Жаңалықтар

Министр дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыру бойынша заң жобасын ұсынды

Бұл құжат Мемлекет басшысының Денсаулық сақтау министрлігіне ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде әзірленді
Министр дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыру бойынша заң жобасын ұсынды
Фото: ratel.kz 19.09.2022 15:32 1236

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуді көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды El.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы заң жобасын дайындау кезінде халықаралық заңнамаға, сот статистикасына және 2018-2020 жылдары жеке және заңды тұлғалардың тарапынан келіп түскен өтініштерге 14 мыңнан астам талдау жүргізілгенін атап өтті.

Осылайша, Министрлік медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың түрлі модельдеріне талдау жүргізді.

Қазақстандық қоғамның дамуын ескере отырып, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың оңтайлы тетігі бейімделген нарықтық сақтандыру моделін-жұмыс істеп тұрған сақтандыру компаниялары арқылы қолдану, Швеция, Канада, АҚШ, Жапония және Түркия модельдері бойынша жанжалды сотқа дейін реттеу ұсынылады.

«Өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, халықаралық практиканы талдаудың негізінде, сондай-ақ жұртшылықтың, мемлекеттік органдардың және сақтандыру компанияларының қатысуымен жүргізілген талқылаулардың қорытындылары бойынша жұмыс істеп тұрған сақтандыру компаниялары арқылы медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін жүктелген сақтандыру моделі қабылданды, жұмыс беруші - медициналық ұйым сақтанушы болады, ал медицина қызметкерлерін лицензиялауды енгізу болашақта медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесіне қатысушылардың жауапкершілігін бірлесіп бөлуге мүмкіндік береді», - деді А.Ғиният.

Осы модельге сәйкес шағымды қарауды медициналық ұйым медиация элементтерін қолданып, сондай-ақ бейінді медициналық қауымдастықтарды тарта отырып, ішкі аудит қызметі мен сақтандыру компанияларының деңгейінде жүзеге асыратын болады. Бұл кезеңде мәселе медициналық ұйымның өзінде ретелуі мүмкін. 

Пациент аудит қызметінің шешімімен келіспеген жағдайда шағым сараптамалық қорытынды беру үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесіне берілетін болады. Шағым материалдары бойынша оң нәтиже шығарылған жағдайда, оның ішінде сот-медициналық сараптаманың қорытындысы медициналық ұйым сақтандырылған сақтандыру компаниясына берілетін болады.

Пациентке келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді сақтандыру компаниясы Денсаулық сақтау министрлігі айқындаған жағдайлар бойынша жүргізеді.

Сақтандыру жарнасының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған айлық есептік көрсеткіш көлемінде тәуекел дәрежесіне, бейіндік бағытқа қарай бекітілген актуарлық есеп-қисаптардың негізінде медицина қызметкерінің жауапкершілік дәрежесі ескеріле отырып айқындалған. 

Денсаулық сақтау саласының әлеуметтік бағдарлануын ескере отырып, сақтандыру жүйесін енгізудің бастапқы кезеңінде сақтандырушының сақтандыру жағдайы бойынша жауапкершілігінің шекті көлемін айқындау ұсынылады.

Бұл ретте 2023 жылдан бастап сақтандыруды жұмыс берушінің есебінен жүзеге асыру ұсынылады, ал 2025 жылдан бастап сақтандыру сыйлықақысының сомасын медициналық ұйым мен медицина қызметкерінің арасында бөлу ұсынылады, бұл ортақ жауапкершілікке әкеледі.

Заң жобасы шеңберінде: біржолғы сыйлықақы ұсынумен 3 атақ «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» (Заслуженный врач РК), республикалық конкурстың 17 жеңімпазына «Мамандығы бойынша үздік» мемлекеттік және ведомстволық наградаларын енгізу ұсынылатынын атап кеткен жөн.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі Заң жобасының шеңберінде медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру және ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының санкциялық шараларын қайта қарау нормаларын ұсынды.

Мысалы, денсаулыққа байқаусызда орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мөлшерін және қамауға алу мерзімін азайту, денсаулығына ауыр зиян келген немесе пациент қайтыс болған жағдайда «бас бостандығынан айыру» жазаның мерзімін қайта қарай отырып, «бас бостандығын шектеуге» ауыстырылсын.

Осы Заң жобасы және медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың ұсынылған моделі құқықтық тәуекелдерді төмендетуге, жұмыс істеп жүрген кәсіптік кадрлардың кетуін азайтуға, қорғалу сезімін арттыруға, жастарды өз болашағын медициналық кәсіппен байланыстыруға ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұл нормалар медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға, пациенттің денсаулығына зиян келген жағдайда толыққанды оңалту мен денсаулықты қалпына келтірудің кепілді мүмкіндігін алу жолымен пациентті қорғауға бағытталған», - деп қорытындылады ҚР ДСМ басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға