Миллиардер Уоррен Баффет акционерлерге арналған соңғы хатын жариялады
Әлемнің ең бай адамдарының бірі, 95 жастағы Уоррен Баффет өзінің соңғы Berkshire Hathaway акционерлеріне арналған хатын жариялады. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Басылым дерегінше, бұл хат алпыс жылдан астам уақыт бойы атқарған қызметінің қорытындысы әрі инвестордың қоштасу үндеуі саналады. Баффет 2025 жылдың соңында Berkshire компаниясының бас директоры қызметінен кетпек, бірақ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде жұмысын жалғастырады.
Соңғы хатында ол 1,3 миллиард доллардан астам сомаға тең Berkshire Hathaway акцияларын қайырымдылыққа беретінін мәлімдеді. Ол 1 800 «A» санатты акцияны 2 700 000 «B» санатты акцияға айырбастап, оларды балаларының қорларына тапсырады:
1 500 000 акция – Сьюзан Томпсон Баффет қоры;
400 000 акциядан – The Sherwood Foundation, Говард Г. Баффет қоры және NoVo қорына.
Баффет алдағы уақытта жыл сайынғы есептер мен акционерлерге хаттар жазбайтынын, сондай-ақ Berkshire Hathaway жиналыстарында сөз сөйлемейтінін айтты. 2026 жылы бас директор қызметін оның ізбасары Грег Абель атқаратын болады, ал Баффет кеңес төрағасы ретінде қалады.
Баффет 1965 жылдан бері жыл сайын табыс есептерімен қатар акционерлерге хат жазып келеді. Ол хаттарында инвестициялық кеңестер беріп, қаржылық стратегияларын бөлісіп, кейде қателіктерін мойындап, компанияның даму бағытын ашық сипаттап отырған.
Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы хабарлағандай, Баффет биылғы ақпан айындағы жылдық хатты вице-төраға әрі болашақ басшы Грег Абельге жазуды тапсырған. Енді жыл сайынғы акционерлер жиналысында сұрақтарға да Абель жауап береді.
Қазіргі уақытта Баффет – Berkshire Hathaway холдингінің бас директоры, директорлар кеңесінің төрағасы және ең ірі акционері. Компанияның иелігінде ондаған бренд бар, соның ішінде Geico сақтандыру компаниясы, Duracell аккумулятор өндірушісі және Dairy Queen мейрамханалар желісі. Ал холдингтің 283,24 млрд долларлық инвестициялық портфелінің негізгі бөлігін Apple, American Express, Bank of America, Coca-Cola және Chevron акциялары құрайды.
Bloomberg сарапшылары Баффеттің жеке байлығын 150 млрд доллар, ал Forbes мамандары 149 млрд доллар деп бағалайды. 2024 жылдың маусымында инвестор өзінің табысының 99,5%-ы Berkshire Hathaway акцияларынан тұратынын мәлімдеген. 2025 жылдың маусымындағы мәліметке сүйенсек, Баффетке компанияның «A» санатындағы акциялардың 36,4%-ы және «B» санатындағы акциялардың 0,001%-дан азы тиесілі.

