Жаңалықтар

«Милтон» дауылы: Отандасымыз АҚШ-тағы жағдай туралы айтты

«Милтон» дауылы: Отандасымыз  АҚШ-тағы жағдай туралы айтты
Фото: pixabay.com 11.10.2024 14:22 1170

Флорида штатындағы алапат дауыл Америка тұрғындарын әбігерге салды. Қыркүйек айының соңында Хелен дауылы үйлердің шатырын ұшырып, көліктерді қиратып, адам шығынын әкелсе, Милтон күшті тропикалық циклоны 4 адамның өмірін жалмады. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Флорида штатының Майами қаласында оқып жатқан қазақ азаматымен тілдесіп, дауылдан кейінгі тұрғындардың жағдайын білуге тырысты.

Нұрдос Мейрамбек Флориданың Майами қаласында орналасқан Florida International University оқу орнының 3-курс студенті. Computer Science саласы бойынша білім алып жүр. Бүгінде Майами қаласында тұрады.

«Біздің қалада жағдай тұрақты» деп отыр өзі.

Әлеуметтік желілерді шулатып жатқан Милтон дауылы соңғы 2-3 күн қатарынан жүріп жатыр. Әсіресе Тампа қаласының жағдайы мәз емес. Тұрғындарға бір апта бұрын эвакуацияланудың қажеттігі түсіндірілді. Көбісі бұл ескертулерге құлақ асып, үй-жайын тастап басқа штаттарға көшіп бастады, - деді студент жігіт.

Оның айтуынша, тұрғындар жан-жақты ақпараттандырылды. Тампа қаласының тәртіп сақшылары үй-үйді аралап, ескерту жасаған көрінеді. Өздерінің әлеуметтік желілері арқылы да үндеу тастап, қала тұрғындарын уақытша қоныс аударуға шақырған.  

Эпицентр болған қалада тұрып жатқан студент достарым Майами қаласына келіп, көмек сұрады. Біз де жәрдем беруден аянып қалмай, барынша қолдап-қолпаштауға тырыстық. Естуімше, штаттағы қазақтардың барлығы – дін аман, - деді Нұрдос Мейрамбек.

Хелена дауылынан соң, қалаға Милтон жақындағанда смс хабарламаладан бөлек, телефонға қоңыраулар шалына бастаған. Майамиде жағдай тұрақты болғанымен, Нұрдостың өзіне күніне 6-7 рет қоңырау келіп түсетін еді.

Қателеспесем, Флорида штатында кем дегенде 5 мың қазақ бар. Студенттер бұл ескертулерге бей-жай қарамай, заттарын тастап басқа штаттарға кетуге мәжбүр болды, - дейді ол.

Қазақстан азаматының айтуынша, АҚШ-та тұратын отандастарымыздың арнайы чаты бар. Қазақтар кез келген уақытта бір-бірінен көмек сұрап, үнемі жанашырлық танытып отырады.

Дауыл жайлы ақпарат тарағанда, көрші қалалардан бөлек,  Нью-Йорк, Лос-Анджелес штаттарына қоныс аударғандары да болды.

«АҚШ-тағы қазақтар - өте ұйымшыл. Бір-бірімізді үнемі іздеп отырамыз» дейді өзі.

Қауіпсіз жер іздеп, бас сауғалаған Тампа тұрғындары дауылдың қашан бәсеңдейтінін білмей әлек. Өйткені қалада су жоқ, жарық өшірулі. Интернет желісі де ұстамайды.

Тампадан бөлек, Орландо қаласында да дауыл сезілді. Бірақ күштігілі Тампадағыға жетпеді. Шамамен 80-90 км сағат жылдамдықта жел болды деседі, - деп нақтылады студент.

Тампа тұрғындары дауылдың беті қатты болатынына сенбесе керек. Себебі мұхитқа жақын орналасқан аумақта дауылдар жиі болып тұратыны белгілі. Десе де, мұндай алапат дауыл соғуы -  сирек жағдай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға