©El.kz/Артем Чурсинов

Миға ең зиянды өнімдер анықталды

АҚШ-та жүргізілген жаңа зерттеу ультраөңделген ет өнімдері мен құрамында қант мөлшері жоғары сусындардың ми денсаулығына ең зиянды фастфуд түрлері екенін көрсетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Вирджиния Технологиялық университетінің ғалымдары жүргізген зерттеуге сәйкес, күніне осы өнімдердің қосымша бір порциясын тұтыну когнитивті бұзылыстардың даму қаупін едәуір арттырады. Мұндай бұзылыстардың қатарына деменция, соның ішінде Альцгеймер ауруы да кіреді.

Зерттеушілер Мичиган университетінің зейнет жасына қатысты денсаулық деректерін пайдаланып, 55 жастан асқан 4750 америкалықты 7 жыл бойы бақылаған. Қатысушылардың когнитивтік көрсеткіштері 2014-тен 2020 жылға дейін әр екі жыл сайын бағаланып отырған.

Қантты сусындар мен ультраөңделген ет өнімдері

Нәтижелерге сәйкес, күн сайын жануар текті ультраөңделген тағамдардың (мысалы, шұжық, салями, дайын етті пицца) бір қосымша порциясын жеген адамдарда когнитивті бұзылыстар қаупі 17 пайызға артқан.

Құрамында қант көп сусындар (газды сусындар, тәтті мұзды шай, жеміс дәмі бар сусындар) үшін бұл көрсеткіш сәл төмен болғанымен, қосымша бір порция ішкендердің тәуекелі 6 пайызға көбейген.

Бір қызығы, зерттеу ультраөңделген тағамдарды тұтыну когнитивті бұзылыстармен тікелей байланыстың жоқтығын көрсеткенімен, ет өнімдері мен тәтті сусындар миға ең зиян әсер ететін топ ретінде ерекшеленді. Ал тәттілер, снектер, жарма өнімдері мен сүтті жартылай фабрикаттардың мұндай тәуекелге қатысы жоқ болып шықты.

Зерттеу авторларының бірі, Вирджиния технологиялық университетінің диетология профессоры Бренда Дэви тамақтанудағы тепе-теңдіктің маңызын атап өтті:

Өзгертуге болатын нәрселер бар. Ең бастысы – бұл мөлшерді сақтау және саналы, теңгерімді тамақтану, – деді ол.

Зерттеуге сәйкес, 2020 жылы америкалық отбасылар сатып алатын тағамдардың 65 пайызы, ал сусындардың 38 пайызы – ультраөңделген өнімдер. Сонымен қатар, жастар да, егде жастағылар да күнделікті калорияның жартысынан көбін дәл осы тағамдардан алады.

Адам әлеуетін дамыту жөніндегі маман, Вирджиния технологиялық университетінің қызметкері Бен Кацтың айтуынша, дұрыс тамақтануға қол жеткізудің маңызды тетіктерінің бірі – тамақ дайындау дағдыларын үйрету:

Диета ұстану бір бөлек, ал адамдарға сол тағамды дайындауды үйрету – мүлде басқа деңгей, – дейді ол.

Мамандардың пікірінше, ми денсаулығын қорғаудың ең қарапайым әрі тиімді қадамдарының бірі – ультраөңделген ет өнімдері мен қантты сусындарды азайту.

Зерттеу нәтижелері American Journal of Clinical Nutrition журналында жарияланды.