Қорғаныс министрлігі

Министрлік жоғалған тікұшақ экипажын іздеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты

04.08.2025 20:05

Алматы облысында жоғалған тікұшақ экипажын іздеу күрделі гидрографиялық жағдайларда жалғасуда, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қорғаныс министрлігі 11 тәуліктен бері жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамның 330-дан астам адамы, 59 бірлік автомобиль техникасы, 23 жүзу құралы, 12 ұшқышсыз ұшу аппараты, сондай-ақ эхолоттар, георадарлар, авиация және кинологиялық есептоптар тартылғанын атап өтті.

Қорғаныс министрлігінің мамандарынан бөлек, іздеуге Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және басқа да мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері қатысуда.

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша арнайы комиссия құрылып, құрамына Мемлекеттік авиацияның ұшу қауіпсіздігі департаментінің жоғары білікті мамандары кірді. Комиссияның бір бөлігі іздестіруге жұмылдырылған, тағы бір бөлігі авиациялық инцидентті тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.

Көл түбінің терең шөгуі, су астындағы нөлдік көріну және ауа-райының құбылмалылығы сияқты қиын жағдайларға қарамастан, іздеу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.

Өтуі қиын аудандарға әуеден шолулар жасалып, жағалау белдеуі мен көл акваториясы тексерілуде. Су асты және жер үсті іздеулеріне арнайы жабдықтарды пайдаланатын ғылыми және техникалық ұйымдар тартылған.  Сонымен бірге, техникалық тергеу жалғасуда. Комиссия әуе кемесін дайындау және пайдалану жөніндегі құжаттаманы, құқық қорғау органдары мен авиациялық қызметтердің материалдарын, тікұшақ бағытындағы метеорологиялық және орнитологиялық жағдайды және басқа да факторларды зерделеп жатыр, – деді Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов. 

Іздеу жұмыстары жоғалған тікұшақтың экипаж мүшелерінің тағдыры анықталып, қайғылы жағдайға әкелген себептер анықталғанға дейін жалғасады.

Еске салсақ, 25 шілдеде жоспарлы ұшу кезінде Алматы облысы Сорбұлақ су қоймасы маңында Қазақстан Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштеріне тиесілі EC-145 үлгісіндегі тікұшақ радардан жоғалып кетті. Кейінірек іздестіру жұмыстары кезінде тікұшақтың қалдықтары табылды.