгерістер енгізілген.
Екі шарт қатар орындаған жағдайда ғана азаматтың мәліметтері салық органдарына жолданады:
1.Үш ай қатарынан 100 немесе одан да көп жеке тұлғадан аударым алу;
- Осы аударымдардың жалпы сомасының 1 миллион теңгеден асуы.
Шатаспау керек. Аударымның сомасы 1 млн теңгеден асса болды, тексеріледі деген дұрыс емес. Екі шарт қатар орындалғанда ғана мәлімет түседі, - деді Ерсайын Көптілеуұлы онлайн брифингте.
Маманның айтуынша, бұл көрсеткіш – ең төменгі 12 айлық жалақы көлеміне тең. Қазіргі есеп бойынша ол шамамен 1 миллион теңгені құрайды.
100 тұлға деген – аударым саны емес, ақша жіберген адамдардың саны. Мұндай талапқа кездейсоқ, кәсіпкер емес азаматтың ілінуі өте қиын, – деді сарапшы.
2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексіне сәйкес, банктер мәліметті жыл соңында емес, аударымдардың шартқа сай екенін анықтаған бойда салық органдарына жолдайды.
Салық қызметі камералдық бақылау жүргізгеннен кейін азаматтарға хабарлама жібереді.
Хабарлама:
- 1414 нөмірінен SMS ретінде,
• Салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы келеді.
Азаматқа ондағы талаптарды орындауға 30 жұмыс күні беріледі.

