Нейробиолог Николь Тетро Psychology Today журналында жарияланған мақаласында шығармашылықты дамытудың қарапайым, бірақ тиімді жолдарын ұсынды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Маманның айтуынша, креативтілік тек ойлау икемділігін арттырып қана қоймай, кез келген өмірлік өзгерістерге бейімделуге де көмектесетін маңызды қабілет. Шығармашылықтың арқасында біз стандартты емес шешімдер таба аламыз, сондай-ақ эмоциялық жағдайымызды да жақсарта аламыз.
Бұл құбылыс ғылыми түрде түсіндірілген. Адам шығармашылықпен айналысқанда миы дофамин мен серотонин бөліп, өзін жақсы сезіне бастайды. Ол үшін мына тәсілдерді қолдану керек.
Қолмен жұмыс істеу
Қолмен жасалатын кез келген іс шығармашылықтың бастауы. Бұл саздан мүсін жасау, бау-бақшаны күтіп-баптау, тоқу, сурет салу немесе тіпті ыдыс жуу болсын бәрі де мидың қиялға жауапты бөліктерін оятады. Мұндай әрекеттер кезінде адам миы жаңа байланыстар құрып,
Саналы тыныштық тәжірибесі (медитация, серуен, терең тыныс алу)
Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәтке болса да үзіліс жасап, тыныштықта отыру немесе табиғат аясында серуендеу сананы тазартып, ішкі дүниені реттейді. Медитация немесе терең тыныс алу арқылы адам миы бейберекет ойлардан арылып, шабытқа жол ашады. Бұл тәжірибе шығармашылық идеялардың туындауына қажетті алаңды босатады.
Табиғатпен байланыс
Орман ішінде серуендеу, тауға шығу, көл жағасында отырып ойлану бәрі де шығармашылыққа оң ықпал етеді. Табиғаттың дыбысы, түсі, иісі адам миына тыныштық пен үйлесім сыйлайды. Мұндай сәттерде ой кеңейіп, қиял шексіз бағытта дами түседі. Шығармашылықпен айналысатын адамдар үшін табиғат сарқылмас шабыт көзі.
Физикалық белсенділік
Жүгіру, би, йога, жүзу немесе кез келген қимыл-қозғалыс мидағы эндорфин мен дофамин сияқты «бақыт гормондарының» бөлінуін арттырады. Бұл гормондар көңіл күйді көтеріп қана қоймай, шығармашылық ойлауды да күшейтеді. Қозғалыс кезінде адам бойындағы қысым, уайым сейіледі, ал ашық сана жаңа идеяларды қабылдауға дайын күйге келеді.
Жаңа әсерлер
Күнделікті өмірдің бірсарындығы ойлау жүйесін тежейді. Ал жаңалық ми үшін серпіліс. Мұражайға бару, бұрын болмаған жермен серуендеу, басқа мәдениетпен танысу шаблонды ойлау үлгісін бұзып, жаңа бағыттар ұсынады. Бұл әдіс шығармашылықтың кенеттен ашылатын «есік іспеттес» мүмкіндіктерін туғызады.
Еркін ойын мен шығармашылық тәжірибе
Жоспарсыз, мақсатсыз, таза қызығушылықтан туған әрекет балаша еркін ойнау немесе сурет салу, әуесқой музыка жазу, бір нәрсені қайта құрастыру шығармашылықты шектеулерден босатады. Осындай «ойын» кезінде адам миы тәжірибе жасап көруге, қателесуге және жаңа шешімдер табуға мүмкіндік алады. Бұл нағыз креативті ойлаудың қайнар көзі.
Өнер күні
Көркемөнер галереясына бару, спектакль тамашалау, концерт тыңдау адамды басқа әлемге жетелейді. Өнер туындылары санаға әсер етіп, жаңа ой тудырып, эмоциялық күйге әсер етеді. Мұндай тәжірибелер шабыт беріп қана қоймай, өмірге жаңа көзқараспен қарауға көмектеседі. Сондықтан айына бір күнді «өнер күні» деп белгілеп, өзіңізге рухани сый жасаңыз.

