©El.kz коллажы

Миллиардер атану үшін қай спорт түрімен шұғылдану керек: үздіктердің табыс формуласы

2026 жылы әлемдік миллиардерлер тізімі спорт әлеміндегі тағы бір танымал тұлғамен толықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Аты аңызға айналған швейцариялық теннисші Роджер Федерер ресми түрде миллиардерлер қатарына қосылып, бұл межені бағындырған санаулы спортшылардың бірі атанды. Осылайша ол бұған дейін-ақ миллиардтық табысқа қол жеткізген америкалық жұлдыздар – Майкл Джордан, Леброн Джеймс, Тайгер Вудс және Мэджик Джонсондардың қатарын толықтырды.

Майкл Джордан

Табысы: $4,3 млрд

Жасы: 63 жаста

Азаматтығы: АҚШ

Қазіргі спорт индустриясы түбегейлі өзгерді. Бұрынғыдай тек алаңдағы жетістікпен шектелу жеткіліксіз. Жоғары табысқа жетудің кілті – спорттан тыс мүмкіндіктерді тиімді пайдалану. Жарнама келісімдері, инвестициялар, жеке бренд құру және ірі компаниялардағы үлес – міне, бүгінгі чемпиондардың басты табыс көзі.

Майкл Джордан / Getty Images

Бұл тұрғыда Майкл Джорданның жолы ерекше назар аудартады. Бүгінде оның байлығы 4,3 миллиард долларға жетіп, ол тарихтағы ең бай экс-спортшы саналады. Бір қызығы, оның Ұлттық баскетбол қауымдастығындағы жалпы жалақысы небәрі 90 миллион доллар шамасында болған. Алайда Джордан бизнес әлемінде мүлде басқа деңгейге көтерілді.

Оқи отырыңыз:

Оның табысының басым бөлігі Nike компаниясымен серіктестіктен келеді. 1997 жылы іске қосылған Jordan Brand бүгінде жылына шамамен 7,3 миллиард доллар табыс әкеледі. Джордан осы табыстың шамамен 5 пайызын алады, яғни жыл сайын 150 миллион доллар табыс табады. Бұл – оның кәсіби мансабындағы табысынан әлдеқайда жоғары көрсеткіш.

2010 жылы «Шарлотт Хорнетс» клубының бақылау пакетін сатып алуы да дұрыс шешім болғанын уақыт дәлелдеді. Ол кезде клуб ҰБҚ-дағы ең арзан командалардың бірі еді. Алайда 13 жыл ішінде оның құны бірнеше есе өсіп, Джордан өз үлесін 2023 жылы шамамен 3 миллиард долларға сатты. Бұл мәміле оның қаржылық тұрғыда көрегендігін білдірсе керек.

Мэджик Джонсон

Табысы: $1,6 млрд

Жасы: 66 жаста

Азаматтығы: АҚШ

Мэджик Джонсонның табыс тарихы да өзінше бір мектеп. ҰБҚ-да ойнаған жылдары ол 40 миллион доллар табыс тапса, ал демеушілік келісімдерден түскен табысы 4 миллион доллар шамасында болған.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Earvin "Magic" Johnson (@magicjohnson)

Алайда ол миллиардерлер клубына спорттық карьерасын аяқтаған соң сенімді түрде кірді. Джонсон бизнестегі алғашқы ірі қадамдарын «Лос-Анджелес Лейкерс» клубының акцияларын сатып алудан бастады. 1994 жылы ол клубтың 4,5 пайыз үлесін 10 миллион долларға алып, 2010 жылы бұл үлесін 29 миллион долларға сатты. Сонымен қатар ол Starbucks брендімен бірлесіп, АҚШ-тағы афроамерикалықтар тұратын аудандарда 100-ден астам кофехана ашып, кейін бұл жобаны 75 миллион долларға тиімді түрде өткізді.

Осы табысының арқасында Джонсон «Лос-Анджелес Доджерс» бейсбол клубының 2,3 пайыз акциясын 50 миллион долларға сатып алды. Бүгінде бұл үлестің құны екі еседен астам өсіп отыр. Ол бұдан бөлек, «Вашингтон Коммандерс» (NFL), «Лос-Анджелес Спаркс» (WNBA) және MLS лигасындағы «Лос-Анджелес» клубы секілді бірнеше спорт ұйымына инвестиция салған.

Ал қазір оның негізгі капиталы 2015 жылы сатып алған Equitrust сақтандыру компаниясындағы бақылау пакетіне тиесілі. Бұл компанияның құны бүгінде ондаған миллиард доллар деп бағаланады.

Тайгер Вудс

Табысы: $1,5 млрд

Жасы: 50 жаста

Азаматтығы: АҚШ

Тайгер Вудс – әлемдегі ең танымал гольфшылардың бірі ғана емес, табысты кәсіпкер екені де белгілі. Оның байлығы 1,5 миллиард долларға жуықтайды. Вудс кәсіби мансабында шамамен 1,9 миллиард доллар табыс тапқанымен, оның қаржылық әлеуеті одан да жоғары болуы мүмкін еді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Sun Day Red (@sundayred)

Мәселен, ол LIV Golf турнирінен түскен қомақты ұсыныстан бас тартқан. Бұрынғы бас директор Грег Норман бұл келісімшартты «тоғыз таңбалы сома» деп сипаттаған. Соған қарамастан, Вудс өз бағытын өзгерткен жоқ.

2021 жылы ауыр жол апатына ұшырап, ұзақ уақыт бойы толыққанды ойнай алмаса да, 2022 жылы оның байлығы алғаш рет 1 миллиард доллардан асты. Бұл жетістікке ол негізінен жарнамалық келісімдер мен бизнес жобалар арқылы жетті.

Соңғы жылдары Вудс бизнеске ерекше көңіл бөліп келеді. Ол гольф жұлдызы Рори Макилроймен бірге TGL лигасының негізін қалады. Сонымен қатар TGR Design, TGR Live секілді компанияларды дамытып, The Woods мейрамханасын ашты. TGR Ventures арқылы әлеуеті зор бірнеше жобаға инвестиция салды, олардың қатарында Full Swing, Heard және PopStroke бар.

Әрине, оның табысының негізгі бөлігі Gatorade, Monster Energy, TaylorMade, Rolex және Nike сияқты әлемдік брендтермен жасалған жарнамалық келісімдерден түседі.

Леброн Джеймс

Табысы: $1,4 млрд

Жасы: 41 жаста

Азаматтығы: АҚШ

Ал Леброн Джеймс – қазіргі спорттағы ең ықпалды тұлғалардың бірі. Ол 2022 жылы-ақ миллиардер атанып, ҰБҚ тарихында бұл межеге жеткен алғашқы ойыншы атанды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от 👑 (@kingjames)

Джеймстің байлығы 1,4 миллиард доллар деп бағаланады. Оның табысы тек алаңдағы жетістіктермен шектелмейді. Ол Nike компаниясымен өмір бойына келісімшартқа отырған, бұл келісімнің құны 1 миллиард доллардан асады. Сонымен қатар PepsiCo, Beats by Dre сынды ірі брендтермен жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, Джеймстің Fenway Sports Group құрамындағы үлесі арқылы «Ливерпуль» футбол клубы мен «Бостон Ред Сокс» бейсбол командасына қатысы бар. Ал SpringHill компаниясы арқылы кино және медиа индустриясында табысты жобалар жүзеге асырып келеді.

Қазіргі таңда оның ҰБҚ-дағы жалақысының өзі 500 миллион доллардан асып кеткен. Ең бастысы, ол әлі де мансабын аяқтаған жоқ, демек оның байлығы алдағы уақытта арта түсетіні анық.

Роджер Федерер

Табысы: $1,1 млрд

Жасы: 44 жаста

Азаматтығы: Швейцария

Роджер Федерер 20 жылға жуық созылған карьерасында 20 рет Үлкен дулыға турнирлерінде топ жарды, Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының рейтингінде 310 апта бойы көш бастап тұрса, соның ішінде қатарынан 237 апта бойы бірінші ракетка атағын сақтап қалған. Әзірге Федерердің бұл нәтижесін ешкім қайталай алған жоқ. Мансабын аяқтаған соң араға үш жыл салып жаңа межеге қол жеткізді: Forbes нұсқасы бойынша теннисшілер арасында алғаш болып миллиардер атанды.  

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Australian Open (@australianopen)

Роджер Федерердің миллиардер атану жолы классикалық спорттық сценарийден өзгеше. Ол негізгі табысты теннистен емес, инвестициядан тапты. Атап айтқанда, швейцариялық On спорттық брендіне ерте кезеңде қаржы құюы оның ең сәтті шешімдерінің бірі болды. Бұл брендтің қарқынды дамуы Федерердің байлығын еселеп, оны миллиардерлер қатарына қосты.

Леброн Джеймс пен Тайгер Вудс та осы модельдің жарқын мысалдары. Олар өз есімдерін әлемдік брендке айналдырып, спорттан тыс табыс көздерін тиімді игерді.

Жалпы, бұл спортшылардың жетістігінен мынадай ой түйесің: бүгінгі таңда чемпион болу спортта жеңіске жетумен ғана шектелмейді. Сондықтан дұрыс стратегия құрып, қаржылық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану да өте маңызды.

Бұған дейін зумерлер Олимпиада ойындарын қалай өзгерткені туралы жазғанбыз. Сонымен қатар бір отбасынан шығып, 2026 жылғы Олимпиадада чемпион атанған спортшылар туралы мына сілтеме арқылы оқи аласыздар