Жаңалықтар

Министр: ЖОО-да қолайлы ғылыми орта құруымыз қажет

Осы жолда әлемнің үздік тәжірибелерін енгізуге дайынбыз.
Министр: ЖОО-да қолайлы ғылыми орта құруымыз қажет
24.07.2022 06:36 2455

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Джуди Куомен білім саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады, деп хабарлайды EL.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство басшысы жоғары оқу орындарында ғылымды дамыту туралы ойымен бөлісіп, олардың орындалуы көп жағдайда ғылымды қаржыландыруға жұмсалатын қаржының ұлғаюы мен ғалымдардың беделін арттыруға байланысты екендігін алға тартты.

Біз жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, жоғары оқу орындарында қолайлы ғылыми орта құруымыз қажет. Осы жолда әлемнің үздік тәжірибелерін енгізуге дайынбыз, - деді министр.

Саясат Нұрбек министрліктің негізгі жобаларының ішінде 500 қазақстандық ғалымның шетелдік танымал жоғары оқу орындарына тағылымдамаға жіберілуін сондай-ақ, Қазақстанда әлемдік деңгейдегі 5 университет филиалдарының ашылуын атап өтті.

Мұндай жобалардың бірі – қыркүйек айында алғашқы болып студенттерін қабылдайтын Аризона университетінің Петропавлдағы филиалы.

АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілінің пікірінше, американдық ЖОО филиалының ашылуы Қазақстан мен АҚШ арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі бола алатынын жеткізді.

Біз Қазақстанда Фулбрайт бағдарламасын іске асыруды талқылау үшін Қазақстан мен АҚШ өкілдері кіретін жұмыс тобына қатысуға дайынбыз, - деді Джуди Куо.

Фулбрайт бағдарламасы 1946 жылы Америка халқы мен әлем елдеріндегі адамдар арасындағы өзара келісімді ілгерілету үшін құрылған.

Бағдарлама мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға, студент алмасу, жоғары сынып оқушыларының ғылымға, инженерияға және математикаға деген қызығушылығын ынталандыруға, сондай-ақ студент жастар арасында әйел адамның көшбасшылығын дамытуға бағытталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға