Моңғолиядағы қандастарымыздың жағдайы қалай?
1991 жылы егемендігімізді алғалы елімізде көптеген өзгерістер болды. Сол жылдан бері республикаға 1 миллион 95,3 мың этникалық қазақ оралды. Қазақстанға арман қуып, білім алуды мақсат етіп келген жастарымыз да аз емес. Солардың бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері Өміртай Болатбек пен Құралай Болатбек Моңғолиядағы қандастарымыздың тілі, тұрымысы мен салт-дәстүрімізді қаншалықты берік ұстанатыны туралы айтып берді.
Тіл және білім туралы
Жалпы Моңғолияда 150 мыңнан астам қандасымыз бар. Моңғолияның батысындағы Бай-Өлке аймағында көбінесе қазақтар тұрады. Моңғол тілінде сабақ беретін мектептермен қатар, қазақ тілінде білім беретін оқу орындары да аз емес. Бұл өлкедегі 20 мектептің 9-ы қазақ тілінде білім береді. Қандастарымыз қазақ тілімен қатар, моңғол тілінде де еркін сөйлейді. Мұндағы қандастарымыздың тілі таза және ешқандай өзгеріске ұшырамай, ана тілімізді сақтап қалған. Балалар қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларымен сусындап өскен.
Моңғолияда Өміртай қазақ мектебінде білім алса, Құралай моңғол мектебінде білім алған. Сонымен қатар, олар студент ретінде Моңғолия мен Қазақстанның білім саласында өздері байқаған айырмашылықты айтып берді.
– Моңғолияда тегін оқу деген ұғым жоқ. Жоғары оқу орындарында үздік түлектердің өзіне ешбір грант берілмейді. Қандай мамандыққа түссеңіз де, тестілеуден жоғары балл жинасаңыз да ақылы түрде оқисыз. Ал, Қазақстанда білім аламын деген жандарға барлық мүмкіндік жасалған деп айта аламын. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл жинап, грантқа түсу дегеннің өзі жетістік. Грантқа түспегеннің өзінде жақсы оқыған студенттерге біршама жеңілдіктер қарастырылған. Тіпті, студенттің тұрмыстық жағдайына дейін ескеріледі. Осы жағынан Қазақстан алда деп айта аламын, - дейді қандасымыз.
Өміртай мен Құралай Қазақстанға ең алғаш келгенінде жергілікті халықтың орыс тілінде сөйлейтініне таңырқаған. Олар үшін орыс тілінде сөйлеу қиынға соққанын айтты.
– 2018 жылы Қазақстанға арман қуып оқуға түсемін деп келдім. Келгенімде айналамдағылардың бұлдырлап орыс тілінде сайрап жатқанын естіп таңырқағаным рас. Тіпті, өзімді Қазақстанда емес, басқа елде жүргендей сезіндім. Моңғолияда қазақ мектебінде оқыдым. Моңғол тілі екінші сыныптан, ағылшын тілі төртінші сыныптан бастап оқытылады. Ал, орыс тіліне Қазақстандағыдай басымдық берілмеген. Сабақтар моңғол және қазақ тілдерінде өтеді.
Сондай-ақ, бір оқиғаны айтып берсем, жақында халыққа қызмет көрсету орталығына барғанымда қызмет көрсетуші маған орыс тілінде сауалдар қоя бастады. Мен орысша түсінбейтінімді айтып едім, маған сен әдейі істеп тұрсын деп ренжіді. Осындай сәттер менің басымнан бірнеше рет өтті, - деді Өміртай Болатбек.
Құралай Болатбек Қобда қаласында тұрғандықтан, моңғол мектебінде білім алған. Оның айтуынша, Моңғолияның мектептерінде 12 жылдық жүйемен білім берсе, Қазақстанда 11 жылдық жүйе сақталған. Мектептердегі білім беру бағыттарындағы айырмашылық осында ғана дейді.
– Моңғол мектебінде білім алдым, бірақ бізге түсінікті болу үшін кейбір сабақтарды мұғалімдер қазақ тілінде түсіндірді, - деді Құралай Болатбек.
Салт-дәстүр туралы
Моңғолияда 3 миллионнан астам халық өмір сүрсе, 70-80 миллионға жуық мал басы бар екен. Демек, халықтың жартысына жуығы мал шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде біздің қандастарымыз да көшпенділікті берік ұстана отырып, мал шаруашылығымен айналысады. Тіпті, ауылдық жерлерде киіз үйлерде тұрып, ата салтымыздан қалған үрдісті ұстанатын қандастарымыз көп. Кейіпкерлеріміз туған өлкедегі мал шаруашылығымен айналысатын қазақтардың тұрмыс-тіршілігі туралы айтып берді.
– Қазақстан сияқты Моңғолияның да жері кең, бай. Ауылдық жерде мал бағумен айналысатын қазақтар ғана емес, моңғолдар да киіз үйде тұрады. Олардың ата дәстүрлері мен тұрымыстық наным-сенімдері біздікіне өте ұқсас келеді. Моңғолдар біздің туысымыз, бауырламыз секілді. Сондықтан моңғол тілінде жетік білмесем де, жақсы түсінісеміз. Ұлттық тағамдарымыз да ұқсас, оларда біз сияқты қазы, қымыз, құрт, жент пен бауырсақ дайындайды, - дейді қандастарымыз.
Моңғолияда саятшылық өнері қатты дамыған. Тіпті, саятшылықпен айналысатындардың басым көпшілігі қазақтар екен. Саятшылықтың арқасында Моңғолияға жыл сайын туристер ағылып келіп, ел экономикасы көтеріліп жатыр. Құсбегілікті, атбегілікті моңғолдар мен қазақтар берік ұстанатынын атап өтті.
Құралайдың айтуынша, моңғолдар мен қазақтардың бала тәрбиесі, қоңақжайлығы мен салт-дәстүрі жағынан ұқсастықтары өте көп. Мысалы, тақ сандардың киесі барына сенеміз. Моңғолдарда үйге қоңақ келгенде 7 түрлі дәмнен тағам жасап, 3 түрлі тәтті беру дәстүрлері сақталған. Біз де Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық тағамымыз «Наурыз көжені» жеті түрлі қоспамен дайындаймыз.
Моңғолияның батысында тұратын қазақтар салт-дәстүрімізді берік ұстанып қана қоймай, бәйгелер мен додаларды ұйымдастырып тұрады. Тіпті, Наурыз мерекесінде барша қазақтар жиналып әйелдер арасында киіз тігуден, ерлер арасында киіз үй құрудан жарыс өткізіледі екен. Соның арасынан ерекше деп танылған киіз үйге төрт түлік малдың біреуін сыйға беретіні туралы айтты.
– Қазақтар мен моңғолдардың киіз үйінің құрылыстары бірдей болғанымен, дизайнында өзіндік ерекшеліктер бар. Мысалы, моңғолдардың киіз үйі аласа, уықтары қысқа және киіздері жұқалау болады. Сондай-ақ, олар оны «эсгий гэр» деп атайды. Ал, біздікі биік, кең және жарық болып келеді, - деді Өміртай.
Ол жергілікті қазақтарға қарағанда қандас қазақтар дәстүрді берік ұстайтынын атап өтті.
– Негізінде Моңғолия қазақтары салт-дәстүрлердің түпкі тамырынан бастап еш өзгеріссіз сақтап қалған деп есептеймін. Қазақстанға келгенде әр өңірде салт-дәстүрді әртүрлі ұстанатынын байқадым. Мысалы, оңтүстік пен батыста сақталған дәстүрлерді, солтүстік пен шығыста қолданбайды. Тіпті, сөйлеу мәнерінде де өзгешелік бары байқалады. Моңғолиядағы қазақтарда диалект ұғымы жоқ. Өзіміз азын-аулақ болған соң ба, тілімізде диалект сөздерді қолдана бермейміз, - деді Құралай.