Министр Аида Балаева тасқыннан зардап шеккендердің шығыны қалай өтелетінін айтты
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева су тасқынынан зардап шеккен аймақ тұрғындарына қолдау білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Министр өзінің Facebook парақшасына бейне ролик жүктеп, апатты жағдай туралы ойымен бөлісіп, тасқыннан қиындық көрген халыққа бар жағдай жасалатынын айтып өтті.
Табиғаттың тосын мінезінің зардабын толық қалпына келтіру – мемлекеттің міндеті. Бұны ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қадап айтты. Барлық шығын өтеліп, тасқыннан қиындық көрген халыққа бар жағдай жасалатын болады. Үкімет қаулысына сай апаттан бүлінген мүлік пен қираған үй, қырылған мал жеңілдетілген тәртіппен қысқа уақытта өтеледі. Ол үшін біріншіден, зардап шегушілер мүлікке қатысты әкімдікке жеке немесе сенімхат арқылы материалдық өтемақы туралы өтініш жазып, жеке куәлік көшірмесімен бүлінген немесе жойылған мүліктің тізбесін қоса тапсырады. Өтініш 30 күн ішінде берілуі тиіс. Берілген өтініш 15 жұмыс күнде қаралып, тиісті мамандар 10 күн ішінде мекенжайға барып, шығындарды есептейді. Бағалаушылардың қорытындысынан кейін 3 жұмыс күн ішінде қаражат беру туралы шешім қабылданып, 30 жұмыс күн аралығында өтемақы төленеді,-деді Аида Балаева.
Сондай-ақ ведомство басшысы қырылған малға қатысты өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың жанынан шығынды есептеу жөніндегі комиссиялар құрылатынын алға тартты.
Министрдің айтуынша, су тасқыны салдарынан өлген төрт түліктің иелері малдары туралы мәліметтерді көрсетіп, жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Малға меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады.
Ардақты ағайын, біз апатқа ұшыраған отандастарымыздың жан айқайы мен алаңдаушылығын жақсы түсінеміз. Еліміздегі әр отбасының жайлы өмірі, әр әулеттің сенімді ертеңі – Қазақстанның жарқын болашағы. Тұтас ел болып жұмылып, апатты бірге еңсереміз деп сенемін, - деді министр.