Жаңалықтар

«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім» (II бөлім)

Қандасымыз Айнұр Жәкейқызы Тәуелсіздік жылдары елге қоныс аударды
«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім» (II бөлім)
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 30.04.2021 23:44 6287

Қандасымыз елдегі тың саланы дамытуға өз үлесін қосып келеді  

Қандасымыз 1993 жылы Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетіне ағылшын тілі мамандығына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң кейіпкеріміз Атырау қаласындағы жекеменшік әуе компанияларының біріне жұмысқа шақырту алады. Мұнда төрт жылдай қызмет еткен соң елордаға отбасымен қоныс аударады.

«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім» (II бөлім)

– Ол уақытта бас қалада ескі үйлердің орнына жаңа көп қабатты үйлер мен биік-биік ғимараттар бойкөтере бастаған еді. Мұнда республиканың түкпір-түкпірінен қоныс аударғандардың қарасы көп еді. Содан көп ойланбастан біз де отағасымен бас шаһарға көшіп келген болатынбыз, - дейді Айнұр Жәкейқызы.

Бір айта кетерлігі, Айнұр Жәкейқызы бала кезінен медицина саласына қызығушылық танытқан.

– Өзім тілге жақын болғаныммен әрқашан медицина саласына қызығушылық таныттым. Себебі менің әкемнің туған інісі Серікжан Қажейұлы Моңғолия мемлекетінің Баян-Өлгей аймағында дәрігер болып қызмет етті. Ол кісінің жары да медицина саласында жұмыс істеді. Сол кісілерге қарап, еліктеп өстім. Тіпті өскенде дәрігер болғым келетін. Бірақ та мектепті бітірген соң мүлдем басқа салаға оқуға түсіп кеттім. Алайда арада біраз жыл өткен соң өзімнің бала кезімнен армандаған мамандығыма оралдым. Яғни елордаға қоныс аударғаннан кейін Германияға барып, аудиолог мамандығы бойынша білім алдым. Өйткені аудиолог саласын теориялық тұрғыда жетік білмей, жұмыс істей алмайсыз. Одан ары қарай Түркия елінде осы сала бойынша білімімді жалғастырдым. Содан бұл жұмыстың қыр-сырын меңгерген соң 2010 жылы алғаш рет жұбайым екеуіміз елордада жеке кәсібімізді аштық. Аллаға шүкір, сол күннен бері қажырлы еңбек етіп келе жатырмыз, - деді Айнұр Жәкейқызы.

Оның жолдасы Еркінбек Оқас та – дәрігер. Ол кісі С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетін бітірген. Ерлі-зайыптылардың әуелбаста алға қойған мақсаты жекеменшік клиника ашу болатын. Мінеки, бүгінде олар осы отбасылық кәсіпті өрге домалатып, еліміздегі тың саланы дамытуға өз үлестерін қосып келеді.

– Жолдасым екеуіміз осы кәсіпті қолға алған күннен бері бірге қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатырмыз. Ісіміз алға басу үшін және кәсіби тұрғыда даму үшін әрдайым заманмен дамып отыруымыз қажет. Сол мақсатта шетелдерге барып, кәсіби біліктілігімізді арттырамыз. Шетелдегі әріптестермен тәжірибе алмасамыз. Сол жақта жолдасым есту аппараттарын жөңдеу бойынша білім алса, өзім аудиолог саласы бойынша кәсіби білімімді жетілдірдім. Жолдасым – сурдолог маманы. Құлақта созылмалы ауруы бар адамдарды, отит, хроникалық отит, құлағында шу бар кісілерді емдеу саласында жұмыс істейді. Біздің компаниямыздың филиалдары еліміздің Қызылорда, Атырау, Өскемен, Павлодар және т.б өңірлерінде бар. Ал лаборатория бас шаһарда орналасқан, - дейді Айнұр Жәкейқызы.

 

«Есту қабілетінен адамдар әр түрлі жағдайда айырылуы мүмкін»

Аудиолог саласы – еліміздегі тың салалардың бірі.   

– Біздің орталықтың негізгі міндеті – нашар еститін жандарға есту қабілетін арнайы құрылғы арқылы тексеріп, сол бағыт бойынша диагноз қою. Сондай-ақ келушілерге есту аппараттарын құлақтарының ішіне салып береміз. Ал бұл құрылғылар өзіміздің лабораторияда жасалынады, - дейді қандас.

«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім» (II бөлім)

Кәсіпкер Айнұр Жәкейқызы бизнесті бастаған алғашқы уақытта қиыншылықтар болғанын жасырмады.

– Ілгеріде айтып кеткенімдей, алғаш рет жолдасым екеуіміз 2010 жылы «Аудиомед» компаниясын құрдық. Әлбетте, кәсібіміз де бастапқы кезде көптеген қиыншылықтар болды. Бірақ табанды еңбектің арқасында алға қойған мақсатымызға жетуге ұмтылдық. Сол мақсатта Түркия, Германия елдерінен білікті мамандармен тәжірибе алмасып, қызметіміздің мүмкіндіктерін одан сайын игере бастадық. Естеріңізде болар, 1995-2000 жылдар аралығында есту аппараттарына тапсырыс беріп, екі айдай күтетін едік. Өйткені оларды да шетелдерден жеткізеді. Ал қазіргі кезде бұл есту аппараттарын өз елімізде дайындаймыз. Сондықтан айлап күтудің қажеті жоқ. Егер қандай да бір адам есту аппаратына тапсырыс берсе болмаса ескісін жөңдететін болса, бір-екі күн ғана күтеді, - дейді қандас кәсіпкер.

Маманның айтуынша, қазіргі таңда елімізде 680 мыңға жуық адам құлағы нашар еститіндердің тізімінде тұр.

– Негізінен көпшілігі адамдардың жасы ұлғайған сайын есту қабілеті де нашарлай бастайды деп ойлайды. Ал бұл – теріс пікір. Өйткені есту қабілетінен адамдар әр түрлі жағдайда айырылуы мүмкін. Мәселен, туа біткен болмаса денсаулығының ақауына байланысты құлағы естімей қалуы мүмкін. Сондай-ақ шулы орта да адамдардың құлағының естуінің нашарлауына апаратын бірден-бір жол. Бізге орталыққа түрлі диагнозбен адамдар келеді. Ал біздің міндет – аппаратты дұрыстап таңдап беру. Бүгінті таңда Қазақстанда 680 мыңға жуық адам құлағы нашар еститіндердің тізімінде тұр. Ал дүниежүзінде статистика бойынша 432 миллион   ересек адамның құлағы естімейді. Оның отыз төрт миллионы бала екен. Яғни әлемдегі әр алтыншы адамның құлағы естімейді. Бірақ та адамдардың барлығы-дерлік есту аппараттарын тағады деп айта алмаймыз.

«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім» (II бөлім)

Аудиолог маманның айтуынша, адамдар есту қабілетін жоғалтпау үшін барынша сақтанып жүргені абзал.

– Қазіргі кезде адамдардың көбісі аудиометрияны көп біле білмейді. Бір ерекше атап өтерлігі, кез келген адам өзі нашар еститінін сезінсе де, оны іштей қабылдағысы келмейді. Тек сыртынан байқаған жандар ғана «Сіз нашар естисіз. Радио, телевизор болмаса өзге де құрылғының дыбысын қатты шығарып көресіз. Кішкене азайтсаңыз» деген сынды сөздерді айналасындағы адамдардан естіген кезде ғана түсіне бастайды. Негізінде, адам екі жылда бір рет аудиограмма жасап тұрғаны дұрыс. Себебі бізде қазір қалалы жерлерде биік-биік құрылыстар өте көп салынып жатыр. Екіншіден, бүгінде қазақстандықтардың көпшілігі жұмысын онлайн форматқа ауыстырған. Соңғы технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамыған сайын оның адамға тигізетін зияндары да жетерлік. Мәселен, олар ең алдымен, құлақтың есту қабілетіне кері әсерін тигізетінін естен шығармаған жөн. Сондай-ақ 10 мен 16 жас аралығындағы жасөспірімдерге мүмкіндігінше құлаққапты қолданбаған жөн. Өкінішке қарай бүгінгі таңда күллі әлемге таралған індетке байланысты оқушылар сабақтарын, ересектер жұмыстарын онлайн форматқа ауыстыруына тура келді. Сондай-ақ тағы бір айта кетерлігі, жастар қатты шулы орталарда өте қөп жүреді. Бұл өз кезегінде құлаққа да кері әсерін тигізеді. Құлақта шу пайда болған кезде оның есту қабілеті де нашарлай бастайды, - дейді аудиолог маман.

Осы салада он жылдан аса қызмет етіп келе жатқан білікті маман Айнұр Жәкейқызы пайдалы кеңестерімен де бөлісті.

– Байқағаңыздай, қазіргі кезде балалардың сабақтары жаппай онлайн форматқа ауысты. Нәтижесінде оқушылар мұғалімнің айтқанын есту үшін компьютер, ноутбуктердің дыбысын қаттырақ шығарады. Тіпті құлақтарына құлаққап киіп те алады. Маман ретінде кеңесім, дыбысын қатты шығарудың қажеті жоқ. Өйткені дыбысты жоғарылатқан сайын сөздер түсініксіз шығады. Осы орайда маман ретінде мектеп жасындағыларға екі сағаттан артық телефонды құлаққаппен тыңдамауға кеңес беремін. Сондай-ақ құлағыңыздың естімей қалуына жол бермес үшін ең алдымен қатты шулы орындардан алшақ болғаныңыз дұрыс. Және суық күндері жалаңбас жүрмеу қажет,- дейді маман.

   

«Аудиолог деген маман – есту аппаратының инженері»

– Біздің жұмысымыздың негізгі міндеті – есту аппаратын тағып ғана қоймай, оны ұзақ қолдану үшін сервистік қызметке ерекше көңіл бөлеміз. Барлық есту аппараттарын әр адамның диагнозына қарай жасап береміз. Мәселен, біреулерде жаздыгүні есту қабілеті төмендесе, ендібіреулерде қыста төмендеуі мүмкін. Сондай кездері бір ғана есту аппаратымен жүре беруге болмайды. Міндетті түрде есту аппараты орталығына келіп, сервистік қызметіне жүгініп, климаттық ерекшеліктерге байланысты есту аппараттарына өзгертулер енгізген жөн, - дейді Айнұр Жәкейқызы.

«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім» (II бөлім)

Аудиолог маман орталыққа келген әр науқасты толық тексерістен өткізу үшін шамамен бір жарым сағаттай уақыт кететінін айтады.

– Бір науқасты толықтай тексеріп шығуға шамамен бір-бір жарым сағаттай уақыт кетеді. Құлақ яғни өзек ішінде көрінбейтін есту аппаратын науқас таңдағаннан кейін бір күннің ішінде дайындап береміз. Ал құлақтың артына тағатын аппаратты күнбе-күн алып кете алады,- дейді аудиолог маман.

Бұл орталықтың іші осы заманғы озық медициналық құрылғылармен жабдықталған. Бүгінгі таңда олардың елордада шамамен 10 мыңға тарта тұрақты тұтынушысы бар.

– Технологиялардың дамуына байланысты орталықта есту аппараттарын түр-түрі бар. Бастысы – қарапайым халыққа қолжетімді бағада. Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам өзіміздің тұтынушыларымыз бар, - дейді Айнұр Жәкейқызы.

Кәсібін өрге домалатқан қандасымыз бүгінде көптеген жетістікке қол жеткізіп келеді.

– Біздің негізгі мақсатымыз елге сапалы және заманауи технологияны қолжетімді бағамен халыққа ұсын болды. Сол мақсат бойынша біз ең сапалаы аппараттарды елге кіргіздік. Сол арқылы тұтынушылардың көңілінен шығып отырмыз. Жалпы олардың бізге берген бағасы өте жақсы деп бағаланып отыр. Одан бөлек, шетелдерге де жұмысымызды көрсету мақсатында көптеген іс-шараларға қатысып, конкурстарда бақ сынадық.Тіпті ұтып алған ұтыстарымыз да жетерлік. Ең бірінші рет 2012 жылы Астанада «Үздік тауарлар» номинациясы бойынша алғыс хатқа ие болдық. 2013 жылы да түрлі байқауларға қатысып, көптеген сертификаттармен марапатталдық,- дейді іскер қандасымыз.

«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім» (II бөлім)

Маманның пікірінше, қазіргі таңда аудиолог мамандар жоқтың-қасы.

– Кейбір дәрігерлердің өздері «Аудиолог деген қандай маман?» деп таңқалып жатады. Аудиолог деген маман – есту аппаратының инженері деген сөз. Бұл дәрігерлік қызметке жатпайды. Бірақ адамға есту аппаратын таңдап, салып беретін маманның бірі деуге болады. Сол себептен де біз енді ғана университет бітірген жас мамандарды өзімізге көптеп тартамыз. Өз компаниямыздың атынан қаржылай демешуі болып, жоғары оқу орындарында білімін жетілдіруге септігін тизігеміз. Олар сол оқуды бітірген соң міндетті түрде біздің компанияда жұмыс істеулері қажет, - дейді Айнұр Жәкейқызы.

 

«Мен өз жұмысымды ерекше жақсы көремін»

– Қазіргі күні мен осы аудиолог саласы бойынша кәсіпті бастағаныма әр күн сайын қуанамын. Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Бізге келген адамдардың мәселесін шешіп берген уақытта қуаныштан жүздері бал-бұл жанады. Сол көріністі көрген уақытта менен бақытты адам болмайды. Сондай сәттері есту аппараттарын одан сайын жақсы етіп жасауға құлшынысым артады. Байқағаныңыздай, мен өз жұмысымды ерекше жақсы көремін. Жолдасым екеуіміз жұмысымызды барынша шын пейілмен әрі ықыласпен атқаруға тырысамыз. Менің тұрақты тұтынушыларым мені соңғы он төрт жылдан бері жақсы біледі. Қазіргі заман бәсеке заманы ғой... Уақыт зулаған сайын қоғам да бір орында тұрмайды. Заман ағымына сай түрлі жаңашылдықтар пайда болады. Бізде халықтың сұранысына әр заман ағымына сай қызмет көрсету сервистерін жаңашалап отырамыз. Адал қызмет етіп, келушілердің мәселесін шешуге көмегім тиіп, олардың шынайы ықыласын алғанға ештеңе жетпейді ғой, - дейді Айнұр Жәкейқызы.

«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім» (II бөлім)

 

«Қазақтың ортасында жүргеніме өзімді бақытты сезінемін»

Айнұр Жәкейқызы 1995 жылы тұрмысқа шығып, бүгінде үш баланың анасы атанып отыр. Болашақ жарымен Алматыда танысқан. Жолдасы да Моңғолияның Ұланбатыр қаласынан оқуға келген. Студент кезіндегі таныстық уақыт өте мөлдір махаббатқа ұласады.

«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім» (II бөлім)

– Мен өзім біреудің жалғыз баласына тұрмысқа шықтым. Қазір ата-енеммен тұрамын. Қайың атам Оқас Құрманұлы – физика ғылымдарының докторы. Атам  М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетін бітірген. 300-ден астам оқулықтардың авторы. Бұларды қазақ тілінде жазған.  Ал  қазіргі таңда зейнеткер.Үйде келіндік міндетімді, тұзде жұмысымды атқарып жүремін. Аллаға шүкір бақытты отбасымыз деп айтуға болады. Әрқашанда қандай да бір сұрақтар қойғанда, қандай да бір істі бастаған уақытта міндетті түрде жолдасымызбен, әке-шешемізбен ақылдасамыз. Біздің осындай жетістікке жетуімізге үлкен үлесін қосқан біздің ата-анамыз бен ана-енеміз. Шетелдерге жұмыс бабымен кеткен уақытта үйде балаларымызға қамқор болып отырады, - дейді қандас.

Үйдің тұңғышы Айнамкөз Еркінбек 1995 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін бітірген. Бүгінгі таңда IT саласы бойынша қызмет етеді. Ал 2004 жылы дүниеге келген үйдің ортаншысы Інжу Еркінбек биыл 11 сыныпты тәмамдайды. Негізгі таңдаған саласы медицина екен. Үйдің кенжесі Мансұр қазір елордадағы мектептердің бірінде 5-ші сыныпта оқиды.

«Моңғолиядан 9-шы сыныпты бітіріп келдім» (II бөлім)

– Шетелдерде жүрген кезде жолдасым екеуімізге қатты ұнағаны – Еуропа елдерінде, Түркия елінде «отбасылық бизнес» деген қалыптасқан екен. Көп жылдардан бері қарай әкеден балаға мұра болып қала береді емес пе? Біз де сол үрдісті ұстағымыз келеді. Сол себептен де осы компанияны құрған едік. Өсіп келе жатқан ұл-қыздарым ертеңгі күні жолдасым екеуіміздің бастаған ісімізді алып жүріп кететіндей және де осы бизнестің қыр-сырын жан-жақты біліп, болашақты одан сайын дамытады дегенге сенім біз сенім артамыз,– дейді Айнұр Жәкейқызы.

Қандасымыз атажұртта білім алып, елі мен жеріне өзінің үлесін қосып жүргенін мақтан етеді.

– Бала-шағамның қазақ болып туылғанына, қазақтың ортасында жүргеніме өзімді бақытты сезінемін. Бір өкініштісі, әкем осындай табысқа жеткенімізді көре алмай кетті. Адам жақсы нәрсені көрген кезде әкесі мен шешесінің де көргенін қалайды емес пе? Бастысы еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын. Қазақ елінің көк байрағы көкте желбірей беруін тілеймін, - деп сөзін түйіндеді Айнұр Жәкейқызы.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға