Министр өнеркәсіп және құрылыс саласында кадрлық жетіспеушілік барын айтты
39 мыңнан астам адам – бұл Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жетекшілік ететін салалар бойынша кадрларға деген қажеттілік. Бұл деректерді министр Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, ең үлкен тапшылық құрылыс пен сумен жабдықтауда (17 мыңнан астам маман қажет), сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде (6,8 мың), металлургияда және тау-кен өндірісінде (4,6 мың) байқалады.
Аталған мәселені шешу үшін Жаңа мамандықтар атласына 75 жаңа мамандық енгізілді. Мысалы, роботтандырылған тау-кен техникасының операторы, виртуалды прототиптеу жөніндегі маман және «Ақылды үй» жобалаушысы. Бизнес-процестерді автоматтандыру үдерісінде 40-тан астам мамандық түрлендірілді.
Биыл индустрияландыру картасының 190 жобасы шеңберінде машина жасауда 8 жаңа мамандық пайда болады: 3D-басып шығару және дәнекерлеу жөніндегі инженер, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы және басқалары бар. Олар Алматы мен Қостанайдағы негізгі өндірістік жобаларда жұмыс істейтін болады. 336 кәсіпті қамтитын сегіз салада жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, 60 кәсіптік стандарттарды әзірлеу және өзектендіру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Өнеркәсіп саласында дуальды оқытуды пайдалана отырып, кадр даярлау 284 колледжде жүргізіледі, 700-ден астам кәсіпорын жұмылдырылған. Шарттар мен меморандумдар шеңберінде олар 30-дан астам білім беру бағдарламасын іске асыруда. Жыл сайын 13 мыңнан астам жас маман тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Геолог мамандығын дәріптеу мақсатында «Жас геолог» қоғамдық қоры құрылды, «Еңбек сіңірген геолог» наградасы ведомстволықтан мемлекеттік мәртебеге қайта ауыстырылды. Құрылыс саласында да жұмыс жүргізілуде. 2019 жылдан бастап Отбасы банкі жұмысшыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі корпоративтік бағдарламаны іске асыруда. Соңғы 2 жылда кәсіпорындардың 122 қызметкері пәтер кілтіне ие болды. Ауылдан кадрлардың кетуін азайту үшін өз қызметкерлеріне тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындары субсидияланады.
Сонымен қатар 400-ден астам маман «Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы» және BI University біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Өткен жылы WorldSkills Kazakhstan чемпионатында 108 жеңімпаз еліміздің жетекші компанияларынан жұмысқа орналасу туралы ұсыныстар алды.