Министр Дәурен Абаев халыққа есеп берді
Бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың есеп беру кездесуі өтті. Дәурен Абаев министрлік қызметінің нәтижелері, елімізде іске асырылған реформалар, әлеуметтік-экономикалық даму, министрліктің стратегиялық жоспарының негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізілу туралы және министрлікке қарасты салаларды дамытудың міндеттері бойынша хабардар етті.
Министр халықты «100 жаңа есім» жобасына қатысуға, қолдау білдіруге шақырды.
«Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған жоба қазіргі таңда El.kz порталында жүргізіліп жатыр. Барлықтарыңызды осы жобаға қатысуға шақырамын», - деді ведомоство басшысы.
Сонымен қатар ол есеп беру кездесуі кезінде өткен жылы атқарылған және биылғы жылдың алғашқы кезеңінде атқарылған жұмыстармен таныстырды.
Дәурен Абаев БАҚ өкілдерінің әлеуметтік мәртебесі туралы сұраққа былайша жауап берді:
«Журналистердің әлеуметтік мәртебесі туралы қарастырып жатырмыз. Бұл мәселе оң шешімін табады деп сенеміз. Биылғы жылдың соңына дейін «БАҚ туралы» Заң жобасына өзгерістер енгіземіз. Жобаны қарастырып жатырмыз. Сол кезде журналистерді қорғау және олардың әлеуметтік мәртебесі де ескерілетін болады».
Оның айтуынша, БАҚ туралы жаңа заң жобасы 2018 жылы қаралады. Дәурен Абаев өз сөзінде журналистерге үй беру мәселесіне қолдан келген жұмыстар атқарылатынын айтты.
– Журналистер бюджетті мекемелерге жатпайды, - деді министр дәурен Абаев. – Себебі олар басқа жекеменшік газеттерде жұмыс істеп, жоғары жалақы алуы мүмкін деп есептеледі. Сол тұрғыдан осы ой сананы өзгерту де қиынға соғады. Біз банктерге барып, үлкен мекемелерге көмек сұрауымыз мүмкін. Басқа жолдарды әзірге айту қиын. Бірақ мемлекеттік тапсырыс бойынша көмектесе аламыз. Бірақ БАҚ-тың 90 пайызы жекеменшік.
Есеп беру кездесуі кезінде жарнама туралы заңды қайта қарау керек деген мәселе сөз болды. Ол туралы ведомство басшысы «Қазір телеарналарда, радиоларда жарнаманың елу пайызы қазақ тілінде болуы керек. Газеттерге мұндай талап қоя алмаймыз. Себебі олар тіркелгенде қандай тілді көрсетсе сол тілде шығады. Банктерге қазақ тілінде жарнама бер деу қиын болады. Себебі бұл жерде кәсіпкерлік мәселесі тұр. Дегенмен бұл шаруа оңынан шешіледі. Қазіргі және осыдан он жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда ілгерілеушілік бар. Біз барлығын ақырындап жүзеге асыратын боламыз», - деді.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ҚР Ақпарат туралы заңды қайта қарастырып, онда бірқатар жағдайларға қатысты нақты тармақтар енгізілетінін тілге тиек етті. Аталмыш заңда әлеуметтік желілерде, БАҚ беттерінде түрлі жағдайда зорланған, құқығы тапталған балалардың болашағын ескере отырып, ондай материалды жарияламау керектігі туралы тармақ бар. Дәурен Абаев осы мәселеге толығырақ тоқталды.
– Балалардың құқығын қорғау бойынша айтатын болсақ, кейде мұны жариялау керек те шығар,- деді ол. – Дегенмен әлеуметтік желілерде жариялауға тыйым салатын боламыз. Алайда жағдайдың қалай болғанын жанжақты талқылап, зерттеу жасау негізінде, мұндай мәселелерді жариялау да керек шығар. Сондықтан да біз заңның бір тармағын қалдырып отырмыз.
Сондай-ақ есеп беру кездесуде журналистика саласындағы сауатсыздық мәселесі де сөз болды.
«Егер мұндай сауатсыз журналистер мемлекеттік арналардан болса, шара қолдана аламыз. Егер жекеменшік сайттарда, арналарда болса, біз ештеңе істей алмаймыз. Мысалы сіз ертең бір телеарна ашып, оған көршіңіздің баласын жұмысқа алып, ол сауатсыз сөйлесе біз жауапқа тарта алмаймыз. Себебі жекеменшік БАҚ-ты жөндейтін сіздер. Ал біз бір сайтты жауып тастасақ мына отырған журналистер, халықаралық ұйымдар шулайды. Ал қазақ тіліне қатысты мәселе сіздердің қолыңызда. Сайт сіздердікі. Оқитын сіздер. Министрлік жүз мыңдаған сайтты бақылап отыра алмайды ғой. Сондықтан бұл мәселені қоғам ғана шеше алады», - деді министр.