«Министрге хат»: 235 бала еліміздің бас ұстазына хат жазды
27 мамыр мен 2 маусым аралығында «Қазақстан балалары» онкүндігі аясында «Министрге хат» атты акция өтті. Акция аясында қазақстандық балалар белсенділік танытқан. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев желі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жазбаға сүйенсек, бүгінгі күні 235 хат келіп түсті. Ғани Бейсембаев еліміздің түкпір-түкпірінен келген хаттардың әрқайсын зейін қойып, асықпай мұқият оқып шыққан. Ашық жазылған ұсыныс пікірлер, жүрек жарды тілектер мен жас балаға тән таза бұлақтай ойға толы хаттар министрлі қатты толғандырған.
Олар мектебі мен сүйікті ұстаздары, бастарынан өткен қым-қиғаш қызықты оқиғалары, алға жетелеген мақсат-мұраттары туралы жазулары мені зор әсерге бөлегені сонша балалармен жеке сөйлесіп отырғандай әсер қалдырды. Хаттарды оқи отырып, ең алдымен ата-ана ретінде қуаныш, мұғалім ретінде балаларымыз үшін мақтаныш сезім бойымды биледі,-делінген жазбада.
Оқу-ағарту министрі Тараз қаласындағы №66 мектептің 7-сынып оқушысы Артем Погореловтің хаты ерекшеленгенін атап өтті.
Артем – тағдыры жеңіл болмаса да, жігері мұқалмаған батыр бала екен. Ол патронаттық отбасында тәрбиеленуде, әрі қазақ мектебінде оқиды. Мектеп жаңалықтарынан хабар жүргізеді екен. Болашақта журналист болуды армандайды. Өз хатын «Ғани әке…» деп бастаған екен. Әр сөзі мейірім мен ізгілікке толы. Сөздері де, сезімі де шынайы, жүрекке жылы тиді. Артемнің хатын бірнеше рет қайталап оқып шықтым.
Айналайын Артем! Егер осы жазбаны оқып отырсаң, өзіңмен Астанада кездесуді жоспарлап отырмын. Сол кездесу өзің айтқан әке мен бала арасындағы әңгімедей болады деп сенемін,-деп жазды Ғани Бейсембаев.
Еліміздің бас ұстазы бұл акция біз үшін де жаңаша бастама болғанын алға тартты. Балалар тек орынды сұрақ қойып қана қоймай, жауабын табуға ұмтылған. Ең бастысы – үлкендерге, болашаққа сенеді. Бұл сенім — жүректен шыққан сөздің, таза кәусәр бұлағы.
Қарапайым армандардан басталып, шынайы әрі мағыналы диалогқа айналған акция міндетті түрде жалғасын табуы тиіс. Әр балаға шын жүректен алғыс айтамын. Хаттағы әр сөз — біз үшін бағыт әрі бағдар. Қазіргі уақытта хатта көрсетілген мәселелер бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Өтініштердің барлығы жүйеленіп, пысықталуда. Кейбірін нақты шешу үшін алдағы уақытта талқылаулар мен пікір алмасулар ұйымдастырылады. Әр ой, әрбір пікір мен ұсыныс назардан тыс қалмайтын болады,-деп сөзін түйді министр.

