Министр Илон Масктің спутниктік интернетін тексеріп көрді
Қазақстанда 2026 жылдың ақпанынан бастап спутниктік байланыс арқылы интернет қолжетімді болмақ. Бұған премьер-министрдің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиевтің SpaceX мамандарымен бірге жүргізген сынағы негіз болды. Цифрлық даму министрлігінің ресми мәліметінше, алғашқы сынақ ойдағыдай өткен.
Ведомство хабарлағандай, еліміз әлем бойынша Direct-to-Cell спутниктік технологиясын енгізетін алғашқы мемлекеттердің бірі болмақ. Бұл жаңалық президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы АҚШ-тағы сапары кезінде жасалған келіссөздердің нәтижесінде мүмкін болған. Сол сапар барысында Қазақстанға бірқатар алдыңғы қатарлы технологияларды енгізуге жол ашатын құжаттарға қол қойылған еді.
Сол құжаттардың ішіндегі маңыздысының бірі - Starlink-тің Direct to Cell технологиясын іске қосу туралы келісім. Бүгінгі сынақ барысында министр Мәдиев пен SpaceX мамандары Орталық Азияда алғаш рет бұл жүйені тексеріп, қарапайым смартфон арқылы SMS жолдап, мессенджер арқылы қоңырау шалуды сәтті орындаған.
Direct-to-Cell технологиясы қосымша құрылғыларды қажет етпей, стандартты мобильді телефонды тікелей спутникке қосуға мүмкіндік береді. Сондықтан, далада да, таулы және шалғай өңірлерде де байланыс жұмыс істейді, - деп хабарлаған министрлік.
Министрлік түсіндіргендей, Direct-to-Cell шешімі стандартты мобильді телефонды ешқандай қосымша құрылғысыз тікелей спутникке қосуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты интернет пен байланыс қалада ғана емес, елді мекендерден алыс аймақтарда, таулы жерлерде де жұмыс істей алады.
Жүйе Қазақстанда іске қосылғаннан кейін алғашқы кезеңде SMS-хабарлама қызметі белсенді болады. Кейіннен дауыс арқылы сөйлесу және басқа да сервистер қосылады. Толыққанды қызметтердің басым бөлігі 2027 жылға қарай қолжетімді болады деп күтілуде.
Starlink жобасы қарапайым тілде:
Starlink - АҚШ-тың SpaceX компаниясына тиесілі спутниктік интернет жүйесі. Ол Жерді төмен орбитада мыңдаған шағын спутниктер арқылы алып жүреді. Сол спутниктер жердегі арнайы құрылғыларға сигнал жолдап, интернетті жоғары жылдамдықпен қамтамасыз етеді. Бұл жүйе әдеттегі кабель немесе ұялы байланыс торы жоқ шалғай елді мекендерде де тұрақты интернетке қосылуға мүмкіндік береді.
Негізінен жоба 2015 жылы жарық көрген. Қазірдің өзінде әлемнің 150 елі қызығушылық танытуда. Алғашқы жылдары тек сынақ ретінде 3 мың спутник жіберіп көрді. Ал қазір әуе спутниктердің саны 10 мыңға жуықтады.
Әлем үшін күтпеген жаңалыққа айналған ғаламат құрылғы, тұтынушылардың сұранысы бойынша 2021 жылы толықтай сатылымға шығары бастады.
Құрылғының бағасы қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді ме?
Шалғайдағы ауыл аймақты интернетпен толықтай қамтамасыз ететін құрылғы, алғашқы жылдары тым қымбат болатын. Дегенмен, нарықтағы бәсекелестік пен жаңа технологияға деген халықтың сенімсіздігі бағаны айтарлықтай арзандатты. Егер дәл қазір Starlink құрылғысын үйге орнатқыңыз келсе, айына: 23 мың теңге төлейсіз. Ал саяхатқа арналған Roam модемінің құны: 26 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, түрлі пакеттеріне байланысты бағасы да өзгере береді.

