коллаж El.kz

Минимализмге орын жоқ: 2026 жылы сәнді көріну үшін не киеміз?

20.03.2026 12:16

Биыл сән қуамын деп әуре болмаңыз. Сән әлемінің сарапшылары 2026 жылы стильді әр адам өзі қалыптастырады дейді. Яғни, «жұрт не киіп жүр» деп Instagram-ды ақтармай, өзіңізге ұнайтын киімді жарасымды етіп кисеңіз жеткілікті. Стилист Тоня Дженсеннің айтуынша, бұл жерде ең алдымен өзіңізге деген сенімділік қажет.

Ретро және винтаж стилі

2026 жылы винтаж қайтадан сәннің алдыңғы қатарына шықты. Әсіресе ретро қалпақтар, сағаттар, 80-жылдар стиліндегі сырғалар, брошьтар, қолғаптар мен шағын сөмкелер сұранысқа ие болып отыр. Киімнің өзінде де бұрынғы сәннің элементтері көрініс таба бастады. Моншақпен әшекейленген маталар, төмен белді белдемшелер, тізеден келетін ұзындық қайта оралды. Бұдан бөлек, 2010 жылдардағы стильге де қызығушылық қайта жанданып келеді.

Фото: dress-mag.com

Корольдік стиль

Барқыт, жібек, жаккард, тафта сияқты қымбат маталар қайтадан сәнге келді. Мұндай киімдер образды бірден жинақы әрі сәнді етіп көрсетеді. Бұл стиль тек кешкі киімге ғана арналмаған. Оны күнделікті образға да оңай қосуға болады. Мысалы, барқыт пиджакты қарапайым джинсымен киіп, әдемі әрі ыңғайлы стиль жасауға әбден болады.

Максимализм

Биыл қарапайым әрі ұстамды стильден гөрі, көзге бірден түсетін, батыл образдар алға шықты. Түрлі түстерді өзара үйлестіру, бірнеше принтті бірге кию, ерекше маталарды таңдау қалыпты нәрсеге айналды. Мысалы, леопард өрнегін гүлді принтпен үйлестірсеңіз, бұған ешкім таңғалмайды. Әшекейді де аямай тағуға болады, бұл стиль сонысымен ерекшеленеді. Тіпті цирк стиліне тән элементтер де қайта сәнге кірді. Ірі жолақтар, ашық түстер, түрлі өрнекті колготкалар образға көңілді реңк береді.

Гламоратти – 80-жылдар эстетикасы

80-жылдардың стилі әлі де сәннен кеткен жоқ, керісінше, биыл бұрынғыдан да ерекше көзге түсуде. Кең иықты костюмдер, биік жағалар, бірден көзге түсетін детальдар қайтадан сұранысқа ие болуда. Бұл стиль классикалық киімді сәл өзгешелеу етіп кигісі келетіндерге өзін көрсетуге таптырмас мүмкіндік.

Поэткор

Бұл стиль университеттегі атмосфераны еске түсіреді. Лоферлер, галстук, кең свитерлер, жеңі қатпарлы жейделер, вельвет шалбарлар арқылы жинақы, бірақ ерекше образ жасауға болады. Жалпы, бұл бағытта киім ыңғайлы болуы керек және шығармашылық реңк қосуға әбден болады. Осындай стильдің сәннен кетпейтіні анық.

Фото: livejournal.com

Торлы киімдер

Тор киімдер қай кезде де сәнде болады. Биыл соның қатарына аксессуарларда да қосылды. Тіпті оны телефон қаптарынан да байқап жүрген шығарсыздар. Бұл элемент образға нәзіктік береді. Торды толық киімге емес, шағын деталь ретінде қосса да әдемі көрінеді. Мысалы, чокер, шашқа тағатын лента немесе шұлық арқылы образды жеңіл толықтыруға болады.

Готикалық стиль

Бүгінде готикалық стиль сәннің ерекше бір бөлігіне айналды. Қара түсті киімдер, торлы маталар, крест пен түрлі символдар жиі кездеседі. Бірақ бұрынғыдай тым ауыр көрінбейді, қазір бұл стиль сәл жұмсарып, жинақы көрінеді.

Сафари стилі

Бұл стильде табиғи реңктер басым. Хаки түстер, бермуд шалбарлар, қалтасы көп жейделер, жилеттер мен белдіктер саяхатқа жақсы келеді. Осындай киімдерді күнделікті базалық гардеробпен де, сәл сәндірек образдармен де оңай үйлестіруге болады.

70-жылдар стилі

Клеш шалбарлар, белі қыналған киімдер, ашық әрі қанық түстер әлі де сәннен кеткен жоқ. Ұзын көйлектер, жеңіл матадан тігілген киімдер, желбіршегі бар жейделер әсіресе жазда жиі киіледі. Ал ірі көзілдіріктер образды толықтырып, сол кезеңнің атмосферасын береді.

Фругал-шик

Бұл бағытта басты назарды сапаға аударамыз, яғни аз болса да жақсы әрі ұзаққа шыдайтын дүниені таңдаған жөн. Мысалы, бір сапалы кашемир жемпір бірнеше арзан киімнен әлдеқайда ұтымды. Бастысы, әр затты сатып аларда ойланып, артық шығыннан қашып, өзіңізге ұзақ уақыт кигенге ыңғайлы стиль қалыптастыру маңызды.

Интеллектуалды спорт стилі

Бүгінде адамдар спорттық киімді тек спортта емес, күнделікті өмірде де киеді. Оны классикалық элементтермен араластырып кию сәнге айналған. Мысалы, жолақты спорт шалбарын жейдемен және өкшелі аяқ киіммен үйлестірсе, ыңғайлы әрі стильді образ шығады.

Фото: juliaosina.ru

Алтын акценттер

Соңғы кезде алтын түсті киімдер мен әшекейлер қайтадан сәнге кірді. Тек сырға, алқа емес, киімнің өзінде де алтын түсті бөлшектер көбейіп жатыр. Жарқыраған маталар, ұсақ жылтырлар образды бірден сәнді етіп көрсетеді.