Midjourney нейросетиінің қолдауымен

Мобильді аударым лимиті: 2026 жылға арналған соңғы өзгерістер қандай?

24.11.2025 11:28

Қазақстан Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдарды бақылауға қатысты маңызды түсініктеме берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Ведомствоның мәліметінше, депозиттен картаға немесе жеке шоттар арасындағы аударымдар жаңа бақылау критерийлеріне кірмейді. Яғни қазақстандықтар өз шоттары арасындағы қаражатты еркін аударуға құқылы және мұндай операциялар салықтық тексеріске себеп болмайды.

Жаңа ережелер қалай жұмыс істейді?

Қазір мобильді аударымдарды бақылаудың жаңартылған талаптары пысықталып жатыр. Құжат Сенат қарауында. Жобада көрсетілген критерийлер өзгеріссіз қабылданса, жеке тұлғалар мына жағдайларда тексеріс аясына түсуі мүмкін:

  • Үш ай қатарынан ай сайын кемінде 100 әртүрлі адамнан ақша қабылдаса;
  • Түскен қаражаттың жалпы көлемі 1 020 000 теңгеден асса
    (2025 жылғы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшері).

Бұл талаптар кәсіпкерлік қызметті жасырын жүргізу белгілерін анықтауға бағытталған.

Қандай түсімдер тексерілмейді?

Жаңа лимиттерді есептеу кезінде кейбір аударымдар толықтай алып тасталады. Олар:

  • жалақы;
  • әлеуметтік төлемдер;
  • жақын туыстардан түскен аударымдар;
  • депозиттерден немесе жеке шоттар арасындағы ақша аударымдары.

Осылайша, жеке мақсаттағы қаржы қозғалысы бақылау объектісіне жатпайды.

Жаңа талаптар қашан күшіне енеді?

Ережелер қазіргі күйінде қабылданса, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Сонымен қатар, банктер жаңа Салық кодексіне сәйкес салық органдарына клиенттердің шоттары, қалдықтары және ақша қозғалысы туралы ақпарат беруі тиіс болады. Бұл талаптар көлеңкелі айналым мен жасырын табыстарды анықтауды жеңілдетуді көздейді.