Жаңалықтар

Министр ұлыбританиялық жоғары оқу орындарын Қазақстанда филиал ашуға шақырды

Министр ұлыбританиялық жоғары оқу орындарын Қазақстанда филиал ашуға шақырды
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 11.05.2023 03:39 674

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбритания Парламенті ғимаратында Баронесса Эмма Никольсонмен және жетекші британдық жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Министр британдық жоғары оқу орындарының басшыларына Қазақстанда университет филиалдарын ашудың мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы айтып берді. Сонымен қатар елде өңірлік білім беру хабын құрудың перспективасын ұсынды. Саясат Нұрбек бүгінгі таңда білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Жетекші британдық жоғары оқу орындарының өкілдері қазіргі уақытта Қазақстанның ғылым және жоғары білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан өзгерістер мен жаңашылдықтарға жоғары қызығушылық танытып, Ұлыбритания мен Қазақстанның оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңызын атап өтті.

Сондай-ақ, 19-шы Дүниежүзілік білім беру форумы аясында Саясат Нұрбек Times Higher Education беделді журналының өкілдерімен кездесті. Онда тараптар жоғары білім беру саласындағы жаһандық трендтер мен жаңа сын-қатерлерге қатысты пікір алмасты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға