unsplash.com

Миды «қоректендіретін» азық-түлік өнімдері анықталды

Адам ағзасындағы ең күрделі әрі маңызды мүшелердің бірі – ми. Ол денеге түскен энергияның шамамен төрттен бір бөлігін пайдаланады. Сондықтан күнделікті тұтынатын тағам сапасы ми қызметіне тікелей әсер етеді. Не жесең, миың да соған сәйкес жұмыс істейтінін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп қойған.

Медицина саласындағы зерттеулерге сүйенсек, кейбір өнімдер ойлау, есте сақтау және зейінді арттырса, енді бірі, керісінше, мидың жұмысын баяулатып, когнитивтік қабілетті әлсіретуі мүмкін. Мәселен, жүйке талшықтарын қорғайтын миелиннің түзілуіне қажетті заттар жетіспесе, ақпараттың берілуі тежеледі. Ал дұрыс тамақтану миды «жандандырып», есте сақтау қабілетін жақсартады.

Ми жұмысын күшейтетін тағамдар

Мидың саулығы үшін ең басты қағида – әртүрлі әрі теңгерімді тамақтану.

Жемістер. Цитрус жемістері – апельсин, лимон, грейпфрут – С дәруменіне бай. Бұл дәрумен миды тотығу стресінен қорғайды. Кейбір зерттеулерде цитрус шырынын тұтынатын балалардың оқу үлгерімі жоғары болатыны анықталған. Ал алма секілді жемістер жаңа нейрондардың түзілуіне ықпал етеді.

Жидектер. Қаражидек, көкжидек секілді қара түсті жидектер антиоксиданттарға бай. Олар миды бос радикалдардың әсерінен қорғап, есте сақтау қабілетін арттырады.

Жасыл жапырақты көкөністер. Шпинат, брокколи, жапырақты қырыққабат құрамында К дәрумені, лютеин және фолат бар. Бұл заттар есте сақтау, зейін қою және жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі үшін аса маңызды.

Дәнді дақылдар. Толық дәндер күрделі көмірсулар мен В тобы дәрумендеріне бай. Олар миға тұрақты энергия беріп, шаршауды азайтады.

Бұршақ тұқымдастар. Төмен гликемиялық индексінің арқасында қандағы қант деңгейін тұрақты ұстап, көңіл күй мен ойлау процесін реттейді.

Балық. Омега-3 май қышқылдарына бай майлы балық ми үшін аса пайдалы. Сонымен қатар В12 дәрумені жүйке жүйесінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді.

Шай мен кофе. Кофеин зейінді арттырып, көңіл күйді жақсартады. Ал шай құрамындағы теанин дофамин деңгейін көтеріп, адамға сергектік сыйлайды.

Жаңғақтар. Әсіресе грек жаңғағы омега-3-ке бай. Ол когнитивтік функцияларды жақсартады. Ал фундуктағы триптофан жақсы ұйқыға көмектеседі.

Көңіл күйге әсер ететін тағамдар

Тамақ тек денеге емес, эмоцияға да әсер етеді. Себебі ол нейротрансмиттерлердің жұмысын реттейді.

Мысалы, шоколад эндорфин – «бақыт гормонының» бөлінуіне ықпал етеді. Банан, ірімшік және жасыл көкөністер дофамин деңгейін арттырып, көңіл күйді көтереді. Ал саңырауқұлақтардағы D дәрумені күйзелісті азайтуға көмектеседі.

Стресті азайтатын өнімдер

Қандағы қант деңгейінің күрт өзгеруі адамның жүйкесіне әсер етеді. Ал бұршақ, дәнді дақылдар мен жемістер бұл көрсеткішті тұрақты ұстап, тыныш күйді сақтауға көмектеседі.

Ғалымдар авокадо, апельсин, теңіз өнімдері, жұмыртқа, жаңғақтар мен жидектердің мазасыздықты азайтуға ықпал ететінін айтады. Ал түймедақ шайы мен жасыл шай жүйкені тыныштандырады.

Жақсы ұйқы – мидың «қайта жүктелуі»

Мидың толыққанды жұмыс істеуі үшін сапалы ұйқы аса маңызды. Кейбір тағамдар ұйқыны жақсартуға көмектеседі. Олардың қатарында:

  • сүт өнімдері
  • дәнді дақылдар
  • жұмыртқа
  • жаңғақтар
  • теңіз өнімдері

Бұл өнімдердің құрамындағы триптофан ұйқы гормонының бөлінуіне әсер етеді.

Мамандар кешкі уақытта ауыр тамақтан бас тартуға кеңес береді. Ұйқыға дейін жеңіл ас – мысалы, алма мен ірімшік немесе тұтас дәнді піспенанның өзі жеткілікті.

Мидың саулығы күнделікті әдеттерге тікелей байланысты екенін ұмытпаңыз. Дұрыс таңдалған тағам тек физикалық емес, психологиялық жағдайға да әсер етеді. Ғылым дәлелдегендей, сапалы әрі теңгерімді рацион ми қызметін жақсартып қана қоймай, адамның өмір сапасын да арттырады.