Министр: Мықты экономика құру үшін ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды
Петропавл қаласындағы Қозыбаев университетінде Аризона университетімен бірлесе екі диплом бойынша оқыту бағдарламасының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды EL.KZ.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, АҚШ Елшілігінің және Аризона университетінің өкілдері, сонымен қатар студенттер мен олардың ата-аналары қатысты.
Құрметті студенттер және оқытушылар, сіздерді осындай маңызды күнмен және оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Сіздер еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін. Мықты экономика құру үшін ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды екенін білесіздер. Осы мақсатта Президенттің тапсырмасы бойынша министрлік 2025 жылға дейін 5 шетелдік университеттің филиалын ашу жұмыстарын жүргізуде. Олардың бірі – бүгін қазақстандық студенттер үшін есігін ашқан Аризона университеті, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Бірлескен бағдарламалар бойынша оқыту үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде IT, инженерия, агротехнология мен биотехнология салаларында гранттармен қарастырылады.
Екі диплом бойынша оқытатын халықаралық бағдарламаларға 170 бала түсті.