Жаңалықтар

Министрлік Алматыда далада түнеп жүрген студенттерге қандай көмек көрсетілгенін айтты

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ержан Әмірбекұлының айтуынша, видоны түсірген жігіттер анықталған.
Министрлік Алматыда далада түнеп жүрген студенттерге қандай көмек көрсетілгенін айтты
Фото: zakon.kz 10.10.2022 20:17 1173

Оқу жылы басталысымен еліміздегі бірқатар өңірлерде жатақхана тапшылығы байқалды. Алматы қаласында бір сәтте құны шарықтап кеткен жалдамалы пәтерлерге ақшасы жетпеген студенттердің наразылыққа шыққаны да белгілі. Жақында әлеуметтік желіде «далада қалдық» деген студенттердің видеосы тараған болатын.

Ғылым және жоғары білім министрлігі далада түнеп жүрген студенттерге көмек қолын созуға дайын екенін айтып, ведомства өкілдері бейнежазба авторларын іздестірген болатын.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ержан Әмірбекұлының айтуынша, видоны түсірген жігіттер анықталған.

«7 қазан күні әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін дереу студенттерге көмектесу үшін мәселені анықтауға тырыстық. Кейін белгілі болғандай Алматы қаласында сауда саласында жұмыс істейтін отбасы пәтерді жалға алу кезінде екі адам тұратындығын айтып келісімшартқа отырған. Алайда пәтерде екі адам емес, жеті адам тұрып жатқанын білген пәтер иесі барлығын үйден шығарып жіберген. Оның ішінде университетте оқитын 3 студенттің бар екені анықталды. Дәл сол студенттер қалжын ретінде түсірген», - деді Ержан Әмірбекұлы.

Пәтерден қуылған студенттерге университет жатақханасына орыналасуы туралы ұсыныс болған. Бірақ, олар жатақханаға жатудан бас тартып, біреуі туысының үйіне, қалған екеуі Алматыдағы тұрғын үйлердің біріне орналасқандығын айтқан.

«Студенттермен сөйлесу барысында олар бұл видоны тек қалжың ретінде түсіргендерін айтты», деді ол.

Қазақстандағы жатақхана мәселесі

Қазақстанда жатақхана мәселесі биыл ғана өзекті болып тұрған жоқ. Жыл сайын оқу жылы басталысымен жатақхана дауы да басталады. Сондықтан студенттердің көбісі пәтер жағалап кететіні жасырын емес.

«Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 1100-ден астам жатын орын, 104 университеттің 309 жатақханасы бар. Дәл қазіргі күні 88 мыңнан астам студенттің орналасқандығы туралы ақпарат бар. Тіпті, кейбір университеттердің жатақханаларында бос орындардың бары белгілі болып отыр», - деді Ержан Әмірбекұлы.

Қазіргі таңда өте өзекті болып отырған Алматы қаласындағы Жоғары оқу орындарындағы жатақхана мәселесі. Басқа өңірлер бойынша жатақхана тапшылығы байқалмайды. Бұл мәселе биыл ғана туындаған жағдай емес, жыл сайын қайталанып келеді.

«Елімізде жылдан жылға студенттердің саны көбейіп келе жатыр. 2026 жылға қарай Қазақстандағы студенттердің саны 1 млн-ға жетеді деген болжам бар. Яғни, бұл жатақхананың мәселесі келесі жылы да, арғы жылы да өзекті болып қалмақ. Сондықтан бұл туралы Қаржы орталығы арнайы инвесторлармен екі жақты келісім жасай отырып, мемлекеттік, жекеменшік, әріптестік негізінде жатақханалар салу жобасын бастап кетті. Биыл жылдың соңына дейін 17 жатақхана жаңадан беріледі. Оның ішінде 5 жатақхана Алматы қаласында жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарлануда», - деді ол.

Оның айтуынша, Алматы қаласы бойынша 35 жоғары оқу орнының 36 мыңға жуық студенті жатақханада тұрып жатыр. Жалпы, өтініш білдірген бірінші курс студенттерінің барлығына жатақханадан орналасқан. Бірақ, жекелеген жоғары курс студенттері тарапынан түсіп жатқан өтініштер кезегімен орындалатын болады.

Осы тұрғыда Ғылым және жоғары білім министрлігі Алматыда жедел штабтың жұмысын ұйымдастырды. Қазіргі таңда осы жедел штабқа 187 азамат хабарласқан. Оның ішінде студенттер, ата-аналар және жатақханалар мен хостелдердің иелері де бар. 136 студент жатақханаға орналасу бойынша өтініш қалдырды. Оның ішінде 53-і бірінші курс студенті. Тиісінше, оларға тез арада шешім қабылданып, жатақханаға немесе хостелдерге орналастырылды.

Студенттер қайда тұрып жатыр?

Студенттердің тұрғылықты орындарына байланысты мәселені шешу үшін студенттерге қоңақ үйлер мен хостелдерде тұру қарастырылған. Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында университет маңайындағы қоңақ үй және хостелдермен жоғары оқу орындары келісімшартқа отырады.

«Студенттерге тұруға арналған қоңақ үйлер мен хостелдер кез келген бей берекетсіз жүйедегі тұрғылықты орындар емес, университеттің маңайында орналасқан қоңақ үйлер мен хостелдер. Олармен университеттер тарапынан арнайы келісімшарт жасалынады. Біріншіден, келісімшартқа сәйкес ол жерде студенттер тұрады. Екіншіден, олардың бағасы бір жыл бойы өзгермейді. Үшіншіден, олардың қауіпсіздігі міндетті түрде қамтамасыз етілетін болады. Яғни, осындай шарттарға көнген қоңақ үйлер мен хостелдерде студенттер тұрып жатыр», - деді Ержан Әмірбекұлы.

Хостелдердің бағасы шамамен 20-30 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, хостелдерге көбінесе жоғары курстың студенттері орналасқан.

«Барлық жоғары оқу орындарына ұсыныс тастаған болатынбыз. Мүмкіндігінше, бірінші курстың студенттері университеттің жатақханаларына орналасуы қажет. Себебі, олар мектепті енді ғана бітірген балалар болғандық олардың қауіпсіздігі ескерілуі және студенттік ортаға тезірек бейімделуі үшін және университетке жақын орналасуы үшін осылай болу керек деп ұйғардық», - деді ол.

Сондай-ақ, қазіргі таңда пәтерсіз далада қалған студенттер туралы дерек тіркелмегенін атап өтті.

Қосымша ақпарат

Қандай да бір пәтердің иесі заңсыз немесе келісімшартта көрсетілгеннен басқа пәтер бағасын қымбаттатса немесе заңсыз түрде пәтерден қуып шығатын болса, онда Әділет министрлігінің Call-центріне 119 нөмері бойынша хабарласып, шағым түсіруге болады. Сонымен қатар, Білім және ғылым саласында ортақ Call-центр іске қосылды. Кез келген ата-ана, кез келген студент немесе оқытушы өзінің көкейкесті сұрағын айтқысы келсе, 1450 нөміріне хабарласып, тиісті ақпаратымен бөлісуіне болады.

«Сонымен қатар, Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындарында «Қоғамдық қабылдаулар» ашылды. Қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсаты университетке қатысты ата-ана және студент тарапынан немесе қала тұрғындарының тарапынан білімге және ғылымға қатысты сұрақтары болса, Қоғамдық қабылдауға келіп, өздерінің сұрақтарына нақты жауап алуларына болады», - деді Ержан Әмірбекұлы.

Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 101 мыңға жуық жатын орынның 88 мыңға жуығында студенттер орналасқан. Демек, 12-13 мыңдай орын жекелеген университеттерде әлі де бар.

«Әскери бағыттағы ұлттық қауіпсіздік, прокуратура бағытындағы жоғары оқу орындарын қоспағанда елімізде 309 жатақхана бар. Олардың бір қатары жаңа жатақхана, бірқатары ескі жатақханалар бар. Атап айтқанда, 90, 70 тіпті 50 жылдары тұрғызылған жатақханалар кездеседі. Дегенмен, олар жыл сайын күрделі жөндеу жұмстарынан өтіп отырады. Егер, оқыс оқиға болған жағдайда, қандай да бір санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайда оны оперативті түрд шешу туралы арнайы нұсқаулықтары бар. Сондықтан олардың барлығы жіті қадағаланады», - деді Ержан Әмірбекұлы.    


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға