Жаңалықтар

Мобильді аударымдарға шектеу енгізіледі

Мобильді аударымдарға шектеу енгізіледі
Фото: Pixabay.com 30.12.2024 21:39 390

Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдарға шектеу енгізу туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі уақытта банктер үш ай қатарынан әртүрлі тұлғалардан 100-ден астам аударым алған қазақстандықтар туралы деректерді салық органдарына беруге міндетті. Бұл деректер азаматтың заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысуы мүмкін екенін көрсетеді деп есептеледі.

МКК жаңа өзгерістерді енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өзгерістер Ұлттық банктің қарауында. Комитет мәлімдемесіне сәйкес, тексеру жүргізудің жаңа шарттары:

Бір жеке тұлғаға үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан аударым түсуі;

Жалпы сомасы 3 ЕТЖ-дан (2024 жылы 255 мың теңге) асуы.

Яғни, егер жаңа өзгерістер күшіне енсе, мобильді аударымдарды тексеру тек осы шарттар орындалған жағдайда ғана жүргізіледі.

Екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлік қызметтен табыс алуға жататын жеке тұлғалар туралы деректерді салық органдарына беруге міндетті. Бұл ақпарат кезең-кезеңімен беріледі:

2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары;

2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекеме қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор субъектілері және олардың жұбайлары;

2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары;

2026 жылдан бастап – қалған барлық азаматтар.

Заң бойынша, тіркелмеген кәсіпкерлікпен айналысқан жеке тұлғалар үшін:

Бірінші рет бұзушылық жасағандарға 15 АЕК көлемінде (2024 жылы 55 380 теңге) айыппұл салынады;

Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда, айыппұл мөлшері 30 АЕК-ке (110 760 теңге) дейін өседі.

Салық салынатын объектілерді жасыру жағдайында: Құжатталмаған салық сомасының 200%-ы көлемінде айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда, айыппұл мөлшері 300%-ға дейін артады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мобильді аударымдарды пайдалану арқылы салықтан жалтарған кәсіпкерлердің нақты саны белгісіз. МКК бұл ақпаратты банктерден 2025 жылы алатынын мәлімдеді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға